1 наурыз қасиетті Ораза айы басталады. Осы айда қалай пайдалы тамақтанған дұрыс, күнделікті режим қандай болуы керек, иммунитет әлсіреп кетпес үшін не істеуге болады? БҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гастроэнтерологы, облыстық көпбейінді аурухананың гастроэнтерологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнар Мұқанова жауап берді.
Фото: pixabay.com
Ағзаны оразаға қалай дайындау керек?
- Ораза – адам ағзасына оң әсер ететін рухани әрі физикалық тазару кезеңі. Дегенмен күні бойы аш жүріп, кешкісін пайдалы тамақтанбау денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан ауыз бекітерде және ауыз ашқанда пайдалы, құнарлы тағамдарды тұтыну өте маңызды.
Ораза басталмай тұрып, ағзаны біртіндеп бейімдеу қажет. Ол үшін тамақтану режимін реттеу – ораза алдында үш уақыт тамақтанудан екі реттік асқа көшу ағзаның үйренуіне көмектеседі.
Фаст-фуд, майлы және тәтті тағамдарды азайту – бұл ішек-қарын жүйесін тазалап, артық салмақ қосудың алдын алады. Суды жеткілікті мөлшерде ішу – ораза ұстауға бір апта қалғанда күніне 2-2,5 литр су ішуді әдетке айналдырған жөн. Көкөніс пен жеміс-жидекті көбейту – ішек жұмысы жақсарып, қажетті дәрумендермен қамтамасыз етеді, - дейді маман.
Иммунитетті қалай түсірмеуге болады?
Ораза кезінде иммунитет әлсіреп кетпеуі үшін маманның айтуынша ақуыз бен дәруменге бай тағамды тұтыну қажет.
- Ет, жұмыртқа, жаңғақ, көкөністер ағзаға пайдалы. Майлы, қанты бар тағамдардан бас тартқан жөн. Олар ағзаға ауырлық түсіріп, әлсіздік тудырады. Дұрыс ұйықтау да маңызды. Түндегі демалыстың жеткіліксіз болуы иммунитетке кері әсер етеді. Қозғалысты шектеуге болмайды. Жеңіл физикалық жаттығулар істеп, серуендеу қан айналымын жақсартады, - деді дәрігер.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz