12.10.2019, 15:33
Оқылды: 984

Оралға келген мәдениет вице-министріне Шәңгерей Бөкеевке кесене тұрғызу туралы ұсыныс айтылды

Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов өңіріміздің мәдениет саласы қызметкерлерімен жүздесті.

ministr sport (3)

Шаралар легі Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының жұмысымен танысудан басталды. Орталықтың жай-күйі жайлы әңгімелеген аталмыш мекеме басшысы Бауыржан Халиолла қонақтарға әдебиет және күйшілер залын, суретшілер бөлмесін, музейді және 5 мыңға жуық қоры бар кітапхананы таныстырды. Орталықтың жұмысына оң бағасын берген вице-министр орталық жанындағы музей мен күйшілер залындағы ақпараттық мәліметтерді үш тілде көрсету, домбырашы, «Күйшілер одағының» облысымыздағы филиал төрағасы Асқар Кенжеғалиевтің идеясынан туындаған электронды домбыраны патенттеп, саттыққа шығару қажеттігін айтты.

1 (87)

Салтанат сарайында мәдениет саласы ардагерлері және қызметкерлерімен өткен кездесуде вице-министр Нұрғиса Дәуешов еліміз бойынша салада атқарылып жатқан ауқымды істермен таныстырып, өңірдегі мәдениет майталмандарының ой-пікірлеріне құлақ түрді. Тіл жанашыры, ақын Шолпан Қыдырниязова мемлекеттік тілге бұрынғыдан да зор көңіл бөлініп жатқандығына ризашылығын білдірді.

1 (94)

Ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев латын әліпбиіне көшу барысында қолданылатын әліпби әлі де жетілдіруді қажет екендігін, мемлекеттік тіл саясатын жандандыру барысында кірме сөздердің қазақша нұсқасын қолданысқа енгізу керектігін баса айтты. Сонымен қатар соңғы екі-үш жылда балаларды орыс мектебіне беру үрдісі қайта белең алып келе жатқандығына алаңдаушылық білдірген азамат «Мемлекеттік тілге деген сенім мен құрмет деңгейін арттырмайынша, ел болашағына сеніммен қарауға болмайды», - деді. М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев талай тарихи оқиғаға куә болған Хан ордасын туристер тамашалайтын нысанға айналдыру, Қаратөбе ауданында жерленген Жәңгір ханның немересі, ақын, аудармашы, Ғұмар Қараштың ұстазы болған Шәңгерей Бөкеевке кесене тұрғызу туралы ұсыныс білдірді. Алдағы жылы ғасырлық тойы тойланатын ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, «Мен – қазақпын!» деп бар қазақтың рухын жаныған Жұбан Молдағалиевке арнап елордада немесе Алматы қаласында еңселі ескерткіш орнату туралы ұсынысты ардагер ұстаз, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы ортаға тастады.

ministr sport (5)

Әр ой-пікірге мұқият көңіл бөлген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы жиында айтылған әр ұсыныс қаперге алынып, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.

Аяужан Кереева

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале