26.12.2023, 15:15
Оқылды: 42

«Оян, қазақ!» ойландырды...

Биылғы қыркүйек айында «Мiржақып. Оян, қазақ!» фильмі көрерменге жол тартқаны мәлім. Міржақып Дулатұлы туралы фильм бірден көпшіліктің оң бағасын алды. Фильмде біраз тарихи мағлұмат қамтылған. Біртуар тұлғаның өмірі барынша шынайы бейнеленген. Бұл туындыда мөлдір махаббаттың құдіреті, адал достық пен сатқындық көрсетіледі. Оған қоса қазақ әйелінің қиын тағдыры туралы «Бақытсыз Жамал» романы жазылған сәттер асқан шеберлікпен қамтылған. Актерлердің өздеріне берілген рөлді жоғары деңгейде ойнап шыққанын да атап өту керек. Сол заманда айналасындағыларды білімге, парасаттылық пен ізденімпаздылыққа шақырған зиялы қауым өкілдері аз болған жоқ. Келешек ұрпақ қамын ойлаған Міржақып Дулатұлы жалынды жырларын жарыққа шығарып, халықты қараңғылықтан құтқарғысы келді.

1694082176026

Фильмде мөлдір махаббат та көрініс табады. Қоғам қайраткерінің музасы Ғайнижамалмен қалай кездескені, бір-біріне қалай ғашық болғаны және сол бір пәк сезімді қалай қорғағаны көрсетіледі.

«Мiржақып. Оян, қазақ!» фильмін көрген оқушылар тарих пен әдебиетті зерттеп-зерделеуге деген құлшыныстың артқанын алға тартты. Бұл – үлкен рухани-идеологиялық жетістік. Себебі патриотизмді жастардың санасына сіңіру арқылы болашаққа нық сеніммен қарай аламыз. Осындай тәрбиелік мәні зор фильмдер көптеп түсірілсе екен. Жас ұрпақ тарихты біліп және оның тағылымын зердеге тоқып өсуі тиіс.

Айта кетейін, Міржақып Дулатұлы – әдебиеттің әртүрлі жанрында қалам тербеген қаламгер. Алғашқы кітабы «Оян, қазақ!» деген атпен Петербор қаласында жарық көреді. Одан кейін 1913 жылы Орынборда «Азамат», ал 1915 жы­лы «Терме» атты кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы – ел тағдыры. Тұңғыш жинағы жұртшылық арасында тез тарап, қайта басылады. Кітап әділетсіздікпен күресуге үндейтін өлеңдерден құралған. Сол себепті аутор қуғынға ұшырайды. Міржақып Дулатұлы қазақ әйелінің тағдырына алаңдап, «Бақытсыз Жамал» романын жазды. Бұл туынды 1910 жылы қазақ тілінде жазылған алғашқы роман.

 Міржақып Дулатұлының шығармалары мектеп бағдарламасы бойынша оқытылуда. Оқушыларға елді, жерді қадірлеу керек екенін түсіндіру үшін ақындардың өлеңдерін оқытып, олардың өмірінен деректер келтіреміз.

Айсұлу Қоңырова,

Январцев мектеп-бөбекжай-балабақша

 кешенінің мұғалімі,

педагогика ғылымдарының магистрі,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале