Шыңғырлау ауданындағы А.Тихоненко атындағы ЖОББМ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы – өңірдегі белсенді еңбек ұжымдарының бірі. Еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жетекшілігімен еңбек бірлестіктері мен кәсіподақ ұйымдарының арасында түрлі байқаулар мен жобалар ұйымдастырылуда.
Сондай жылдық жобалардың бірі – «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауы. Аталмыш жалпы орта білім беретін мектебі қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауында бақ сынамақ.
Бүгінгі таңда құрамында 103 кәсіподақ мүшесі бар. Оның ішіне мұғалімдермен қатар техникалық қызметкерлер де кіреді.
А.Тихоненко атындағы ЖОББМ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсия Тағаниязова: «Мектеп ұжымы – үнемі реформалануға бетпе-бет келетін, көпжақты, жауапкершілік жүгі салмақты орта. Мектеп қызметкерлері – қоғамның бірнеше субъектілері шоғырланған жерде жұмыс жасауға қабілетті, ұлттың-ұрпақтың болашағына жауапты әлеуметтік топ өкілдері. Бұл қарым-қатынас арасында бір жүйе өз жұмысын дұрыс атқармаса, онда барлық құрылым бұзылады. Ал кәсіподақ ұйымы сол жүйелердің ажырамай, байланыстылығын арттыру үшін жұмыс жасап келеді. «Маман талабы орындалуы тиіс. Қызметкерлер лайықты еңбек жағдайында жұмыс жасауы қажет. Қолжетімді ұжымдық шарт жасалуы керек» деген ұстанымдар кәсіподаққа деген сенім мен үмітті күшейтеді», - дейді кәсіподақ белсендісі.
Мектеп әкімшілігінде кәсіподақ ұйымының жетекшілігімен қызметкерлерді ынталандыруға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Кәсіподақ комитеті өз саласында жетістікке жеткен жас мамандарға қаржылай қолдаулар көрсетіп, үздік нәтижеге жеткен мектеп мұғалімдеріне сауықтыру шипажайларына тегін жолдамалар табыстайды.
Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақтың ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мектеп қабырғасында 30 жыл еңбек еткен ардагер ұстаздар Рахила Таганиязова мен Зинаида Катькалға мектеп басшысы Қайрат Каукиевтің атынан алғыс хаттар табысталды.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ