Еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғайтын бірден-бір ұйым – кәсіподақ. Ол сондықтан да қарапайым қызметшілер мен жұмысшылардың жанашыры, халық қызметшісі саналады. Әр салада кәсіподақтар ұйымдары бар. Сондай ұйымдардың бірі – «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі.
– Бүгінде кәсіподақтың жұмысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғаумен шектелмейді. Ол осы саладағы өзекті мәселелер мен сұрақтарды талдауға, тиімді шешім шығаруға атсалысады. Осы мақсатта біздің мамандар аудан-ауылдарды аралап, әкімдермен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездеседі. Жиын барысында оңтүстік аудандардағы су тапшылығы, агротехникалар мен жанар-жағармай бағасының өсуі, ақбөкендердің жайылымдарды таптауы секілді күрмеулі мәселелер талқыланып жүр. Еңбек майданында жүрген шаруалар түйткілдің тез шешім тапқанын қалайды. Олар кейде ел Үкіметіне, тіпті Мемлекет басшысына да мәселелерін тікелей жеткізіп отырады. Алдағы онжылдықта климат өзгереді. Мәселен, жылы мезгілдер артып, суық мезгілдер қысқарады. Цельсий бойынша 2 градусқа жаһандық жылынудан, ең алдымен, ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Республикамыздың кейбір аймағындағы климаттың құбылуы салдарынан өзгерістер болып жатыр. Климаттық өзгерістер судың азаюына, өзендердің құрғауына, су қоймаларының жойылуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай келелі мәселелер сала мамандарының басын қосқан ұйымның назарынан тыс қалмай келеді. Облыстың су ресурстары мәселелеріне байланысты семинар-кеңес өткізіп, нақты ұсыныстар әзірленді. Бүгінде сумен қамту мәсе-лесін шешу жұмысын облыс әкімдігімен бірлесіп атқарудамыз, – деді «Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ-ның төрағасы Аманкелді Дәулетжанов.
Қоғамдық ұйым төрағасы Аманкелді Медхатұлының айтуынша, облыс аумағын көгалдандырғаннан кейін экологиялық мәселелер бірте-бірте шешілмек. Мемлекет басшысы табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін орман алқаптарын көбейтуді тапсырды. Бұл міндет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. «Өңірімізде көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Алайда бұл жұмыс облыстың барлық ауданы мен еңбек ұжымдарында ауқымды түрде жүргізілмейді. Ауылдық округтердегі бұл жұмыстың деңгейін төмен деуге болады. Өңірімізде сапалы көшет тапшы. Осыны ескерген кәсіподақ ұйымы көшет өсіруге арналған тұқымбақ ұйымдастырды», – деді қоғамдық бірлестік төрағасы.
Сондай-ақ кәсіподақтың ұйытқы болуымен қала аумағындағы кәсіподақ ұйымдары үшін демалыс аймағы ашылған.
Бүгінде «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің 1 300-ден астам кәсіподақ мүшесі бар. Кейінгі жылдары оның құрамына 80-нен астам шаруа және фермер қожалығы, бірқатар өңдеуші кәсіпорындар қосылған. Олардың көпшілігі жыл сайын кәсіподақ медальдарымен марапатталып, басқа да мадақтамаларға ие болып жүр. Биылғы су тасқыны кезінде кәсіподақ мүшелері халыққа көмек көрсетуге белсене атсалысты. Олар өзен-көлдердегі бөгеттерді нығайтудың бел ортасында жүрді. Ауылдық елді мекендердегі зардап шеккендерге және саяжайлардың тұрғындарына арналған гуманитарлық көмекті қабылдау мен жөнелтуді ұйымдастырды. Қырықтан астам адам «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ медальдарымен марапатталды және басқа да құрметтерге ие болды.
Аталған ұйымның төрағасы айтып өткендей, жұмыс берушілерге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы 2024-2027 жылдарға арналған салалық келісімдер бойынша кепілдендірілген преференциялар беріледі. Үш жақты келісімнің арқасында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне төленетін төлемдер өскен.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдануына байланысты және қараша айында облыста ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің ІІІ республикалық сиезін өткізу қарсаңында кәсіподақ қозғалысын реформалау жоспарлануда. Атап айтқанда, біріншіден, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын кәсіподақ қозғалысымен қамтуды салалық негізде арттыру, екіншіден, «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ негізінде ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіподақ ұйымдарын шоғырландыру.
– Кәсіподақтардың тұрақты жұмысы мен дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар. Кезінде колхоз-совхоздар тарап кеткеннен кейін агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіподақ мүшелерінің саны азайып кетті. Ал жаңадан құрылған шаруа қожалықтары қоғамдық ұйымдарға қосылуға құлықсыз болғандықтан, аймақтарда кәсіподақтар таратылды. Бірқатар кәсіподақ ұйымдары өз саласынан тысқары бірлестіктерге ауысты. Олардың қатарында облыстық аумақтық инспекция мен облыстық ветеринария басқармасы бар. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, біздің ұйым 2020 жылдан бастап өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді кәсіподақ қатарына қосты. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіп-керлік бөлімдерінің осы сала кәсіподағына бірігуі нәтижелі және ынтымақтастықта жұмыс істеуге жол ашады деп ойлаймын, – деді кәсіподақ төрағасы.
Аманкелді Медхатұлының айтуынша, шаруа және фермерлік қожалықтарға, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге кәсіподақ қызметінің бағыты, кәсіподақ ұйымына кіру шарттары түсіндірілген. Мәселен, кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы – ұжымдық шарт. Сондықтан жұмыс беруші мен жұмысшының арасында Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастарын реттейтін екі жақты келісімшарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болуы қажет. Сол арқылы қызметкердің еңбек ету құқығы реттеліп отырады. Облыстық кәсіподақ ұйымына кіру үшін екі келісімшарт толтырылады. Жалпы, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының міндеттері сан алуан. Мысалы, сала мамандарына құқықтық және консультативтік көмек көрсетеді. Қажет болса, ұжымдық шарт жасасу және оның мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгінеді. Жеке дауларды қарау жөніндегі келісім комиссиясының құрамында болады. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Өндірістің үздік қызметкерлерін марапаттарға (соның ішінде мемлекеттік марапаттарға) ұсынады. Сондай-ақ шаруа қожалықтарының мүшелерін, фермерлер мен табиғатты пайдаланушыларды облыстық медициналық мекемелерге бекітуге атсалысады. Жазғы уақытта кәсіподақ мүшелеріне сауықтыру-емдеу мекемелеріне, шипажайларға тегін жолдамалар береді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мәселелерін шешуге жәрдемдесіп, олардың жоба-жоспарларын құзыретті құрылымдарға, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізеді.
– Барлық агроқұрылым өкілдерінің ортақ мүдде жолында ұйымшылдық танытып, өзекті мәселелерді бірге шешетін уақыты жетті. Біз шаруалардың мүддесін қорғау арқылы өзімізді толғандырған мәселелерді тиімді шеше аламыз. Атакәсіп саналатын агросаланың басы-қасында жүрген мамандарды облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының қатарына қосылуға шақырамыз. Орайы келгенде айта кетсем, 10 қазан – Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының күні келе жатыр. Кәсподақтың, яғни еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау қызметіне жетістіктер тілеймін. Кәсіподақтардың әділдік пен ынтымақтастыққа негізделген қағида-дәстүрі беки берсін, – деді Аманкелді Дәулетжанов.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz