17.09.2024, 11:45
Оқылды: 112

Отандық тауар өндірушілерді қолдайтын заң туралы не білеміз?

Мамыр айында ҚР Парламенті Мәжілісі екінші оқылымда «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдады. Осыған орай аталған заңнамамен танысу үшін облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасына барған едік. Онда басқарманың тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу бөлімінің бас маманы Альмира Каримованы сөзге тарттық. Бірден айта кету керек, заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

1FCA52F3-172F-4CD0-B664-DFF0A61198F5

Сурет: freepik.com

Альмира Ерболатқызы айтып өткендей, бұл заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу процесінің мерзімдерін оңайлатуға және қысқартуға, рәсімдерді одан әрі аутоматтандыруға бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді, сатып алу бойынша бірыңғай платформа құруды көздейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалатынын айтқан еді. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы да басты назарда болады деді. Осыны жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдауға тапсырма берді. Жалпы заң мемлекеттік сатып алуда және квазимемлекеттік сатып алуда отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Жаңа заң 29 баптан тұрады. Бұрын 52 бап болған еді. Мұнда шағымдану рәсімдерінің нормалары, жеткізушілердің жауапкершілігі, сондай-ақ бір көзден сатып алу тәсілдері нақтыланды. Бірнеше өзгерістерге тоқталып кетейін.  Мәселен, заңның 25-бабын (тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының, сараптама комиссиясының (сарапшының) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау) алайық. Соған сәйкес шағымдану рәсімі бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің (ІМАД) бақылаушы функциялары алынып тасталды. Енді мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңтайландыру үшін шағымды конкурсты ұйымдастырушы қарайды.

Сонымен бірге жауапкершілік те сатып алуды ұйымдастырушыға жүктеледі. Тағы бір жайт, мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Яғни, заңның 24-бабына (мемлекеттік сатып алудың мониторингі) сәйкес, қоғамдық бақылау субъектілері веб-портал арқылы және онда қамтылған ақпараттың негізінде мемлекеттік сатып алуға қоғамдық мониторинг жүргізе алады. Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер де бар. Ол үшін заңның 7-бабы (мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер) басшылыққа алынады. Егер әлеуетті өнім берушінің басшысы немесе құрылтайшысы бұрын сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылық жасаған болса, мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салынады.

Сондай-ақ 11-бапта әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары көзделген. Әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) жұмыскерлер алдында жалақы төлеу бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы туралы біліктілік талабы қосылды. Бір айта кетерлік жайт, өнім берушінің жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін қосалқы мердігерлерге не бірлесіп орындаушыларға беретін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемі 50-ден 30 пайызға дейін қысқартылды. Бұл талап 14-баптың 8-тармағында көзделген. Ал заңның 16-бабының 6-тармағында бір көзден сатып алу шартын жасасу туралы шешім қабылдаған мемлекеттік құрылым басшысының дербес жауапкершілігі бекітілген. Тапсырыс беруші өнім берушіден еңбек ресурстарының, өндірістік базаның және міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті басқа да материалдық ресурстардың болуын талап ете алады, – деді Альмира Каримова.

Жаңа заңда ауылдық әкімдіктердің жеделдігін және дербестігін арттыру үшін бір көзден алу тәсілімен сатып алудың шекті мәні ұлғайтылды. Яғни әкімдер сапалы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді (ТЖҚ) 3 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 4 мың АЕК-ке дейін сатып ала алады. Биыл 1 АЕК – 3 692 теңге. Ал заңның қолданыстағы редакциясында 2019 жылдан бастап ТЖҚ бойынша норма 3000 АЕК-ке дейін қолданылады. Мысалы, ауылдық округте су құбырының сорғысы сынып қалды делік. Әлеуетті өнім берушінің дәл осы сапалы тауары 11 500 000 теңге тұрады. Осы жағдайда сатып алуға рұқсат ететін бір көзден алу тәсілімен тапсырыс берушіні тауармен жедел қамтамасыз ету үшін шартты тікелей жасасуға болады. Тағы бір мысал ретінде айтсақ, қысқы мезгілде бірнеше күн қар жауып, жолды қар басуы мүмкін. Сондай кезде округтегі жолдарды қардан тазарту үшін қажетті техникасы бар жалғыз кәсіпкермен келісу қажет. Жұмысты жеделдету мақсатында бір көзден алу тәсілімен сомасы 4000 АЕК-ке дейін мемлекеттік сатып алу бойынша тікелей шарт жасасады. Жаңа заңда шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден сатып алу үшін негіздер (16-бап) 57 тармақтан 43-ке дейін оңтайландырылған. Бас маманның айтуынша, заңның 15-бабында көрсетілген мемлекеттік сатып алуды өтпеді деп тану негіздері қайтадан қаралған. Бұрын сатып алулар тек 1 әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда өтпеді деп танылатын. Енді мұндай өнім берушіні тиісті біліктілік талаптарына сай деп таныған жағдайда, мемлекеттік сатып алу өткізілді деп есептеледі.

– Жоғарыда айтылғандай, заңнамаға отандық өндірісті ынталандыруға және қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға бағытталған түзетулер енгізілді. Бұл өзгеріс биылғы наурыз айынан бастап қолданысқа енді. Отандық өндірушілер үшін артықшылықтар бар. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық тауар өндірушілер тізіліміндегі өнім берушілерден сатып алуға басымдық беріледі. Отандық тауар өндірушіге 30% мөлшерінде міндетті аванс төленеді. Бұл біздің өнім берушілерге шарттық міндеттемелерді уақтылы және тиісінше орындауға мүмкіндік береді. Отандық тауар өндірушілер үшін тұрақсыздық айыбын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету жолға қойылды.

Мысалы, қалада орналасқан мектепке балаларға арналған құны 15 800 000 теңге болатын қызметтік аутобос сатып алу керек. Мұндай жағдайда тапсырыс беруші, атап айтқанда, мектеп мемлекеттік сатып алу шарты жасалған әлеуетті өнім берушіге 30% мөлшерінде аванс төлеуге тиіс. Бұл ретте жеңімпаз атанған өнім беруші шарттың 3% мөлшерінде орындалуынан, шарт мәндері бойынша көзделген аванс мөлшерлерін төлеуден, демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасынан босатылады, – деп атап өтті бас маман.

ҚР Қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес, «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін, мемлекеттік сатып алу тәртібі мен көлемдерін бекіту туралы» жаңа ереже қабылданбақ. Сонымен бірге әлеуетті өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту мақсатында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Альмира Ерболатқызы мемлекеттік сатып алу және әкімшілік жауапкершілік саласындағы заңнама нормаларын бұзбау үшін мемлекеттік сатып алуды жүргізуге жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін ұсынды. Ол үшін, мысалы, мамандарды ақылы немесе тегін семинарларға қатыстырып, оқыту қажет.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале