Маусым айында инфляция 14,6 пайыз болды. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылдық инфляция болжамды диапазон аралығында қалыптасып, маусым айында 14,6 пайызды құрады. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын компоненттер жалпы инфляцияның төмендеуіне көптеп үлес қосуда. Тамақ өнімдері бағасының өсуі маусым айында айтарлықтай баяулап, 14,6 пайыз болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 15,8 пайызға дейін төмендеді. Қызметтер құнының өсуі болжамды траекторияға сәйкес келді және маусым айында 13,3 пайыз болды. Айлық инфляция 0,5 пайызға дейін баяулады», - деді Ғалымжан Пірматов.
Оның атап өтуінше, базалық инфляцияға бірқатар бағалау жүргізілген.
«Соған сәйкес, соңғы айларда экономикадағы баға өсімінің тұрақты компоненттері мейілінше әлсіз баяулағанын көрдік. Бұл – проинфляциялық ортаның сақталуымен байланысты. Жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның төмендеуін тежейтін факторлардың бірі. Дегенмен, оның жоғары және тұрақсыз динамикасының сақталуы жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының өсуімен байланысты. Біз оны базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде алдын ала ескердік. Алдағы бір жылға күтілетін инфляцияның медианасы маусым айында 17,2 пайызға дейін көтерілді. Сезілетін инфляцияның көрсеткіші 18,8 пайызға дейін төмендегенімен, әлі де жоғары қалпында қалып отыр», - деді ҰБ төрағасы.