Тараз қаласында каратэден республикалық ашық чемпионат өтті. Тартысты додада қаламыздағы «Zanshin» клубының спортшылары да бақ сынап, жүлделі оралды. Бұл туралы аталған клубтың жаттықтырушысы Нұржан Тоқсанов хабарлады.
Екі күнге созылған жарыста 400-ден астам спортшы өнер көрсетті. Оның ішінде «Зан-шиндік» Линда Утарбаева(9 жас) алтын, Замир Гугуев(14 жас) күміс, Еркебұлан Мағалым(8 жас), Әлішер Сафуанов(8 жас) қола жүлдені еншіледі.
- Балаларымыздың бұл жеңісі – жасалынып жатқан жұмыстың, дайындықтың нәтижесі. Клуб құрылғалы спортшыларымыз оң нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр Линда Утарбаева Азия чемпионы атанды. Міне, биыл да Линда мықтылығын танытты. Сонымен қатар 2016 жылы Нұрислам Қайырғали және Арсен Кулов республикалық чемпионаттың жеңімпазы болды. Спортшыларды Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Ахметов екеуміз баулимыз.
Алда спорттық жарыстар көп. Оның ішінде жазғы ойын жарыстары бар, каратэден лагерьлер ашу жоспарда. Сонымен қатар күз айында Теміртау қаласында өтетін чемпионатқа дайындалудамыз, - дейді Н.Тоқсанов.
Айта кетейік, «Zanshin» каратэ клубы 2014 жылдан бері жұмыс жасайды. Қазір бұнда 80-дей қатысушы төрт топқа бөлініп жаттығады.
Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz