11.03.2020, 11:01
Оқылды: 65

Оралдық тергеуші бір жылда 40-тан астам қылмыстық істі тергеген

Тергеуші мамандығы қашан да шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап еткен. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, істі жан-жақты зерттейді. Адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Tergeushi (1)

Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Ал полиция қызметінде тергеушілік ісіне ғұмырын арнаған жеке адамдардан бөлек, тұтастай бір әулеттер де аз емес.

Осындай жігерлі мамандарымыздың бірі – БҚО полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны Сырымбек Жұмалиев.

– Мен мектепті бітірген соң, көп ойланбастан осы мамандықты таңдадым. Оның маңыздылығы мен халыққа жақындығы мені қызықтырды. 2012 жылы Алматы қаласы ҚР ІІМ Алматы академиясына түсіп, тергеу саласы бойынша білім алдым. Алғашқы еңбек жолымды Орал қалалық полиция басқармасында тергеу бөлімінде тергеуші қызметінен бастадым. Осы салада 8 жылдай қызмет атқарып келемін.

Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестерімнен тәжірибе жинақтадым. Алдыңнан түрлі санаттағы қылмыстық істердегі күдікті қылмыскермен тілдескенде бірінші кезекте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты сезінесің. Көпшілігі өздері істеген қылмыстарын мойнына алмайды. Жасаған қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарымен тергеп, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттегенде ғана істің соңғы нүктесі қойылады, – дейді аға тергеуші Сырымбек Қамидоллаұлы.

Tergeushi (1)

2017 жылы қыркүйек айында Орал қаласында жалдамалы пәтердің бірінде үш адамды бірдей, оның ішінде екі әйел мен 3 жасар кішкентай баланы асқан қатыгездікпен бірнеше рет пышақтап өлтірген күдіктіге қатысты қылмыстық істі тергеу жұмысы Сырымбекке табысталды. Істі жан-жақты тергеу барысында күдіктінің кінәсі толығымен дәлелденіп, сотқа жолданды. Сот барысында тергеу барысында айтылғанның бәрі әшкереленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Тәжірибе барысында мұндай жазаның берілуі алғаш рет болатын.  Осы іс жас тергеушінің есінде қалды.

Өткен жылы 40-тың үстінде қылмыстық іс болды, соның ішінде 8 аса ауыр, 3 орташа дәрежедегі, 30 ауыр қылмыстар тергеліп, сотқа жолданған еді. Былтыр Қаратөбе ауданында 2015-2018 жылдар аралығында мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Тергеу барысында 28 жәбірленуші анықталды, Аталған фактіге сәйкес үш күдікті анықталып, оларға қатысты тиісті жазалар қолданылды.

Жас тергеуші Сырымбек аса маңызды қызметтің қызу ортасында жүріп, бірнеше қылмыс бойынша тергеу амалдарын жүргізді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ІІМ тарапынан көтермелеуге ұсынылып, БҚО ПД басшылығы тарапынан алғысхатпен марапатталды.

Әдетте, тергеушінің қызметтік міндеттері үш арнадан бастау алады. Біріншісі – процессуалдық нормалар. Екінші – тактикасы, тергеуші қылмысты із суытпай тез арада ашып, кінәліні анықтау мақсатында өзінің тактикалық жүйесін, әдіс-тәсілін күні бұрын анықтап қоюы керек. Ал үшіншісі – әдептілік қағидалары. Тергеушілердің тегеуріні мықты болуы керек. Ол – қылмыскерді іздеп тауып, олармен бетпе-бет тілдесетін, бар кінәсін бұлтартпайтын айғақтармен мойындататын маман. Тергеуші мамандығы қызметте сауаттылық пен білімділікті, ой ұшқырлығы мен төзімділікті талап етеді. Тергеушінің негізгі қағидаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Ең алдымен адамның жан дүниесін әбден біліп алуға міндетті. Ал тергеушінің түпкі тұтқасы – оның әдептілігі мен кәсібилігі.

– Тергеуші өз жұмысында жағымсыз фактілермен жиі кездеседі, сондықтан да эмоционалды тұрғыдан тұрақты, ұстамды, төзімді болуы тиіс. Заңды жақсы меңгеріп, қылмыстық-процестік заңнаманы жақсы білуі және олардың талаптарын сақтауы міндетті, – дейді сөз соңында Сырымбек Қамидоллаұлы.

Асылай Губашева

БҚО ПД баспасөз қызметкері

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале