16.10.2017, 14:08
Оқылды: 32

Осы күзде Оралда 10 мың тал отырғызылады

139f7767-f6c6-407e-9007-223cb171bbafОрал қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен сенбілік өтті. Бұған облыс орталығындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандары, қоғамдық бірлестік ұйымдары, депутаттар, Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және студент жастар қатысты.

- Мұндай шаралар тек бүгін ғана емес, әр сенбі сайын мекемелер арасында ұйымдастырылуда. Күзгі ағаш отырғызу науқанында қала бойынша 10 мың ағаш отырғызуды жоспарлағанбыз. Яғни, осы күзде қаламызға 10 мың тал-терек тарту етілмек. Соның 400-і бүгін отырғызылады, бұл -  300 түп шырша және 100 түп сирень ағашы. Сенбіліктер бүгін бұл жерден басқа қаладағы ПИК мекемелерінде және жекелеген ұжымдарда да өткізілуде. Олардың әрқайсысы өздеріне қарайтын үйлердің аулаларына тал-теректер отырғызу жөнінде тапсырма алды, олар қазіргі уақытта осы бағытта жұмыстануда, -деді сенбілікті ұйымдастырушылардың бірі, қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.  

Шара барысында сенбілікке қатысушылардың әрқайсысы өз мекемелерінің маңайын жинап, аулаларына ағаш екті. Жергілікті билік өкілдері бүгінде «Жаңа алаң» атанып кеткен Салтанат Сарайы мен Қадір Мырза әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы аралығына жиналып, халықтың ең көп шоғырланатын жеріне тал-теректер отырғызды.

Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жерлестерін сенбіліктерге жиі шығып, қаламыздың жасыл қала мәртебесін әрдайым сақтап қалуға шақырды.

-Ағаш отырғызу – сауапты іс. Сондықтан, қалалық әкімдіктің ұйымдастырған бұл  шарасына үлкен ықыласпен қатысудамыз. Өзім осы қазір бесінші ағашты отырғызып тұрмын. Сөйтіп, өзіміз тұрған қаланың  жап-жасыл, таза қалаға айналуына аз да болса, өз үлесімді қосып жатырмын. Бұл жерде соңғы кездері көптеген шаралар өткізіліп жүр. Бұған қоса, мына тұрған Салтанат Сарайында жастар жаңа өмірін бастайды. Осыған орай, тойға, қуанышқа келген жұртшылық осы жерге топталады. Сол себептен нақ осы алаңның басқа жерлерден ерекшеленіп, айшықты болғаны дұрыс. Біз отырғызған ағаштар біраз уақыттан кейін жайқала өсіп, осы жердің ажарын ашады. Оның үстіне алаң аумағы жақында ғана жаңартылып, асфальттанды. Енді жол бойы жасыл желек жайқалып тұрса, бәрі қосылып өзара үйлесімділік тауып, қаламызға жаңа сипат береді деп ойлаймын. Біздің қаламыз экологиялық таза қалалардың қатарына жатады, - дейді Игорь Стексов.  

Айша ӨТЕБӘЛІ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале