19.01.2022, 10:10
Оқылды: 9

Отан үшін опат болған ер

13 қаңтар күні сағат 18:20-да  Орал халықаралық әуежайына ҚР Қорғаныс министрлігінің мәйіт салынған («Жүк-200») табыты бар әскери ұшағы қонды. Осы ұшақпен конституциялық құрылымды ерлікпен қорғаған 35-ші гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары,  подполковник Сәндібек Қайыровтың денесі елге жеткізілді. Ол Алматы қаласы әкімдігіне содырлар шабуыл жасағанда әскери қызметшілерді ғимараттан шығарып үлгергенімен, өзі қорғана алмай, ерлікпен қаза тапқан.

720387FB-0C75-4B69-AE2B-08507AA1FE2F

Марқұмның денесін туған-туыстары, әскери қызметшілер, әріптестері және жерлестері қарсылап алды.

– Сәндібек – біздің жауынгер жолдасымыз, офицер, өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеге бас болған, әскери борышты абыроймен атқарған азамат. Ол өз өмірін қатерге тігіп, соңына дейін қауіпсіздіктің шебінде тұрды. Қазақтандықтар үшін бұл – ауыр  қаза. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады, – деді ҚР Қарулы күштері десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Раджан Жанысов.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев марқұмның туыстарына көңіл айтып, бұл – орны толмас қаза екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Сәндібек Қайыровтың отбасына баспана беруге уәде  етті.

Сәндібек Ғалымоллаұлы Құрлық әскерлерінің әскери институтын және ұлттық қорғаныс университетін бітірген. Қарулы күштерде взвод командирінен бастап десанттық-шабуылдау бригада­сы командирінің орынбасарына дейінгі лауазымда қызмет атқарған.

Сәндібек Ғалымоллаұлы әрдайым жас сардарларға (офицерлерге) білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөліскен. Ол кәсіби тұрғыда өте жақсы дайындалған офицердің, адал және лайықты командирдің, сенімді әріптес пен жауынгерлік достың үлгісі бола білген.

Ержүрек сардар туған жері – Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылының аумағына жерленді.

 Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале