3.04.2021, 11:04
Оқылды: 1762

Оралдың әр ғимараты – тұнған тарих

Орал қаласы қазақ елінің ежелгі қалаларының бірі болғаны тарихи архитектуралық артефактілер арқылы дәлелденіп отыр. Бұл жөнінде жергілікті тарихшылар, өлкетанушылар мен археолог ғалымдар ғылыми тұжырымды еңбектерін жария етті. Көне қала ретінде  қала құрылысының ежелгі комплексі сақталған, сондықтан да қаламыздағы тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштер XVIII-XIX ғасырдың куәсі ретінде аса бағалы.

Көне шаhардың Шаған мен Жайық өзендерінің тоғысқан тұсындағы тарихи бөлігінде сән түзеген сәулет өнері ескерткіштеріне қарап, ашық аспан астындағы музей іспеттес.

miniaturaКеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей орналасқан ғимарат - Александр Ванюшин үйі 19 ғасырдың сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Үш қабаттан тұратын бұл ғимараттың кірпіштен қаланған жертөлесі бар. Шатыры - металдан. Бұл  қаламыздағы 19 ғасырдың екінші жартысында шығыс архитектурасының ұлттық үлгісінде салынған ең ерекше ғимарат болып есептеледі. «Бұл ғимаратта (1937-1940 жж.) Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиев оқыған» деген жазуы бар мемориалдық ескерткіш қойылған. Ғимарат тарихи және архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты орыс-қазақ қолөнер мектебі үшін 1879 жылы арнайы салынған. Бұл Қазақстандағы осындай типті бірінші оқу орны. Ғимарат мавритан стилінде салынған (сүйір терезе ойығы, шатыр тіректеріндегі күмбездер және мұнара). Ғимарат екі қабатты және  жартылай жертөле бөлмесі орналасқан. Ғимаратта әртүрлі саладағы оқу орындары мен ұйымдар орналасқан. Алғашқы кездерде екі жылдық орыс-қазақ мектебі болған. Бұл жерде ұлдарды сауатты болуға сонымен қатар ағаш ұстасы, темір соғу және слесарьлық істеріне оқытқан. Азамат соғысы кезінде 1919 жылдың аяғынан бастап бұл ғимаратта облыстық әскери коммиссариат орналасқан. 1920-1930 жылдары оқу сыныптары, интернат, асхана клубтары бар Орал кәсіптік техникалық мектебі кейін ғимаратты №75 қалалық профессионалдық техникалық училище болған. 1963 жылы ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтына берілген. 1973 жылғы сәуірде Орал облыстық атқару комитетінің шешімімен ғимаратқа мәдениет басқармасы көшіп келді. Қазіргі уақытта бұл ғимаратта облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан.

muzei-tyni-350x311Әскери шаруашылық басқармасының ғимараты 1838 жылы Орал қаласына Петербургтан шақыртқан  итальяндық әскери сәулетші, Дильмединоның жобасымен салынды. Кейіннен осы ғимаратта әскери мұрағат болған. Қазіргі уақытта бұл ғимаратта Х.Есенжанов атындағы  балалар мен жасөспірімдер кітапханасы орналасқан.

Облыстық ішкі істер департаментінің госпиталь ғимараты (бұрынғы атамандар үйі). Ғимаратты 1825 жылы әскери сәулетші М.Дильмединоның италияның «палаццо» стилінде салынған. Үй 1830 жылдарға дейін атаман Д.М.Бородинге тиесілі болған.Атаман М.Бородин қайтыс болған соң, оның мұрагерлері әскери қазынаға сатқан. Ғимарат1917 жылға дейін Орал казак әскери атамандарының резиденциясы болды. Осы үйде Ресейдің болашақ императорлары Александр ІІ, Николай ІІ, сонымен қатар А.С.Пушкин (1833) осы үйде тоқтап, Е.Пугачевтың басшылығымен 1773-1775 жылдары болған шаруалар көтерілісі туралы деректер жинаған. Бұл деректерді ол «История Пугачева» және «Капитанская дочка» шығармаларында пайдаланған. В.А.Жуковский (1837), В.И.Даль (1830), Л.Н.Толстой (1862). Олардың Оралда болғандығын есте сақтау мақсатында тұрақтаған ғимараттарының қабырғаларына мемориалды тақта орнатылған. 1930 жылы фосадтағы балкондарды, кіреберістегі колонналарды алып тастаған. Соғыстан кейінгі кезеңде бұл жерде пионерлер мен оқушылар үйі болып, оның жанынан Қазақстандағы бірінші планетарий ашылды. Қазіргі уақытта бұл ғимаратта ҚР ІІМ облыстық ішкі істер департаментінің госпиталы және А.С.Пушкин атындағы атындағы музей орналасқан. Бұл ғимарат та ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші ретінде мемлекеттің қорғауында.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан тарихи - ғимарат көпес Александр Карев үйі. А.Карев алғаш рет Орал қаласына ат арбамен келеді. Ол балықшылардың жағаға лақтырып тастайтын ұсақ балықтарын жинап, Жайық жағасындағы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына дейін баруды кәсіп еткен. Карев осы балық аулау маусымында жиналған балықтың мол қорын Ресей қалаларына апарып, саудасын қыздырған. Ол балық саудасынан түскен ақшасына сол кездегі оралдық тұрғындар үшін ең қажетті Ресейден иірілген жіп, арқан тағы сол сияқты тауарлар тасып, жоғары бағамен өткізіп отырған. Сөйтіп, бірте-бірте қаржы қорын жинаған көпес А.Карев 1900 жылы Орал  қаласында дүкенімен бірге екі қабатты үй тұрғызуды бастайды. Алайда тағдыр оған бұл үйдің құрылысын аяқтауды жазбайды. Ол қалың орманнан құрылысқа қажетті ағаш дайындау кезінде ағаш астында қалып, қайтыс болады. Оның әйелі Кариха үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, 3 қабатты үй тұрғызады. Сөйтіп қала ортасында алыстан көз тартатын әдемі биік А.Карев үйі бой көтереді. Сол кезде қазақтар бұл зәулім үйді «Нар үй» немесе «Дом верблюд» деп атаған. Карев үйі үш қабатты, оның қас келбеті жарты колоннамен, жақтаулармен, сәулет белдеулерімен, ал оның шатырмен жабылған төбесі ойылған ағаш терезелерімен безендірілген. Үйдің ең әдемі архитектуралық бөлшектері- балкондары ортадағы үлкені және жанындағы екі шағыны. Шатырмен жабылған әшекейленген төбенің үстінде франтонда «1900» деп салынған жылы көрсетілген.

KarevКеңес үкіметі тұсында 1917 жылы Қазан төңкерісіне дейін бұл ғимаратта бірнеше дүкен, екінші қабаты ресторан және офицерлер клубы, үшінші қабаты қонақ үй болған. 1923 жылы қараша айында Орал қаласына келген халық комиссарлар Кеңесінің  төрағасы, қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллиннің осы қонақүйде тоқтағаны жөнінде мәліметтер бар. Қазіргі уақытта Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы және Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана орналасқан.

Қаламыздағы тағы бір сәулет ескерткіштерінің бірі- алғашқы коммерциялық банк үйі. Қазақстанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысында капиталистік қатынастардың дамуына байланысты тұрғызылған бұл ғимарат – қазіргі облыстық әкімшілік үйі. Деректерге қарағанда ғимарат 1896 жылы «ампир» стилінде сәулетші Александр Бунькиннің жетекшілігімен тұрғызылған. Құрылыс жұмысына мәскеулік белгілі теміржол құрылысшысы Николай Раевский басшылық еткен. Орыс сауда- өндірістік коммерциялық банк үйі үш қабатты. Төменгі жер асты қабаты, екінші жаяу адам жүретін жолмен деңгейлес болды. Бұл екінші қабатқа дүкен, ал үшінші қабатқа банк және биржа орналасады. Жоба бойынша  құрылысқа 22000 сом қаржы бөлінеді. Орал қаласында тұңғыш рет бұл үйге орталық жылу құбыры, желдеткіштер, электр желісі тартылады. Коммерциялық банк үйінің қас бетіндегі әдемі өрнектердің авторы салқын қақтаудың шебері Павел Лаптишкин. Ал осы ғимаратқа кіретін есік алдындағы бағаналардың арасына орналастырылған екі арыстан мүсіндерінің авторы – Николай Гаврилович Калентьев. Сөйтіп, ХІХ ғасыр соңында бұл ғимарат қаладағы алғашқы әмбебап үй болды деп айтуға болады. Қазақстан  тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық әкімшілік үйіне айналды.

Михаил Архангел шіркеуі 1740-1751 жылдары салынған. Орал қаласындағы бірінші тас ғимараттардың бірі. Оның негізі 1740 жылы қаланған. Құрылыс 1751 жылы аяқталды. Оның қасында 1744 жылы Е.И.Пугачев жарып жіберген шіркеу мұнарасы болған. Екінші ағаш мұнара 1859 жылы найзағайдан жанып кеткен. Қазіргі тас мұнарасы мен трапезасы 1861 жылы салынды. Шіркеу өзінің сәулетімен ескілігімен облыс аймағынан тыс жерлерге де белгілі. Қазіргі кезде шіркеу ғимараты діндарларға берілді. Шіркеу псков-новгород сәулет мотивтерімен салынған.

Қызыл мешіт ХІХ ғасырдың 70-жылдары салынды. Авторы белгісіз. Мешіттің қатарында 1895-1905 жылдары Ғабдулла Тоқай оқыған бұрынғы медресенің ғимараты тұр. 20 жылдардың аяғында мешіт жабылды. 1936 жылдан 1962 жылға дейін бұрынғы мешіттің ғимаратына мүгедектер үйі орналасты. 1962 жылдан №16 кәсіптік училище, 1974 жылдан СПТУ-35. Қазіргі уақытта ғимарат меценаттар есебінен жаңғыртылып, құдайға сенушілерге берілген. ХІХ ғ діни сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауда тұрған ғимарат.

Мұсылмандар мешіті қалалық базар аумағындағы 1897 жылы Мұртаза Абдуллин деген татар байдың қаржысымен салынған. 1929 жылға дейін мешіт мұсылмандарға қызмет етті. 1930 жылдары мұнда мемлекеттік мекемелер:байланыс бөлімдері, әскери трибунал жұмыс жасады. 1944 жылы мешіт үйі қайтадан бой көтерді. 1997 жылы мешіт ғимараты толық қалпына келтіріліп, мемлекеттік қорғауға алынды.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде салынған (1876-1877жж) бұл ғимаратқа әйелдер гимназиясы орналасқан. Бірінші әйелдер оқу орны.Орал қаласындағы қыздар пансионы 1857 жылы ашылып, 1877 жылы әйелдер гимназиясы болып қайта құрылды. Гимназияда 1910 жылға дейін 20 тәрбиеленушісі бар пансион болды. Азамат соғысы кезінде 1919 жылы Орал шаруалар бригадасының далалық госпиталы, соңынан мектеп, 1930 жылыхалыққа білім беру институты 1932 жылдан Орал педагогикалық институты ал 1938 жылдан қазіргі уақытқа дейін М.Өтемісұлы атындағы БҚУ-дың жаратылыстану факультеті орналасқан.

Қорыта айтқанда, қаламыздың сәнді көркін келтіріп тұрған тарихи-мәдени сәулет ескерткіштерінің тарихи маңызына түсініп, құрметпен қарап, қамқорлық көрсету әрбір азаматтың абыройлы борышы.

Дайындаған Е.Пугачев музей-үйінің экскурсоводы Л.Темирова

 

Пайдаланылған материалдар:

«Орал өңірі», 2006 жыл, 11 сәуір, 3-бет

«Дана» журналы, №8,9, 2018 жыл

«Орал өңірі», 2004 жыл, 15 шілде

«Жайық үні», 17 қыркүйек, 2009 жыл

суреттер ашық дереккөздерден

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале