6.12.2022, 10:31
Оқылды: 61

Өз ісіне адал жан

Динара Есболатқызы Нұрсұлтанова! Бұл есім қазір біздің үлкен-кіші әріптестеріміз арасында зор құрметпен аталады. Кәсіби мерекесі қарсаңында өз қызметіне шынайы берілген осы бір нәзік жан туралы аз-мұз сөз сабақтауды жөн көрдік. Осындай жақсы жанның қатарында жүріп, өзің қалап, таңдап алған мамандығыңның қыр-сырына бірге қанығу да бақыт қой.

IMG-20221206-WA0004

Екеуара әңгіме арасында ол тәлімді тәрбиенің тамыры атасы Еділбай қариядан бастау алатынын, өз ата-анасы да екі қызына кісілік пен кішіліктің, адамдық пен адалдықтың шынайы үлгісін көрсете білгенін айтты. Әрі кішкентай кезінен көкірегінде өскенде адамдарға қолұшын беріп, олардың құқықтарын қорғауға көмектессем деген арман-қиял ерте бүр жарыпты. Динара Есболатқызының қазіргі өмірі арман алдамайтындығының айқын көрінісі іспеттес.

Енді оның білім алған алтын ұясы мен бітірген жоғары оқу орны жайлы да айта кетелік. 1985 жылдың 20-сыншы шілдесінде  Орал қаласында дүниеге келген бойжеткен 2003 жылы осындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепті «Алтын белгімен» тәмамдайды. Өзіне сенімді қыз еш ойланбастан бірден Астана қаласына жол тартып, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне құжат тапсырады. Жолы болған оралдық ару көп ұзамай өзі секілді жүздері бал-бұл жанған  қыз-жігіттермен бірге студент атанады. Қызығы мен думаны мол шақтар да артта қалып, қолына дипломы тиісімен, туған топырағына оралады. Өз мамандығы бойынша алғашында сот құрылымдарында қатардағы маман болып еңбек жолын бастап, бір жылдан кейін, яғни 2009 жылдың 4 тамызында облыстық прокуратураға бас маман қызметіне алынады. Жаңа ортада әп дегеннен іске тиянақтылығымен, жауапкершілігімен танылып, құқықтық саланың шынайы өз өкілі болуға лайықты жан екенін көрсетеді. Келер жылы-ақ ол әкімшілік және азаматтық істер бойынша сот актілерінің  һәм атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры лауазымына тағайындалады. 2017 жылы кәсіби жетілген, заңдылықты бүге-шігесіне дейін зерделей білетін Динара Есболатқызына тағы бір үлкен сенім артылып, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасына аға прокурорлық қызметке жіберіледі. Қазір өз міндетіне сәйкес ол экономикалық, әкімшілік соттарда азаматтық және әкімшілік істер бойынша прокурордың қатысуын қамтамасыз етеді, онда қаралатын іске сай дұрыс бағдар жасайды. Осындай нақты талаптың немесе прокурорлық ықпал ету актісі нәтижесінде заңбұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғалар, соның ішінде мемлекеттік құрылым басшылары жауапкершілікке тартылған фактілер аз емес. Бұған қоса ол қатысқан істер бойынша сот актілерінің бұзылуына  да жол берілмеді. Мұның артында прокурордың қаншама  еселі  еңбегі жатыр десеңізші?!

Шүкір, кіші әділет кеңесшісі шеніндегі Динара Нұрсұлтанова-ның  адал еңбегі мен мінсіз қызметі ескерусіз қалмады. Оның өңіріне әр жылдары «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» медальдары мен «Прокуратура үздігі» салалық төсбелгісі тағылды. Басқа да мақтау-марапаттардан кенде емес.

– Мен, ең әуелі, үлкен әулеттің келінімін, сүйіп қосылған азаматымның адал жарымын. Ортамызда екі бүлдіршініміз өсіп келеді. Солар адал сүт емген бойжеткен болып өссе, өз арман-мақсаттарына жетсе, сол арқылы  ағайын-туысын қуанышқа бөлесе деймін. Барша аналар үшін ұрпағының аман-сау жүргеніне жетер бақыт бар ма?! Сәл қолымыз қалт етсе, отбасымызбен таза ауада серуендеп, мұзайдынға барғанды, коньки тепкенді ұнатамыз.

Қонаққа барып, қонақ шақыру да қазақы қанымызға сіңген қасиет қой. «Ырыс-берекенің өзі ашық пейілмен жайылған дастарқанға келуге асығады» деген тәмсіл бар ғой. Бұл екеумізге де ортақ мереке болғандықтан, өзіңе де бар жақсылықты тілеймін, – дейді әріптесім Динара сол өзінің әдеттегі ақжарқын қалпынан  айнымай.

Әсел Берқалиева,

облыс прокурорының ресми өкілі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале