28.09.2023, 10:00
Оқылды: 150

«Ótkirkóz» роботы, «Tumobrainor» бағдарламасы, «DFAN-01» дроны – кеңейген ғылыми әлеует айғағы»

– Айдарбек Төлепұлы, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, үздік нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда олардың көбі Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орындарында білім алуда. Ал біразы шетелде оқып жүр. Бұл – ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханы көрсеткішінің жоғары екенін көрсетеді. Демек, оқушыларды дайындаған ұстаздар да осал емес. Ал сол мұғалім-оқытушылар Назарбаев мектебіне жұмысқа орналасу үшін қандай сыннан өтті? Қандай талаптардың үдесінен шыға білді? Мектеп қанша маманды қызметпен қамтып отыр? Шетелдік мамандар бар ма?

айдарбек

Айдарбек Айтпукешев,

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры

– Мұғалімдерді қызметке қабылдау үшін конкурстық іріктеу өткізіледі. Біздің командаға қосылғысы келетін педагогтің жоғары білімді болуы шарт және профильді пәндерден сабақ беретін педагогтер ағылшын тілін белгіленген деңгейде меңгеруі керек. Конкурстық іріктеу кезінде педагог өз пәні бойынша тестілеуден өтіп, берілген тақырыпқа эссе жазады. Сынақтан сүрінбей өтуі үшін кем дегенде 60 пайыз балл жинауы тиіс және эссені жоғары деңгейде жазуы керек. Осы сатыдан өткен педагогтер әңгімелесуге шақырылады. Содан кейін үміткермен тілдесіп, жақынырақ танып, өзара комиссия құру арқылы шешім шығарамыз.

Қазіргі уақытта мектепте 250-ге жуық қызметкер еңбек етеді: олардың 124-і мұғалім, 17-сі куратор, 7-еуі жатақхана тәрбиешісі. Қазақстандық мамандармен қатар 4 шетелдік мұғалім бар. Олар Мысыр, Филиппин, Нигерия және Түркиядан келді. Олар – биология, информатика, химия, физика пәндерінің мұғалімдері. Халықаралық қызметкерлерді қызметке қабылдауда оқытушылардың сұранысын ескереміз. Өзіңіз айтқандай, бізде IELTS көрсеткіші жоғары, себебі халықаралық емтиханға баса мән береміз. Педагог қызметкерлерді мақсатты топтық даярлауды ағылшын тілі мұғалімдері, негізінен, жазғы уақытта жоспарланған емтихандар алдында жүзеге асырады. Өткен оқу жылында республикадағы Назарбаев зияткерлік мектептері арасында IELTS бойынша 7,1 ұпаймен ең үздік нәтижеге қол жеткіздік. Бұл педагогикалық құрамның сапалы екендігін дәлелдейді.

Бүгінде 50 (31%) мұғалімнің немесе әрбір бесінші мұғалімнің академиялық магистр дәрежесі және екі мұғалімнің ғылыми дәрежесі бар. Үш «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, тоғыз Назарбаев университетінің магистрі қызмет етеді. Шетелдік ұстаздар қазақ-стандық әріптестерімен қатар қызмет істей жүріп, пәндерді ағылшын тілінде оқытуға, сабақ қызметі үшін қажетті халықаралық ресурстарды іріктеуге, жобалық жұмыстар мен эсселер бойынша халықаралық конкурстарға қатысуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге қолдау көрсетеді. Үш тілді ортаны қалыптастыруға үлес қосып, SAT, IELTS халықаралық емтихандарына дайындық бойынша элективті курстар жүргізеді. Барлық маман сапалы білім беру жолында адал тер төгіп келеді.

178c4743-96ee-4d71-9e2d-d9c94f5c6985

– Қазіргі таңда оқу бағдарламалары өзгерді. Білім берудің неше түрлі әдістәсілі қолданысқа енгізілуде. Жалпы сіздер оқыту үдерісінде қандай онлайн платформаларды, электрондық оқулықтарды пайдаланып жүрсіздер?

– Иә, бүгіндері білім беруде түрлі заманауи әдіс-тәсілдер қолданылады. Қазіргі кезеңде технологиялар әбден дамыды, сондықтан педагогтер де сабақ барысында көптеген онлайн-ресурсты пайдаланады. Мектеп MICROSOFT компаниясы жасаған платформаларды кеңінен қолданады. Атап кетсек, бұл TEAMS платформасы, осы ресурс арқылы оқушыларды пандемияда қашықтан оқыту кезінде көптеген мәселе шешілген болатын. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы оқыту және оқу үдерісін жеңілде-тіп қоймай, педагог пен оқушыға тиімді және сапалы онлайн-платформаларды іске қосқан болатын. Мәселен, NIS-ONLINE және NIS-LAB платформалары арқылы оқушы кез келген уақытта өткен тақырыптар бойынша тапсырмалар орындап, өз деңгейін тексере алады. Сонымен қатар оқушы сабаққа қатыса алмай қалса, осы платформалардағы қолжетімді және өзіне ыңғайлы ресурстарды қарау арқылы тапсырмаларды, виртуалды зертханалық жұмысты орындайды, жаңа материалды игере алады. Бүгінде оқушылардың ерекшеліктерін, білім деңгейлерін, жеке траекториясын ескере отырып оқыту өте маңызды. Бұл тұрғыда мектеп «CANVAS» және «BEYIM» онлайн платформаларын қолданысқа енгізді.

– Мектепке оқушы қабылдаған сәтте ең әуелі нені ескересіздер? Бүгінде қанша оқушы білім алуда? Аудан-ауылдардан келіп, жатақханаға жатып оқитын шәкірттеріңізге қолайлы жағдай жасалған ба?

– Мектепке оқушылар конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Кешенді тестілеу математика, жаратылыстану, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен өтеді. Былтырғы оқу жылында конкурстық іріктеуге 966 үміткер қатысты. Осылардың арасынан 120 оқушы таңдалып, «Өркен» грантының иегері атанды. Осы орайда сынақ емтиханын сәтті тапсырған ауыл мектебінің оқушылары бар еке-нін айта кеткен жөн. Мысалы, Қаратөбе, Бәйтерек, Теректі аудандарынан оқушылар көптеп келді. Жыл сайын олардың саны артып келе жатқаны да қуантады.

Демек, кез келген оқушы бізге келіп, бағын сынай алады. Оқуға қабылдауда әділдікті ту етеміз. Біз үшін дарынды, қабілетті балаларды қатарымызға қосып, олардан зияткер қалыптастыру – басты міндет. Оқушылар қабылданған сәттен бастап олардың мектепке, оқу бағдарламасына, бағалау жүйесіне бейімделуі басты назарда болады. Ал осы оқу жылын 733 оқушымен бастадық.

Мектебімізде 133 орындық жатақхана бар. Жатақханаға басқа қалалардан, ауылдық елді мекендерден және мектептен қашығырақ тұратын қала оқушылары орналаса алады. Оқу-тәрбие үдерісін жатақхана меңгерушісі, тәрбиешілер және тәрбиешілердің көмекшілері жүзеге асырады. Зияткерлеріміздің қауіпсіздігіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына қатысты барлық ережелер сақталып, қажетті жағдай жасалған.

360e038a-f63c-4317-9735-1992013eb8fa

– Айдарбек Төлепұлы, Назарбаев зияткерлік мектебінде 7-сыныптың оқушыларына жыл бойына домбыра сабағына қатысу міндеттелген көрінеді. Өскелең ұрпақтың санасына, жан дүниесіне ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, әрине, құптарлық іс. Физика-математика бағытында оқыса да, гуманитарлық пәндерге қызығатын оқушылар бар екенін мектепке ақын ретінде кездесуге барғанда байқадық...

– Бала қандай бағытта білім алса да, бірінші кезекте, оның ой-санасында, жан дүниесінде ұлты мен жұртына деген сүйіспеншілік, елі мен туған жеріне деген құрмет болуы тиіс. Осы мақсатта Назарбаев зияткерлік мектептері желісінде «Даналық бейсенбісі», «Туған елге тағзым», «Замандастар жырлары», «Ұлы дала ақындары», «Қазақ әндері», «Мен қолданатын мақал-мәтелдер» секілді көптеген жоба қолға алынған.

Назарбаев зияткерлік мектептері желісінде «Шаңырақ» қауымдастығы жұмыс істейді. Мейірімділік пен қамқорлықты, жанашырлықты насихаттау  мақсатында бекітілген бұл жүйе негізінде жоғары және төменгі сыныптарды қамтиды. Мәселен, «Алаш», «Жерұйық», «Сарыарқа», «Арыс», «Атамекен» сынды топтарға бөлінеді, өзіндік ұрандары мен үйлестіруші кураторлары болады. Жыл бойына қауымдастықтар арасында түр-лі сайыс-жарыстар өткізіледі. Оқу жылының соңында белсенділік танытып, байқаулар бойынша көп ұпай жинаған «шаңыраққа» арнайы «Өркен» кубогі мен «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясына жолдама беріледі. Яғни бұл оқушылар қаланы, ауыл-аймақтарды аралап, ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндік алады.

Оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, ұлттық аспапты үйрете отырып, музыкалық мәдениетін дамыту мақсатында 7-сыныпқа домбыра сабағы  бекітілген болатын. «100 күйдің тарихы» жобасы аясында жүзеге асқан қосымша білім беру бағытындағы бұл жоба жемісін беріп келеді. Шәкірттеріміз аптасына бір сағатты домбыра сабағына арнап, күй тартуды меңгереді. Өнердің берер өнегесі мол. Оқушылар аталған сабақ арқылы күйдің шығу тарихына қызығушылық танытып, зерттеу жүргізеді. Талантты тұлғалардың өмір дерегімен жақынырақ танысады. Осы кезекте жыл сайын Назарбаев зияткерлік мектептері желісінде домбырашылар флешмобы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратынын атап өткім келеді. Нақтырақ айтсам, айтулы мерекелер қарсаңында республикадағы барлық NIS мектептері бір уақытта күй тартады. Оқушыларымыздың домбыраны беріле тартқанын көргенде кеудені еріксіз мақтаныш сезімі кернейді. Жалпы бізде домбырадан бөлек, қыш құмыра, тоғызқұмалақ, шахмат, вокал, хореография, актерлік шеберлік, барабанда ойнау, роботтық техника, сонымен қатар баскетбол, футбол, волейбол және басқа да қарым-қабілетті ұштайтын үйірмелер жұмыс істейді. Жетекшілері – өз ісінің шеберіне айналған кәсіби мамандар. Зияткерлеріміз үшін майталмандарды таңдап, он жыл ішінде оң нәтижесін көріп үлгердік. Жетістіктер өте көп. Әр бағыт бойынша республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардан жеңімпаз-жүлделер жетерлік. Әсіресе, мектебіміздің «Ғажайып» би ансамблін айтпай кетуге болмайды. Жылына бірнеше рет биік белестерді бағындырып, мектеп қоржынын медальдарға толтырып жүр. Сондай-ақ роботтық  техника үйірмесіне ден қойған дарынды балаларымыз көп. Талай ауқымды додаларда топ жарып, осы жазғы демалыс уақытында халықаралық роботтық техника чемпионатында Рамазан Қазбеков, Арсен Есенғалиев, Әділжан Темірханов, Дәулет Мұқанов, Әлихан Серік, Тайыр Назар және Әділ Ерген сынды шәкірттеріміз теңдессіз (абсолютті) чемпион атанып келді. Осы жетістіктердің өзі аталған үйірменің қаншалықты жүйелі жолға қойылғандығын артық сөзсіз дәлелдеп тұрған шығар. Болашақтың саласы саналатын роботтық техникаға бейім балалар саны арта берері анық.

Тәрбиелік жобаларға, шараларға тақырыпқа сай тағылымды әңгіме айта алатын меймандар шақырылады. Мысалы, «Күншуақ» жас аналар клубының құрметті қонағы ретінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманәлина, «Азамат» әкелер клубына ардагер математик Өтебай Құспанов, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сынды меймандар келіп, өнегелі өмір баспалдақтары, адамгершілік философиясы және елге қалтқысыз қызмет ету жөнінде ғибратты әңгіме айтты. Гуманитарлық пәндер аясындағы мұндай шаралармен жасөспірім санаға нәр беріп тұру ауадай қажет деп есептейміз. Жаратылыстану пәндеріне көп ден қойылғанымен, зияткерлеріміздің ұлттық құндылықтарды ұғынуын, жадына сіңіруін қадағалап отырамыз. Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз айтпақшы, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сол себепті тәрбиелік бағыттағы жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Ата-аналар қауымымен де етене қарым-қатынас орнаттық. «Берік отбасы», «Біз – қарапайым отбасымыз» секілді жобалар бірнеше жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Әр оқушының әке-анасымен тығыз байланыс орнатып, қазіргі құбылған заманда кездесетін көп мәселенің алдын алып келеміз. Біз үшін әрбір ата-ананың пікірі аса маңызды. Барлық пікірді тыңдап, жеті рет өлшеп, бір рет кесеміз.

Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағыттап, еңбек қадірін түсіндіретін «Ата-ана жұмысындағы он күн» әлеуметтік практикасы, ауыл тіршілігімен таныстырып, ұлттық  құндылықтарды насихаттайтын «Екі апта ауылда» жобалары да ата-әжелер, әке-аналардың қатысуынсыз өтпейді. Оған қоса педагог-куратор, ата-ана, кітапханашы ынтымақтастығы негізіндегі «Тәрбие әлемі» онлайн-кітапсүйерлер қауымдастығының атқарған жұмыстары аясында бала тәрбиесіне қатысты арнайы әдебиеттер оқылып, өзекті мәселелер талқыланады.

– Айдарбек Төлепұлы, оқушылар қандай ғылыми жаңалыққа қол жеткізді? Тың жобалар жүзеге асырылып жатыр ма? Сіз басқаратын білім ошағы қандай мектеп-мекемемен жүйелі байланыста, тығыз қарым-қатынаста?

– Ғылыми жаңалық ашып, жоғары жетістікке жеткен оқушыларымызды баспасөз беттеріне, өзіміздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жариялап жүргеніміз көпке мәлім. Мейірбек Шәміш, Расул Зейнолла есімді оқушыларымыз компьютермен жұмыс істеу кезінде көру қабілетінің бұзылуының алдын алуға бағытталған «Ótkirkóz» роботын ойлап тапты. Тағы бір шәкіртіміз Санжар Сәлімжан мобильді құрылғыларды қуаттай алатын «Қамшы – қалам салғыш» құрылғысын жасап шығарды. Айнамкөз Рафихова ұлттық мазмұндағы «Зерек» үстел ойынын ұсынып, ауторлық құқық алды. 3D-биопринтинг, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасау және заманауи медицинаның басқа да өзекті тұстары бойынша Марат Құсайынов пен Әділ Сейдазымов мидың қатерлі ісіктерін анықтайтын «Tumobrainor» бағдарламасын таныстырып, жүлделі орынға ие болды. Нұрсұлтан Зинуллин мен Нұрдәулет Базарғали ауыл шаруашылығы саласының жұмыстарын жеңілдететін, оның ішінде егістікке арналған көпфункционалды «DFAN-01» дронымен іргелі «Astana IT» университетінің грант иегері атанды. Жалпы біздің шәкірттеріміз көбіне осындай байқауларға қатыса жүріп, іргелі университеттерде тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы ғылым әлемінде мерейімізді өсірген жеңіс-жетістіктер көп-ақ. Оқушылар тың жаңалықты ашу жолында әрдайым ізденіп жүреді. Ал білім көгінде, яғни желілік, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадаларда шәкірттеріміз үздіктер қатарынан үнемі көрініп жүр. Себебі бұл жолда қарқынды жұмыс істейміз. Ұстаздардың оқушылармен жеке жұмыстануынан бөлек, жазғы демалыста пәндік олимпиадаларда озат деп танылған оқушыларды талабы мен талантын дамыту мақсатында арнайы дайындықтарға жібереміз. Осы орайда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің сайты, Instagram, Facebook желілеріндегі парақшалары күнделікті ақпарат тарататынын жеткізгім келеді. Барлық жаңалықты қалың бұқара сол платформалар арқылы біле алады.

Ал серіктестікке келетін болсақ, мектебіміз өзіміздің Орал қалсындағы қос іргелі жоғары оқу орны – М. Өтемісов атындағы БҚУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, өңірдегі кітапханалар, облыстық көру қабілеті, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттар, Оқушылар сарайы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, театр, «Ақжайық» спорт клубы, «Бәйтерек» шағын футбол академиясы және көптеген белгілі мекеме-кәсіпорындармен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Екі жақты тиімді қарым-қатынасқа ниет білдіріп, келісімшарт жасасқан барша мекемелермен бірлесіп, берекелі істер атқарып келеміз.

– Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы Жайық жұртының интеллектуалдық тұрғыдан өркендей беруіне атсалысу және өңір баспасөзін қолдау мақсатында «Ауылдағы ағайынға – аймақтық газет» атауымен облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетіне жазылу акциясын жүргізген еді. Бұл акция алдағы уақытта жалғасын таба ма?

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мерзімді баспасөз өнімдері, яғни интеллектуалдық деңгейі жоғары газет-журналдар тәлім-тәрбие құралдарының бірі деп есептеймін. Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары да осы ойымды бірден қолдап, аталған акцияны сәтті ұйымдастыра білді. Заман жаңарып, әлеуметтік желілер қанат жайғанымен, әдеби кітап, газет-журналдардың мәртебесі бәрібір биік. Өңір баспасөзін қолдай отырып, ауылдық елді мекендегі ағайын-туысымызды қуантуды жөн көрдік. Сондай-ақ басқа мектептер де бұл бастамамызға қосылса деген ниет болды. Әрине, алдағы уақытта рухани тұрғыдан байытатын, ой көкжиегін кеңейтетін шараларды, жобаларды бірге жүзеге асыруға әзірміз. Өскелең ұрпақ бізге, яғни ұстаздарына қарап, бой түзейді. Қоғамға пайдалы істерге атсалысу арқылы шәкірттерімізге үлгі бола аламыз.

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале