Бүгін Достық үйінде Орал қаласындағы Еуразия даңғылының атауын өзгерту бойынша көпшілік тыңдау өтті.
Еуразия даңғылын Абай даңғылы деп қайта атауға қатысты қалалық мәслихат депутаттары, қала тұрғындары, ақындар, ардагерлер, жастар және қоғам белсенділері пікір білдірді.
Алдымен сөз алған Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев Еуразия даңғылының атауын Абай даңғылы деп өзгертуге негізгі ұсынысы Жазушылар одағы БҚО филиалының атынан түскендігін айтып, көше атауын өзгертуге қатысты бірқатар заңнаманы таныстырып өтті.
– Орал қаласының әкімі жанындағы ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобы отырысының шешімімен Орал қаласының Еуразия даңғылын Абай даңғылы деп қайта атау ұсынылды. «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша толықтыру мен өзгертулер енгізу туралы» 2013 жылғы 21 қаңтардағы №72 заңы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта қарау, сондай-ақ олардың атауларының транскипцияларын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту» туралы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысы негізінде жұмыстар жүргізілетін болады, – деді Серік Ерболатұлы.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар көше атауын өзгертуге қатысты өз ойымен бөлісіп, Еуразия даңғылына Абай есімін беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
Феликс Баюканский, «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Осыдан біраз жыл бұрын Дзерджинский атындағы көшені Еуразияға өзгертті. Уақыт өте келе, заман талаптарына сай Еуразия атауы өзіндік мәнін жойды. Ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында қаланың қақ ортасынан ақынға көше атауын беру орынды ұсыныс деп санаймын. Халық бұл бастаманы қолдайды деп сенемін.
Мақсот Берген, «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Бірнеше күн бұрын Еуразия даңғылы атауын өзгерту мәселесіне басқа ұлт өкілдерінің қарсы пікірлерін естідім. Одан қала берді, әлеуметтік желілердегі жазбаларын да көзім шалды. Шетелдің Шекспирі, Ресейдің Пушкині сияқты Абай бізді әлемге танытып кетсе, біздің ендігі мақсатымыз – Абайдың есімін төрге шығарып, ұлықтау. Абайдың 175 жылдығын тек қазақ елі ғана емес, бүкіл түркі әлемі тойлағалы жатыр. Сондықтан оның атын көшеге беру еш талқылауға жатпайды деп есептеймін.
Ғайса Қапақов, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары:
– Өкінішке орай, біздің облысымызда Абай ескерткішінен басқа ұлы ақынның есімімен байланысты бірде-бір көше атауы жоқ. Ақжайық ауданына қарасты шағын ғана бір елді мекен Абай деп аталады. Бұл бізге өте аздық етеді. Түркі әлемінде Абайдың есімін білмейтін адам жоқ. Қазақ кім десе, Абай деп таниды. Абайға берген есім – қазаққа берген есім. Абайға деген құрмет – қазақ халқына деген құрмет. Сондықтан ономастикалық комиссия бұл мәселені құптайды деп үміттенеміз.
Шолпан Қыдырниязова, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері:
– Ұлы Абай есімімен қаламыздың орталық көшесін атау туралы мәселе тек бүгіннен бастау алған жоқ. Бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілерде айтылып, талданып, назарға ұсынылып келе жатыр. Ономостикалық қалалық комиссияда қаралып жатыр. Абай – тек қазақтың ғана Абайы емес, әлемнің Абайы дейтін деңгейге шыққан адам. Мен Абаймен мақтанамын. Абай – қазақ, мен – қазақ.
Ләззат ШАҒАТАЙ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер