18.06.2024, 11:30
Оқылды: 116

Оралдық жігіттер әскерге аттанды

Таяуда ҚР Ұлттық ұланына қарасты 5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын  өтеуге аттанып бара жатқан сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

6C954C5D-30AA-4A64-B741-E57E5AB26B5D

– Сарбаздарды шығарып салу рәсімін өзгеше сипатта ұйымдастырған №5517 әскери бөліміне рақмет! Бұл шара сарбаздарды әскери өмірге моральдық тұрғыда дайындау мақсатында өткізіліп отыр. Әскерге бара жатқан 25 сарбаздың Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып, аман-есен оралатынына сенемін. Әскерден келгеннен кейін ҰБТ тапсырмай-ақ, еліміздегі 74-тен астам жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бар. ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсетілуде. Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жүктелген жауынгерлік міндетті абыройлы атқарып келеді, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұқанов.

Өз кезегінде 5517 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов әскери өмір жайлы аз-кем сөз қозғады. Сарбаздардың ата-аналары атынан Гүлсім Шаяхметова мен Гүлшат Искакова ақ тілектерін айтып, күні ертең-ақ сапқа тұрып, сарбаз болатын ержігіттерге сәттілік тіледі. «Батыс Қазақстан облысы бойынша таулы Карабахтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестіктің мүшесі Әсет Жұмағалиев сарбаздарға сыйлықтар ұсынды.

5D8C24B1-1A90-47D7-8C08-B5E74006A036

5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 1-жедел мақсаттағы батальонының 1-рота сарбазы, қатардағы жауынгер Бекәлі Ерболат жауынгердің мақсат-міндеттері жайында ой бөлісті.  

Салтанатты іс-шара барысында жауынгерлер қоян-қолтық күрес әдістерін көрсетті. Қоян-қолтық күрес әдістері қарсыласты ұстау, шабуылдан қорғануға бағытталған. Оған қоса жауынгерлердің бойындағы батылдықты, қайсарлықты, жігерлілікті оятып, тез шешім қабылдауға жетелеп, өз-өзіне деген сенімділігін арттырады. Бумер есімді қызметтік иттің иесіне деген адалдығына куә болдық.

Ол жауынгердің айтқандарын бұлжытпай орындады. Сондай-ақ сарбаздарға патриоттық-эстетикалық тәлім-тәрбие беру мақсатында 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрі жастардың рухын асқақтататын әндерді орындады.

Марлен Ғилымхан

Суреттерді түсірген Мәди Салық

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале