12.10.2023, 10:30
Оқылды: 140

Орманға һәм орманшыға да қамқорлық қажет

 

15 қазан– Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні

 

Қазанның үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Қайрат Есенғалиевпен жүздесіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстық.

 

Сонау 1936 жылы құрылған мекемеге қарасты орман қоры облыстың солтүстік бөлігін, яғни Теректі және Бәйтерек аудандарының, Орал қаласының солтүстігін алып жатыр. Орманның аумағы – 27 839 гектар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді ауқымды көгалдандыру мақсатында берген тапсырмасы бар. Соған сәйкес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы 5 жылда орман алқабында 2 млрд ағаш отырғызуы тиіс. Орал орман шаруашылығындағылар болса, биыл 505 гектарға ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Қайрат Ерланұлының айтуынша, мұндағы ағаш егетін топырақ екі жылдық қара пар жүйесімен дайындалады. Бұл дегеніміз – күзде жыртылған жер көктемде ағаш егерде көң шашып қайта өңделеді, тырмалап қопсытылады. Бұл жұмыстың барлығы механикаландырылған.

Мемлекеттік орман қорында ақ терек, көк терек, кәдімгі емен, қарағай, шаған, үйеңкі, қараағаш жайқалып тұр. Бір айта кетерлік жайт, Қазақстан бойынша Батыс Қазақстан облысындағы орманда кәдімгі емен (quercus robur) өседі. Қызыл кітапқа енген бұл ағаш Жайық өзенінің жайылмасында, онда да Бәйтерек, Бөрлі және Теректі ауданының солтүстік жағында табиғи жолмен тамыр жайған. Яғни оны ешкім отырғызбаған. Бүгінде кәдімгі емен 124 гектар аумақта өсуде. Сондай-ақ орманда жабайы жануарлардан елік, қабан, қасқыр, түлкі, қоян, суыр, күзен, қарсақ, құндыз, сусар мекен етеді. Жыл сайын бірінші қар түсісімен бұл жануарлардың санағы жүргізіледі.

– Біздің ең басты мақсатымыз – мемлекеттік орман қорын қорғау, сақтау және өсімін молайту. Мекеменің штат кестесі бойынша 79, ал штаттан тыс 35 қызметкер еңбек етіп жүр. Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіндегі күрделі мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Мәселен, мекемеде 6 тракторшы болуы керек, бірақ қазір тек бір тракторшы бар. Жалақы мөлшері төмен болғандықтан, тракторшылармен қатар, өрт сөндірушілер мен өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері де жетіспейді. Бүгінде олардың жалақысы – 70 000 теңге. Орманда топырақ дайындау, ағаш отырғызу, оларды кесу, тасудың барлығы техникамен жасалады. Сондықтан еңбек өнімділігін арттыру үшін орман күзетшілері трактор айдап жүр. Олардың жалақысына тракторшы жалақысының 30%-ын қосып отырмыз. Мәселені әзірше осылайша шешудеміз. Осы орайда айта кету керек, орман күзетшілері таңнан кешке дейін тек орман күзетпейді. Олар ормандағы ағаштарды кесуге, тұқым жинауға, тұқымбаққа көшеттер отырғызуға да атсалысады. Мекеменің тұқымбағында қарапайым жұмысшы күші де тапшы. 15 адам жұмыс істейтін жерде штат бойынша 5-ақ адам еңбек етуде. 2019 жылдан бері «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары орман шаруашылығындағы жұмысқа жіберілмейтін болды. Негізінде, бұл жастардың да көмегі зор еді, – деді Қайрат Ерланұлы (суретте).

қайрат 1

Мекеме директоры кезінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі болған Серікқали Брекешевтің жеке қабылдауында болып, жалақы өсіру жөнінде мәселе көтерген. Одан кейінгі министрді де осы мәселемен құлаққағыс еткен.

Биыл шілденің 1-інен бастап мекеме директорының, оның орынбасарының, орман қорғау инженері, орман патологі, орманды молайту және өсіру инженері, орман өртін сөндіру стансасының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары, орман шебері мен инспекторларының жалақылары 100%-ға көбейді. Қазір орта есеппен алғанда орман күзетшілерінің жалақысы – 180-200 мың теңге. Бірақ осы мекемедегі қиын да қауырт жұмыстарды атқаратын өрт сөндіру стансасының сарбаздары, трактор және аутокөлік жүргізушілері, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, аутокөлік жөндеуші, ағаш құлатушылардың, сондай-ақ қарауылшы, кіші қызметкер,  бас есепші, экономист сынды тағы бірнеше маманның жалақысы көтерілмеген. Былтыр жоғары оқу орнын бітірген жеті жас маман мекемеге жұмысқа қабылданыпты. Биылғы екі түлек орман шебері, біреуі орманшы болып орналасқан. Тағы үш маман «Жастар практикасымен» қызмет етуде.

Жуырда жергілікті бюджет қаражатына техникалар сатып алынып, орманшылар қуанышқа кенеліпті. Мәселен, 4 трактор, үш «УАЗ» автокөлігі, 12 өндірістік құрал-жабдық алынған. Сонымен қатар 56 қол рациясы,  7 көлік рациясы, үш «Водолей» трактор тіркемесі, газ-түтіннен қорғайтын 10 респиратор, сөмкедегі 20 өрт сөндіру құралы да бар.

– Ормандағы өрт – ең қауіпті табиғи апаттардың бірі. Өрттің көбі дала өртінен басталады. Соңғы үш жылда орман алқабында 23 өрт оқиғасы болып, тілсіз жау 2576 гектар аумақты шарпыды. Мысалы, 2021 жылы 18 өрт оқиғасы (2309 га), 2022 жылы бір оқиға (30,8 га) тіркелсе, биыл болған төрт орман өртінде 236 гектар аумақ отқа оранды. Тілсіз жаудың алдын алу бойынша жыл сайын шаралар алынады. Минералдандырылған жолақтар салу, орман соқпақтарын кесу-тазарту, орман жолдарын жөндеу, орман алқабын ағаш қалдықтарынан тазарту, қураған ағаштарды кесу сынды жұмыстар атқарылады. Табиғат аясында демалушыларға орман өрті қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде ескертпе қағаздар таратылады. Осы орайда орманға қатысты заңнама талаптарын бұзған адамдардың ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапқа тартылатынын айтып өткім келеді. Мысалы, былтыр 99 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жыл басынан бері табиғат заңнамасын бұзған 55 дерек анықталып, осынша адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді мекеме директоры. Бұл заңбұзушылықтарға жеке тоқталар болсақ,  жоғарыда аталған кодекстің 367-бабының 1-тармағы (ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық қағидаларды
бұзу) бойынша 18 адам, 372-баптың 2-тармағымен (орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру, ластау) 10,  366-бап (орман қоры жерлерінде құрылыстар салу, сүректі өңдеу, қоймалар орналастыру) бойынша 12, 370-баптың 1-тармағы (орман қоры жерлеріндегі шабындықтар мен жайылымдарды бүлдіру, заңсыз шөп шабу және мал жаю) бойынша 11 адам заң алдында жауап берген. Сондай-ақ 382-баптың 1-тармағымен (жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін) екі және 383-баптың 1-тармағымен (балық аулау және су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) екі адам жауапқа тартылған. Елді мекендерге газ құбыры тартылмаған кезде, заңсыз ағаш кесетіндер көп болған екен. Қазір ауылдарда көгілдір отын бар. Енді орманшылар қураған ағаштарды кәдеге жарататын жобалары бар кәсіпкерлерді іздестіруде. Яғни бизнес өкілдерінің құлағына алтын сырға дейміз.

Біз Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жө-ніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман тұқымбағымен таныстық. Тұқымбақтың аумағы – 120 гектар. Мұнда бірнеше жерде түрлі ағаштың көшеттері егілген. Бозжиде, шаған, үйеңкі, қараағаш, шегіршін ағаштарының тұқымдары себілген. Тұқымбақтың басшысы Думан Мырзабектің мәліметінше, қылқан жапырақты ағаштардың түрлерін көбейту мақсатында екі мың түп қарағай көшеті отырғызылған. Орманшылар енді шырша, арша, қайың және аққайың егіп көрмекші. Күні бүгінге дейін тұқымбақта 3 млн 233 мың дана көшет отырғызылған. Орманда, қала көшелері мен мекеме аулаларында өсіп тұрған ағаштардың тұқымдарын мекеме жұмысшыларының өздері жинайды. Мысалы, бір гектарға қараағаш егу үшін 3333 дана тұқым себіледі.

– Қазақстанның барлық аймағының 4 пайыздай жері ғана орманды алқап. Сондықтан орманды көбейту, сақтау және жасыл желекті қалпына келтіру үшін тиянақты жұмыс керек. Қазір тұқымбақта ертеректе қараусыз қалып қойған жерлер жыртылып, қайтадан қалпына келтірілуде. Жалпы орман шаруашылығында жұмыс істеу үшін ниет керек. Жерді жыртып, әзірлеу, тұқым сеуіп, ағаш өсіруге адамның ынта-ықыласы болғаны жөн. Екінің бірі бұл салада жұмыс істей алмайды. Шыдамдылықты қажет етеді. Таза ауада, жасыл желектің ортасында жүргеннің өзі жанға шипа ғой, – дейді тұқымбақ шебері Сағынғали  Шошақов. «Мен биыл Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды орман шаруашылығы мамандығы бойынша бітірдім. Қазір Шаған орманшылығында орман шеберімін. Бірінші мақсатымыз – орманды қорғау, өрттің алдын алу, ағаш отырғызу. Менімен бірге оқыған екі досым да осында еңбек етіп жүр. Өзіме мамандығым да, жұмысым да ұнайды», – деді жас маман Айбар Уахитов (суретте).

сол жақтағы Айбар

Сол жақтағы Айбар Уахитов 

Орал орман тұқымбағы өңірдегі орман шаруашылықтарын ағаш көшеттерімен қамтамасыз етеді. Бөкей ордасының орманшылары жиде көшеттерін алуға келген екен.

– Орда ауылдық округінде орналасқан Орда орман шаруашылығы 1890 жылы құрылған. Облыста сегіз орман шаруашылығы бар. Бөрлі және Орал орман шаруашылығының тұқымбақтары кеңейтілген тұқымбақ болып есептеледі. Сондықтан біз күз бен көктемде екпе көшеттерінің басым бөлігін осы мекемелерден алуға тырысамыз. Орда орман қорына құм тоқтату және көгалдандыру мақсатында биыл 107 гектарға жиде көшеттері егіліп, 170 гектарға сексеуіл тұқымы себіледі. Бисен ауылдық округінің айналасындағы Жиекқұм,  Жетібай, Сейтқали және Үштерек ауылдарының маңынан  600 гектар жер алдық.  Енді Сейтқали, Жетібай және Жиекқұм ауылдарының қасына жиде мен сексеуіл егеміз. Сексеуілдің тұқымын Қызылордадан әкелеміз. Биыл орман шаруашылығы мамандарының, орман қорықшылары мен шеберлерінің, инженерлердің жалақылары екі есе өсті. Орман қорықшысы қолына 170-180 мың теңгедей жалақы алады. Бұрын еңбекақы 80-90 мың теңгедей еді. Ал орман өртін сөндіру стансасы сарбаздарының, тракторшылардың, жұмысшылардың жалақылары өскен жоқ. Келесі жылдан бастап олардың да еңбекақысы көтеріледі деген үміттеміз. Себебі барлығы бір ұжымның қызметкері болғандықтан, алауыздық болмағаны дұрыс деп есептеймін, – деді Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры  Ақылбек Әлсейітов (суретте).

Ақылбек

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ернияз Майхариннің мәліметінше, облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 216 815 гектар. Оның ішінде 87 831 гектар орманмен көмкерілген. Маманның сөзінше, орман алқабына отырғызылған әрбір тал үнемі бақыланады. Мәселен, биыл егілген ағаштарды келесі жылы түгендейді. Олардың қурап қалуы мүмкін әлде болмаса қоян, елік секілді жануарлардың жеп қоюы ғажап емес. 100 метрге егілген жүз түп түгелдей көктеп шықса, жерсінгені. Батыс Қазақстан облысы бойынша ағаштардың жерсіну нормативі – 65%. Егер олардың өсімі осы көрсеткіштен төмен болса, қураған талдың орнына қайтадан ағаш егіледі. «Халқымызда «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» деген сөз бар. Бүгінгі жас шыбықтың қалай жайқалып өскеннін біз көрмесек те, біздің ұрпағымыз көреді. Орман – қоршаған ортаның «өкпесі», адамзатқа ортақ игілік, еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан жасыл желекті егіп қана қоймай, көзіміздің қарашығымыздай сақтауымыз қажет», – деді бөлім басшысы. Қытымыр қыстың қақаған аязы мен бұрқасынында, жаздың аптап ыстығында табиғаттың керемет сыйын қорғап жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі ерен екені сөзсіз. Енді жоғарыда айтылған мәселелер шешімін тапса, сала мамандарының жұмысы біраз жандана түспек.

орман

 

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале