29.11.2024, 18:00
Оқылды: 9

Оралға Мәдениет және ақпарат вице-министрі келді

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында орталық мемлекеттік органдардың басшылары аймақтарға шығып, халықпен кездесіп жатыр. Осыған орай облысқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова жұмыс сапарымен келді. Алдымен облыс басшылығымен кездескен ол кейін «Атамекен» өнер ордасында азаматтық қоғам өкілдерімен жүздесті.

c536da7c-159d-437a-ae3e-3c6e58981541

Басқосуды жүргізген облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадралиев Ақ Жайық өңіріне келген қонаққа қош келдіңіз айтты. Осыдан соң сөз тізгінін ведомство өкіліне берді. Айзада Аманкелдіқызы ұлттық мәдениеттің дамуында Батыс Қазақстан облысының ерекше орын алатынын атап өтті.

Елде бұл саланы өркендету бағытында мәдениет үйлері салынып, ескі ғимараттардың күрделі жөнделіп жатқанын айтты. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының  күрделі жөндеуі министрліктің бақылауында болатынын жеткізді.

6d046c0d-ad1c-41cd-9595-e9ae56785d30

– ҚР Мәдениет және ақпрат министрлігі әдебиет пен руханият саласында іргелі жұмыс атқарып келеді. Мәдениет қайраткерлеріне құрмет көрсетіліп жатыр. Соңғы екі жылда Президент Жарлығымен елдің дамуына елеулі үлес қосқан 9 жазушы және 20 өнер қайраткері «Қазақстанның халық жазушысы» мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын алды. Қандай өнердің болсын түп негізі – әдебиет. Әдебиет дамымай, басқа саланың толық дамуы мүмкін емес. Отандық ақын-жазушыларды ынталандыру әрдайым мемлекеттің жіті назарында, – деген Айзада Аманкелдіқызы кино, БАҚ қызметі салысындағы жұмысты да баяндады.

Кездесуге қатысушылар ведомство өкіліне түрлі ұсыныс-пікірлерін айтты.

123a5f89-bf78-4dbf-a929-9cbe332aaa0f

Вице-министр сонымен қатар БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Өз сөзінде ол ҚХА-ның жұмысын ұйымдастыру ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне жататынын айтты.

«Министрлік Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты іс-шаралар жоспарын жасады. Осы атаулы күнге орай ауқымды жиын-басқосулар өтеді. Негізгі іс-шаралардың арасында Алғыс айту күні, ҚХА-ның XXXIV мерейтойлық сессиясы, кеңейтілген кеңестер мен конференциялар және басқалар бар. Сонымен бірге әрбір этномәдени бірлестік мерекелік кештер өткізеді», - деген Айзада Аманкелдіқызы елдің ынтымағын сақтауда ассамблеяның рөлі зор екенін атап өтті.

e03ae647-8d76-461b-a66b-c1c4c3a2667f

«Біз өз жұмысымызды Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан құндылықтар аясында үйлестіріп, заңдылық пен тәртіпті сақтап, бірлігімізді нығайтуға міндеттіміз», - деді ол.

Вице-министр Айзада Құрманова тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылады.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Толық ақпаратты «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале