19.02.2020, 18:49
Оқылды: 86

Оралдықтар Еуразия даңғылына ұлы Абайдың есімін беруді қолдады

Бүгін ұлы Абайдың есімін Орал қаласындағы Еуразия даңғылына беру  мәселесі ұсынылған қалалық ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Қала әкімі Абат Шыныбековтің төрағалығымен өткен жиынға қалалық мәслихат депуттары, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың басшылар, этномәдени қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ білім беру саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды жүргізген қала әкімі Абат Абайұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл Абайдың 175 жылдығы өңірімізде кеңінен тойланатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мерейтойға арналған шаралар Орал қаласында салтанаты түрде ашылғанын және Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалынан қаладағы күретамыр көше Еуразия даңғылына Абайдың есімін беру туралы  ұсыныс түскенін жеткізді.

-Мемлекет басшысының тапсырмасымен, халықтың қолдауымен Абайдың 175 жылдығы елімізде жоғары деңгейде аталып өтілуде. Барлық ұлттың ұлылары секілді біз де Абайдың есімін жаңғыртып, құрметтеу мақсатында қаладағы басты көшелердің біріне оның есімін беруді ұсынамыз. Кеңес дәуірінде Абайдың әкесі Құнанбай дәулетті, бай болғандықтан есімі ұлықталмады. Ақын ретінде айтылғанмен, ұлттың ұлы перзенті ретінде танылған жоқ. Енді тәуелсіз мемлекетімізде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай оның есімін Еуразия даңғылына беруді ұсынамыз. Бұл ұсынысымды оралдықтар қолдайды деп ойлаймын. Қазақтың бас ақынының есімін беру арқылы біз шын талантқа, ұлттың біртуар перзентіне құрметімізді көрсетеміз,- деді белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының басшысы Ақұштап Бақтыгереева.

Ұсынысты жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады. Айта кетсек, Еуразия даңғылында 250-ден астам көп қабатты тұрғын үй, 100-ден астам бизнес субьектісі мен білім беру, құқық қорғау, төтенше жағдайлар саласының 20-дан астам нысаны бар.

         Гүлсезім БИЯШЕВА,

         zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале