16.07.2024, 12:02
Оқылды: 164

Отбасы құндылықтарының ой-санаға ықпалы зор

«Ана үйі» қоғамдық қорының шақыруымен Бәйтерек ауданындағы Көшім арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына АҚШ сарапшысы, профессор, даму психологі, қолданбалы зерттеуші және Питтсбург университеті балаларды дамыту департаментінің директоры Трейси Ларсон келді.

C80FD501-B2C3-4519-84E9-E4668BD8DFD5

Көшімдегі орталықта түрлі деңгейдегі сырқаты бар, ақыл-ой кемістігі мен тірек-қимыл қозғалысы бұзылған 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Қамқорланушыларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер көрсетіледі. Бүгінде 53 орынға шақталған интернатта 39 баланы мемлекет қамқорлап отыр. Бұл – өңіріміздегі арнайы күтімді қажет ететін ұл-қыздарға 24 сағат бойы қызмет ететін жалғыз мемлекеттік мекеме. Мұнда орташа дәрежедегі ақыл-ой кемістігімен қатар ауыр дәрежедегі ақыл-ой кемістігі бар, аутизм, сал ауруы, даун, гидроцефалия, микроцефалия және басқа да дертке шалдыққандар ерекше күтімге алынған. Интернатта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар, ата-ана келісімімен қабылданған жеткіншектер де тәлім-тәрбие алуда.

Орталықта аталмыш қормен бірлесіп, мүгедектігі бар балаларға күтім жасаудың жалпы әлемдік тәжірибесінің үлгісі енгізілді. Әзірге еліміздегі алғашқы трансформацияланған мекеме саналады. 2020 жылдың соңында «Ана үйі» қоғамдық қоры мен осы мекеме арасында «Батыс Қазақстан облысының жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернат мекемелерін трансформациялаудың пилоттық жобасы бойынша» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Содан бергі уақыт ішінде қор орталық қызметкерлерін ерекше ұл-қыздарды күтіп-бағуына, отбасы жағдайларына жақындатылған қолайлы тұрмыс-тірлігін жасауына жәрдемдесу бағытында оқытып-тоқытты. Ал 2021 жылы қор Питтсбург университетінің қанатқақты сипатындағы бағдарламасына негізделген «Балажан» жобасын іске қосты. Осы уақыт ішінде Қазақстанның үш өңірінде 8 мекеме трансформацияланды. Пилоттық жобаны енгізу арқылы баланың өмір сүру жағдайын барынша отбасылық талаптарға жақын етіп өзгерту көзделді. Әсіресе, тәрбиеленушілермен арадағы қарым-қатынасты «құрметпен қамқорлық» қағидаттары бойынша құруға, тәрбиешілерді тұрақты бекітуге және балаларды бір топтан екінші топқа ауыстырмауға баса назар аударылған. Балаларға арналған кеңістікті ұйым-дастыру, психомоторлық, сенсорлық мінез-құлық, балалардың эмоционалды қабылдауы, жеке даму жоспарлары, дұрыс тамақтану мен қалпына келтіруге дейінгі мәселелерді қамтитын сабақтар өткізілді.

1342C6F3-B8E8-4D64-995B-3A9F2DA6C4F0

Ынтымақтастыққа ынталы болған жоба бастамашысы – «Ана үйі» қоғамдық қоры туралы аз-кем айта кетсек, сөкеттігі болмас. Қор әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін ұл-қыздар санын азайту мақсатында өз қызметін көрсетіп келеді. Қор өз жұмысын қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауымен жүргізеді. Қор құрылғалы 11 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай шаруа тындырды.

Қордың көмегімен 10 000 бала туған немесе қабылдаушы отбасыларда тәрбиеленуде (7000-нан астам ұл-қыз интернат мекемелеріне түспей, отбасыларында қалды). Осы кезеңде балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі еседен астам, шамамен 10000-нан 4225-ке дейін қысқарды. Бірақ соңғы 3 жыл ішінде бұл көрсеткіш ауытқып тұр. Себебі осы 4000 баланы отбасыларға орналастыру қиын. Өйткені олар – жасөспірімдер, диагнозы бар және сиблинг-балалар (туысқан балалар).

– Еліміздегі медициналық-әлеуметтік мекемелердегі қамқорланушы топтарға бір жарым бірлік штат бекітілген. Мүгедектігі бар екі топтағы балаларды екі тәрбиеші қарайды. Олардың ерекше жеткіншектер екенін ескерсек, күтіп-бағудың оңай еместігі түсінікті. Жоба бойынша тәрбиеленушілердің санын азайту, тәрбиешілерді тұрақты бекіту не береді дегенге келейік. Ауыр сырқаты бар балалар өзіне жақын үлкендердің аялы қамқорлығына мұқтаж, интернатқа келген балалар алғашқыда ашылған есікке жүгіреді. Осының өзі-ақ олардың ата-анасына кіндігі байланғандай жақындығын көрсетеді. Психологтердің пікірінше, әке-шешемен арадағы жақын байланысты жоғалтқанда, баланың дамуы кенжелейді. Әрине, мұндай орталықтарда дәмді тамақтандырады, тиісті ем-домы жүргізіледі. Бірақ жанында жақын адам болмаса, оның бәрі бекер, мәні жоқ. Сондықтан орталықтардағы тірлікті үй жағдайына жақындатудың игі әсері болады. Осындай тәрбиеден кейін тәрбиеленушілерді отбасылар асырап алған кезде, олар үй жағдайына жылдам бейімделеді, - деді «Ана үйі» қоғамдық қорының психологиялық қызмет жетекшісі Лаура Ақатаева.

Мекеменің логопеды Айнұр Сапарованың айтуынша, «Балажан» жобасын енгізудің арқасында балалармен арадағы қарым-қатынас түбегейлі өзгерген. «Тәрбиеленушілермен бір деңгейде байланыс жасау, оларды есімдерімен атау, мейіріммен сөйлесу, қол тигізген кезде де жылы сөздер айту, қауіпсіз ортаны сайлап алу, көңіл күйіне қарау, барлық жағдайды жасау сынды құндылықтарды қызметімізге енгіздік. Бұрын топтарда 7-9 баладан болса, қазір деңгейлеріне қарай 4-6 тәрбиеленушіге дейін азайтылды. Дефектолог, тәрбиеші, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлер, психолог, логопед мамандар супервизия оқуынан өтті. Үш жылдан кейін жұмысымызды қорытындылап, нәтижемізді сараладық. Мамандар мен балалар арасындағы қарым-қатынастың жақсы жаққа өзгергені айқын байқалды. Қазіргі кезде сол жаймашуақ, жылы қарым-қатынасты күнделікті тірлікте тұрақты пайдалануға көштік», - деді ол.

Кездесу соңында Трейси Ларсон «Балажан» пилоттық жобасын енгізу бойынша сараптамалық бағасын берді. Ұжыммен емен-жарқын әңгімелесті, балалармен тілдесті, бөлмелерді аралады. «АҚШ-та ерекше күтімді қажет ететін және денсаулығында кінәраты бар балалармен жұмыс істеу тәжірибесі қалыптасқан. Сіздерден және бір-бірімізден үйренеріміз де аз емес. Қай мемлекетте болмасын, әр баланың отбасы болуы тиіс. Мейлі ол уақытша отбасы болса да. Біз Астанадағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінде болып, жағдайымен таныстық. Баршамызға бала мәселесі – ортақ, бала десе, елеңдеп тұрамыз. Болашақта бір-бірімізге көмектесіп, тәжірибе алмасып тұратынымызға сенімдімін», - деген Трейси Ларсон мекеме ұжымының жұмысын жоғары бағалады.

Сонымен қатар АҚШ сарапшысы Көшім орталығындағы тәжірибені еліміздің барлық интернат мекемесінде тарату және енгізу туралы ұсынысын айтты.

Гүлбаршын Әжігереева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале