Өткен аптада Қазақстанда 2900-ден астам қылмыс тіркелген. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталайық. Бір апта ішінде 2949 қылмыс жасалды, оның 1882-сі тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 12 кісі өлтіру, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 32 тонау және 353 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.
Сонымен бірге, 15 желтоқсаннан бастап республика аумағында заңсыз ағаш кесуге, қылқан жапырақты жас ағаштарды тасымалдауға және сатуға қарсы бағытталған іс-шаралар өткізілді.
Бақылауды күшейту мақсатында автожолдарда, сондай-ақ базарларда және басқа жерлерде 300-ден астам мобильді топ құрылды.