Жуырда жергілікті қамтуды дамыту мәселелеріне арналған онлайн-форум өтті. Оған ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі Ғали Есқалиев, «PSA» ЖШС уәкілетті құрылымының, «Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы», «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ-лар, "Petrocouncil" компаниясы, "Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы" секілді ірі кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.
Форум аясында "КПО б.в." компаниясы қышқыл газды дайындау мен айдау және резервуарға қайта құю қуаттарын ұлғайтуды қамтамасыз ететін, сондай-ақ кен орнындағы өндіріс көлемін арттыратын "Қарашығанақ кен орнын кеңейту" (ПРК-1) атты ірі жобаның тұсаукесері болды.
Басқосуда сөз алған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бүгінде "КПО б.в." компаниясы өнімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асырып жатқандығын атап өтті. Сәтті аяқталған жобалардың бірі – газ өндірісін шектеуді жою (ГӨШЖ). Сондай-ақ газды кері айдауға арналған 4-ші компрессорының құрылыс жобасы қазіргі таңда аяқталу сатысында. Министр сонымен қатар "КПО б.в." компаниясы отандық тауар өндірушілердің өнімдерін көптеп сатып алуды басты назарда ұстау керектігін де атап өтті.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев аймақтың әлеуеті мен артықшылықтарын тілге тиек етіп, ҚПО мердігерлерін отандық өндірушілермен бірге тауар өндірісін, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді жетілдіре түсуге шақырды. Сондай-ақ облыстың кадрлық әлеуеті мен отандық кадрларды даярлау бойынша бірлескен жұмыс қажет екендігі сөз болды.
Айта кетейік, машина жасау – Батыс Қазақстан облысы экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп отырған саланың бірі. Осы бағытта іnvest.gov.kz веб-сайтында өңірдің машина жасау кәсіпорындарының әлеуеті, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығаратын өнімдер мен олардың техникалық сипаттамалары туралы ақпарат орналастырылған.
Өңірдің географиялық орналасуы 2000 шақырым аумақтағы миллионнан астам халқы бар 20 ірі қалаға, 80 миллионнан астам тұрғыны бар Мәскеу, Киев, Минск, Тбилиси, Баку, Ереван, Ташкент секілді жеті елдің астанасының нарығына шығуға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы Қытай мен Батыс Еуропа нарықтарына, 700 шақырым аумақтағы, 26 миллион халқы бар Ресей Федерациясының ондаған өнеркәсіптік кәсіп-орындарына қатынау өте ыңғайлы.
- Жергілікті қамтудың ауқымын кеңейту үшін "ҚПО б.в." мердігерлерін облыс аумағында, атап айтқанда, Теректі ауданының Пойма стансасының жанында салынып жатқан индустриалды аймақ аумағында жергілікті өндірушілермен бірге немесе өз алдарына өндірілген өнімдерді өткізуге шақырамын. Аталған индустриалды аймақ аумағында 226 гектар бос алаң бар. Бұл орын облыс орталығына жақын жерде, яғни 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Орал – Орынбор және Самара – Шымкент аутомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ Қарашығанақ кен орнынан 145 км қашықтықта жасақталған бұл аумаққа барлық инфрақұрылым жеткізіл-
ді, – деді Ғали Есқалиев.
Форум барысында «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую жергілікті қамтудың стратегиясымен, жергілікті компаниялардан алынатын тауарлар, қызметтер көлемдерінің жобаларымен және осы бағытта жоспарланып отырған іс-шараларымен таныстырды.
БҚО әкімдігінің жұртшылықпен
байланыс жөніндегі қызметі