24.09.2024, 11:45
Оқылды: 93

«Ортақ мүдде жолында ұйымшылдық танытайық» – Аманкелді Дәулетжанов

Еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғайтын бірден-бір ұйым – кәсіподақ. Ол сондықтан да қарапайым қызметшілер мен жұмысшылардың жанашыры, халық  қызметшісі саналады. Әр салада кәсіподақтар ұйымдары бар. Сондай ұйымдардың бірі – «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі.

A0EA859C-CC0D-425F-8CD0-D327196A13F4

– Бүгінде кәсіп­одақтың  жұмысы ауыл шаруашылығы қызмет­керлерінің құқығы  мен мүддесін қорғаумен шектел­мейді. Ол осы саладағы өзекті мәселелер мен сұрақтарды талдауға, тиімді шешім шығаруға атсалысады. Осы мақсатта біздің мамандар аудан-ауылдарды аралап, әкімдермен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездеседі. Жиын барысында оңтүстік аудандардағы су тапшылығы, агротехникалар мен жанар-жағармай бағасының өсуі, ақбөкендердің жайылымдарды таптауы секілді күрмеулі мәселелер талқыланып жүр. Еңбек майданында жүрген шаруалар түйткілдің тез шешім тапқанын қалайды. Олар кейде ел Үкіметіне, тіпті Мемлекет басшысына да мәселелерін тікелей жеткізіп отырады. Алдағы онжылдықта климат өзгереді. Мәселен, жылы мезгілдер артып, суық мезгілдер қысқарады. Цельсий бойынша 2 градусқа жаһандық жылынудан, ең алдымен, ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Респуб­ликамыздың кейбір ай­мағын­дағы климаттың құбылуы салдарынан өзгерістер болып жатыр. Климаттық өзгерістер судың азаюына, өзендердің құрғауына, су қоймаларының жойылуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай келелі мәселелер сала мамандарының басын қосқан ұйымның назарынан тыс қалмай келеді. Облыстың су ресурстары мәселе­леріне байланысты семи­нар-кеңес өткізіп, нақты ұсыныстар әзірленді. Бүгінде сумен қамту мәсе-лесін шешу жұмысын облыс әкімдігімен бірлесіп атқарудамыз, – деді «Батыс Қазақстан об­лыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіп­одағы» ҚБ-ның төрағасы Аманкелді Дәулетжанов.

Қоғамдық ұйым төрағасы Аманкелді Медхатұлының айту­ынша, облыс аумағын көгалдан­дырғаннан кейін эко­логиялық мәселелер бірте-бір­те шешілмек. Мемлекет басшысы табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін орман алқаптарын көбейтуді тапсырды. Бұл міндет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. «Өңірімізде көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Алайда бұл жұмыс облыстың барлық ауданы мен еңбек ұжымдарында ауқымды түрде жүргізілмейді. Ауылдық округтердегі бұл жұмыстың деңгейін төмен деуге болады. Өңірімізде сапалы көшет тапшы. Осыны ескерген кәсіподақ ұйымы көшет өсіруге арналған тұқымбақ ұйымдастырды», – деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Сондай-ақ кәсіподақтың ұйытқы болуымен қала аумағындағы кә­сіподақ ұйымдары үшін демалыс аймағы ашылған.

Бүгінде «Батыс Қазақстан об­лы­сының ауыл шаруашы­лығы қызметкерлерінің жер­гілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің 1 300-ден астам кәсіподақ мүшесі бар. Кейінгі жылдары оның құрамына 80-нен астам шаруа және фермер қожалығы, бірқатар өңдеуші кәсіпорындар қосылған. Олардың көпшілігі жыл сайын кәсіподақ медальдарымен ма­ра­патталып, басқа да мадақ­тама­лар­ға ие болып жүр. Биылғы су тасқыны кезінде кәсіподақ мүшелері халыққа көмек көрсетуге белсене атсалысты. Олар өзен-көлдердегі бөгеттерді нығайтудың бел ортасында жүрді. Ауылдық елді мекендердегі зардап шеккендерге және саяжайлардың тұрғындарына ар­налған гуманитарлық көмекті қабылдау мен жөнелтуді ұйымдастырды. Қырықтан астам адам «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіп­одағы» ҚБ медальдарымен марапаттал­ды және басқа да құрметтерге ие болды.  

Аталған ұйымның төрағасы ай­тып өткендей, жұмыс беруші­лерге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Ауыл шаруа­шы­лығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы 2024-2027 жылдарға арналған салалық келісімдер бойынша кепілдендірілген преференциялар беріледі. Үш жақты келісімнің арқасында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне төленетін төлемдер өс­кен.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдануына байланысты және қараша айында облыста ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің ІІІ республикалық сиезін өткізу қарсаңында кәсіп­одақ қозғалысын реформалау жоспарлануда. Атап айтқанда, бі­ріншіден, ауыл шаруашылығы  кәсіп­орындарын кәсіподақ қоз­ғалысымен қамтуды салалық не­гізде арттыру, екіншіден, «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ негі­зінде ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіподақ ұйымдарын шоғырландыру.

– Кәсіподақтардың тұрақты жұ­мысы мен дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар. Кезінде колхоз-совхоздар тарап кеткеннен кейін агро­өнеркәсіптік кешендегі кәсіп­одақ мүшелерінің саны азайып кетті. Ал жаңадан құрылған шаруа қожалықтары қоғамдық ұйымдарға қосылуға құлықсыз болғандықтан, аймақтарда кәсіподақтар таратылды. Бірқатар кәсіп­одақ ұйымдары өз саласынан тысқары бірлестіктерге ауысты. Олардың қатарында облыстық аумақтық инспекция мен  облыстық ветеринария басқармасы бар. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, біздің ұйым 2020 жылдан бастап өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді кәсіподақ қатарына қосты. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіп-керлік бөлімдерінің осы сала кәсіподағына бірігуі нәтижелі және ынтымақтастықта жұмыс істеуге жол ашады деп ойлаймын, – деді кә­сіподақ төрағасы.

Аманкелді Медхатұлының ай­туынша, шаруа және фермерлік қожалықтарға, ауыл шаруашылығы тауарларын өн­дірушілерге кәсіподақ қыз­метінің бағыты, кәсіподақ ұйы­мына кіру шарттары түсіндірілген. Мәселен, кә­сіподақ ұйымының ең қуатты құралы – ұжымдық шарт. Сондықтан жұмыс беруші мен жұмысшының арасында Еңбек ко­дексіне сәйкес еңбек қатынастарын реттейтін екі жақты келісімшарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжым­дық шарт болуы қажет. Сол арқылы қызметкердің еңбек ету құқығы реттеліп отырады. Облыстық кәсіподақ ұйымына кіру үшін екі келісімшарт толтырылады. Жалпы, ауыл шаруашылы­ғы қызметкерлері кәсіподағы­ның міндеттері сан алуан. Мыса­лы, сала мамандарына құқықтық және консультативтік көмек көрсетеді. Қажет болса, ұжымдық шарт жасасу және оның мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгінеді. Жеке дауларды қарау жөніндегі ке­лісім комиссиясының құрамында болады. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Өндірістің үздік қызметкерлерін марапаттарға (соның ішінде мемлекеттік марапаттарға) ұсынады. Сондай-ақ шаруа қожалықтарының мүшелерін, фермерлер мен табиғатты пайдаланушыларды облыстық медициналық мекемелерге бекітуге атсалысады. Жазғы уақытта кәсіп­одақ мүшелеріне сауықтыру-емдеу мекемелеріне, шипажайларға тегін жолдамалар береді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілердің мәселе­лерін шешуге жәрдемдесіп, олардың жоба-жоспарларын құзыретті құ­рылымдарға, ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігіне жеткізеді.

– Барлық агроқұрылым өкіл­дерінің ортақ мүдде жолында ұйымшылдық танытып, өзекті мәселелерді бірге шешетін уақы­ты жетті. Біз шаруалардың мүддесін қорғау арқылы өзімізді тол­ғандырған мәселелерді тиімді шеше аламыз. Атакәсіп санала­тын агросаланың басы-қасында жүрген мамандарды облыстық ауыл шаруашылығы қызметкер­лері кәсіподағының қатарына қосылуға шақырамыз. Орайы келгенде айта кетсем, 10 қазан – Қазақстан Республикасы кәсіп­одақтарының күні келе жатыр. Кәсподақтың, яғни еңбеккерлер­дің әлеуметтік-экономикалық құқық­тарын қорғау қызметіне же­тістіктер тілеймін. Кәсіподақтар­дың әділдік пен ынтымақтастыққа негізделген қағида-дәстү­рі беки берсін, – деді Аманкелді Дәулетжанов.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале