Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің акт залында орман өрттерін жылдам анықтап, оларды оқшаулау үшін жедел радиобайланыс ұйымдастыру мәселесі бойынша тренинг өтті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және облыс басшылығының қолдауымен орман қорғау мекемелеріне заманауи радиобайланыс құралдары толық көлемде алынды. Биыл облыстық бюджеттен 1 млрд 187 млн теңге қаражат бөлініп, бұл қаражатқа түрлі маркалы 25 трактор, 13 патруль машинасы, орман шаруашылығына арналған 78 техника жабдығы (тіркеме өрт кешендері, соқалар, тырмалар, ағаш отырғызу машиналары) сатып алынды. Одан басқа облыс әкімдігінің қолдауымен орман шаруашылығы мекеме-кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қосымша 75 млн теңге бөлінді. Осы бөлінген қаражатқа облыстың орман шаруашылығы мекемелеріне ормандағы өртпен күресу үшін арнайы құралдар мен техника (420 рация, 135 аспалы бүріккіш, 80 респираторлық маска, 6 «Водолей» ПКП тіркеме өрт кешені, орман өрттерін тезірек анықтау үшін 4 дрон) сатып алынды. Рациялар орманшыларға түгелдей берілді. Бүгінгі басқосуға 8 орман шаруашылығы мекемесінің орманшылары мен орман қорғау инженерлері қатысуда, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов.
Әрине, қазіргі кезде ұялы телефон сияқты байланыс құралдары бар. Бірақ қалың орманда немесе далада өрт сөндірген кезде тұрақты байланыс болмай қалады. Ал рация қысылтаяң уақытта, әсіресе өрт кезінде орманшыларға өзара ақпарат алмасуға, байланысқа шығуға таптырмайтын сенімді құрал десті мамандар. Рацияның стационар, мобильді және әр орманшыға жұмыс жағдайында пайдалануға қолға берілетін түрлері болады. Жиында төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Дамир Оразғалиев цифрланған, заманауи үлгідегі рациямен жұмыс істеу, байланыс орнату жайын тәптіштеп түсіндірді. Рациямен байланыстың сапасы радиостансаның қуатына, антенна аспасының биіктігіне байланысты екендігі де айтылды. Сонымен қатар өрт сөндіру бойынша өзара іс-қимыл жасайтын мекемелер мен қызметтер арасында өрт туралы ақпарат алмасу тәртібі пысықталды. Орманшылар мамандарға байланыс құралын пайдалануға қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»