15.05.2023, 16:15
Оқылды: 102

Отан - отбасынан басталады

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрметпен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.

image-15-05-23-03-01 (1)

Бақытты отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейрімді ана, жадыраған балалар келеді. Ол шынында солай, отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Бақытты отбасы болу үшін  отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы мен құрметі, сүйіспеншілігі мен махаббаты болса жетіп жатыр.

Бүгінгі әңгімемізді отбасынан бастауымыздың басты себебі - Халықаралық отбасы күні. Атаулы күннің қараңында біз Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің бастығы капитан Мирас Әділханұлының отбасы жөнінде әңгіме қозғамақпыз.

Отбасы жөнінде  әңгіме айтыла қалса көзіміз бал-бұл жайнап, көңіліміз көтеріліп қалатыны рас. Сол себепті әңгімемізді кейіпкеріміздің отбасынан бастадық. Бүгінгі кейіпкеріміз Мирас 1992 жылы Жетісу облысы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Мирас жеті жасқа толғанда Талдықорған қаласындағы № 10 Ш. Уалиханов атындағы қазақ гимназиясына 1 сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп қабырғасына қабылданған сәттен бастап кейіпкеріміз өзінің тәрбиесімен, білімділігімен ұстаздарға өзін жақсы қырынан таныта біледі. Осылайша мектепте оқып жүріп, мектепте өткізілетін іс-шараларға белсене қатысып, мұғалімдердің сенімінен шығып, белсенді оқушылардың біріне айналады.

Мирас мектеп қабырғасында оқып жүргенде футболмен белсенді айналысады. Осылайша 9 - сыныпқа дейін оқып, 2008 жылы Алматы қаласындағы Б. Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне түседі. 2010 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп, сол жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында Отан алдындағы борышын атқару үшін әскер қатарына қызмет атқаруға шақыртылады. 2011 жылы әскер қатарында қызмет атқарып жүріп, Петропавл қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының Әскери институтына оқуға түсуге құжат жинап, жолдама алып, әскери институт қабырғасына 1 курс курсанты болып қабылданады.

Мирас жоғарғы әскери оқу орнында "командалық-тактикалық мамандығы бойынша әскери білім алады. Әскери оқу орнында оқып жүргенде футболмен айналысып, 4 жыл бойы әскери институттың футбол командасының құрамында ойнайды. Сондай-ақ институттың тұрмыс-тіршілігіне белсене қатысады. 2015 жылы аталған оқу ордасын озат бағамен тәмамдап шығады да, осылайша кейіпкеріміз алғашқы офицерлік лейтенант шеніне қол жеткізеді. Жас сардар өзінің қызметін бірден Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517  әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальоны 1 жедел мақсаттағы ротасының 1 взвод командирі лауазымынан бастайды. Кейіпкеріміз өзінің әскери қызметі жолында бірнеше лауазымдардан өтіп, қазіргі таңда 5517 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді.

image-15-05-23-03-01

- Негізі адам баласы қандайда бір саланы тізгіндесе, оның ең бірінші ойында өзінің ыстық Отанына еліне, жеріне пайдасын келтіруді ойлау керек. Егер өз еліне пайдасын келтірмегеннің өзінде зянын келтірмегені абзал, осы ой үнемі санамда жаңғырып тұрады. Біздің елімізде болашақта жақсы маман иесі боламын, еліме бір пайдамды тигіземін деген жастарға мүмкіндік көп, мемлекет тарапынан барлық жағдай мен көмек жасалынған. Енді қараңыз, мемлекет тарапынан жасалынған көмектің бәрін алып, оның қайтарымы бар екенін біз кейде ұмытып та кетеміз. Негізі әр алған заттың қайтарымы бар емес пе? Сол себепті жасаған әрбір өзіміздің жұмысымызды бұл менің мемлекетке қосқан үлесім деп, елім үшін деп жасасақ, сонда ғана біз өз биігімізде қала аламыз, –дейді арманшыл жігіт.

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әрбір адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекен.

"Басында жас жұбай болып өмірге жаңадан қадам басқанымызда әскери қызмет, әскери орта, әскери қызметшілердің әскери тәртібін түсіну мен үшін  сәл қиын болды. Кейін үйреністім, қазіргі таңда бітіп қайнасып, мен де әскери жолды таңдап, жолдасымның ізімен жүріп келемін", -  дейді Мирастың жан жары Азиза.

Әскери қызметкерлер отбасы өмірдің барлық қызығы мен қуанышын бірге көріп келеді. Әрине, әйел - шаңырақтың ұйытқысы. Бұл ретте отанасы Азиза жауапкершілігі жоғары, ауыртпалығы мол әскери тірлік пен үйінің шаруасын ретімен үйлестіре біледі. Ол қазіргі таңда 5517 әскери бөлімінде психолог маманы болып қызмет атқарып жүр.

- Үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білуді бала кезден бойға сіңіру маңызды. Бұл қазақы тәрбиенің негізі. Бала бойында адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге үлкен мән берген жөн. Наныңды адал еңбекпен табу керек. Мерейлі отбасы өзінің жанұясына ғана емес, қоғамға да мейірімді болуы тиіс. Қоғамда қазір жетім-жесір, қариялар көп, мұндайды болдырмауға атсалысып, жанашырлық көзқараспен қарау қажет, - деген ойымен бөлісті отбасы ұйытқысы Азиза.

- Үлгілі отбасы – қоғам тірегі. Жұртқа үлгі болу үшін, ең алдымен, өзің үлгі көрсетуің керек. Қызметте алда болып, адал еңбегіңнің жемісін көруге ұмтылу қажет. Біз жұбайым екеуміз бір-бірімізді қас-қабағымызға қарап ұғынамыз. Нәтижесінде іргесі берік отауымыздың болашағына өзіміз жауапты екенімізді білеміз. Отбасылық кұндылықтың ең бастысы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы,- деді шаңырақ иесі Мирас.

Болашаққа қадам басқан жарасымды жұптың қазіргі таңда Амир есімді ұлдары бар. Жас отбасының ендігі мақсаты  - ұлын рухты, патриот етіп өсіріп – жетілдіру. Бүгінде Отан үшін қызмет еткен отағасы перзентін адал, шыншыл, ер жүрек етіп тәрбиелейтіндеріне сенімді. Сенімдеріңіз берік отбасыларың аман болсын деп, Отан алдында әскери борышын адал да абыроймен атқарып жүрген жас отбасының әрбір ісіне толағай табыс пен береке тілейміз.

Ертуған Әубакир, 

капитан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале