ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төрағасы Егорь Каппельдің өңірімізге сапары аталмыш ұйымның республикалық кеңесін өткізумен басталды. Ол онлайн түрде ұйымдастырылды.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Онда негізінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жергілікті жерде жүзеге асуы жайына айрықша мән берілді. Сонымен бірге аудан, ауылдарда кәсіподақ жұмысын жандандыру, бұл қатарға шаруа қожалықтарын көптеп тарту және оның мүшелерінің белсенділігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев сайлаудан кейін алғаш қол қойған құжаттардың бірі ауылды дамытуға қатысты болғаны баршаңызға мәлім. Сіздің өңір халқының да дені ауылдық жерлерде тұратындықтан, олардың тұрақты еңбекпен қамтылуына, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруіне, сол арқылы тұрмыс-жағдайларын жақсартуына баса мән берілуі керек. Бұл ретте кәсіподақ ұйымдарының да атқарар шаруасы аз емес. Әсіресе еңбектің бел ортасында жүрген қарапайым жандарды көтермелеп, іске деген құлшынысын арттыру бағытында кешенді жұмыстарды қолға алған дұрыс. Ел іргесін бекемдеп, аға буынның ісін лайықты жалғастыру үшін жастарды ауылға тұрақтандыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі, – деген құрметті мейман өзге де өзекті жайттарды саралай келіп, еселі еңбектерімен танылып жүрген бірқатар жерлесімізге республикалық кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерін табыстады. Өңірінде «Еңбек даңқы» жарқырап, мерейі өскендердің арасында Шыңғырлау ауданындағы «Жәнібек» шаруа қожалығының басшысы Тыныштық Иманғалиев, Бәйтерек ауданындағы «Алтын болашақ» ШҚ-ның жетекшісі Еркін Насыров және Январцев орман шаруашылығы директорының орынбасары Нұрлан Бекқұлов бар.
Е.Каппель қаламыздағы Достық үйінде қоғамдық ұйым өкілдерімен және жергілікті кәсіподақ белсенділерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту төңірегіндегі өз ойымен бөлісті. Бұл жиындада сый-құрметке бөленгендер аз болмады.
Астаналық қонақ Бәйтерек ауданындағы жылыжай кешеніне арнайы барып, еселі еңбек етіп жүрген бағбандарды да марапаттады.
Бақытжан Ордабаев