Облыстық мәслихаттың кезекті 7-сессиясында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды және мәслихаттың бірқатар шешіміне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
– Мемлекет басшысы биылғы қыркүйек айында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялап, міндеттер жүктеді. Маңызды құжатта көрсетілген міндет-миссияның барлығы алдағы үш жыл ішінде орындалуы тиіс. Аса күрделі міндеттерді жүзеге асыруға нақты мерзім бекітіледі.
Биыл 9 айда облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жетті. Соның ішінде өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі – 20,5%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 41,9%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5%-ға, негізгі капиталға инвестициялар – 22,7%-ға, ішкі сауда көлемі – 19,2%ға, көлік қызметтерінің көлемі 8,3%-ға өсті. Бүгінде күн тәртібіне еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу талаптары қойылған. Осыған байланысты өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру, өңдеу саласын дамыту бағытындағы шаруалар атқарылуы керек, – деді Нариман Төреғалиев.
Облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23%-ға артып, 429 млрд теңге болды. Жыл аяғына дейін инвестиция көлемін 575 млрд теңгеге жеткізіледі. 2023 жылы 36 млрд теңгеге 46 жобаны іске қосу жоспарланса (1043 жаңа жұмыс орны), бүгінде 23 млрд теңгеге 800-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрумен 29 жоба «жанданды». Шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2022-2027 жылдары 900 жұмыс орнын құратын 350 млрд теңгенің жобаларын іске қосу жоспарланды. Олар – Қарашығанақ кен орнын кеңейту, құс фабрикасы құрылысы, метанол және фанер өндірістері.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізгі 19 түрінің жетеуі бойынша облыс толық қамтамасыз етілген. Ал 4 түрі бойынша 56-75% қамтылған (тауық еті, сәбіз, пияз, қырыққабат), ал басқа 4 түрі (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз) облыста өндірілмейді. Осыған байланысты ауыл-аймақтарды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған жол картасын бекіттік. Бағдарлама аясында сәбіз, пияз, қырыққабат алқаптарын кеңейтіп, өңір халқын көкөніс өнімдерімен 100% қамтымақпыз. Тауық етімен 70%-ға қамтып отырмыз. Оны «Жайық-Ет» комбинаты өндіреді. Шыңғырлау ауданында құс фабрикасын ашу бағытында ірі инвестормен келіссөздер жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Қазір 6,4 млрд теңгеге 1001 өтініш түсіп, 610 өтініш бойынша 4,2 млрд теңге несие берілді. Несие беру жұмысы жалғасуда. Мысалға, Теректі ауданының Покатилов ауылына қаладан бір азамат көшіп барып, голштин сүтті сиырларын өсіруде. Жұмыссыздарды, әсіресе, жастарды бизнеске тартуымыз керек, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Өңірде 270 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеуде. Алдағы уақытта осындай кооперативтерді көбейту міндеті тұр. Үстіміздегі жылы 79 кооператив тіркелген, соның 48-і «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылды. Облыс әкімі азық-түліктің өңірде мүлдем жоқ 4 түріне қатысты жоспар-жобалармен бөлісті. Қазіргі кезде қарақұмықты пилоттық режімде өсіруге мән берілуде, егістігі 50 гектарды құрайды. Күрішті өсіруге климат қолайсыз. Тұз өндірісі жоқ. «Қант қызылшасын өткен ғасырдың 90-жылдары Теректі ауданында егіп, өсірдік. Өнімді Тараз қаласына апарып, өңдетіп, қантқа айналдырып, алып келдік. «Шаған», 18 партсъезд атындағы совхоздарда өткізгенбіз. Жаңадан бизнес ашамын деген тұрғындар арасында бізде жоқ өнімді өндіру, өсіру жағын көбірек түсіндіруіміз керек. Оларға жағдай жасауымыз қажет. Қазір бір инвесторға қант зауытын салыңыз деген ұсыныс айтып отырмыз. Зауыт салар болса, қант қызылшасын өсіретін адамдарды даярлар едік. Әрине, бұл – болашақтың ісі», – деді облыс басшысы.
Шағын және орта бизнесті дамыту – әлемдік тәжірибедегі бар үрдіс. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 31,6% деңгейінде. Осы шаманы 2025 жылға қарай 40%-ға жеткізу көзделуде. Шағын және орта бизнесті дамытып, оларға жағдай жасау арқылы жұмыссыздарды, әсіресе, жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады. Облыс әкімі мұны басты міндеттердің бірі ретінде атап көрсетті. Өңірдегі 350 мың адам экономикалық жағынан белсенді санатында, бұл – облыс халқының 50%-ы (өңір халқы – 690 мың). Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін тұрғындардың шамасы 34%-ды құрайды. Осы салада еңбек етіп, нәпақа табатындар қатарын да 40%-ға (18 мың адам) жеткізуге қам жасалуда. «Кәсіпкерлікті дамыту үшін ауыл шаруашылығымен түбегейлі айналысқан дұрыс. Бірінші кезекте, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару ләзім. Екіншіден, бұрынғы кеңес заманындағы суармалы жерлерді қайта қалпына келтіруіміз қажет. Үшіншіден, бұрынғы су барған жерлерді жаңғырту міндеті тұр. Ақжайық ауданының сол жақ бетіндегі ауылдарда кәсіпкерлік дамымаған. Өйткені жол атымен жоқ, малға су тапшы. Қазір Азынабай – Тайпақ су арнасын, жалпы ұзындығы 185 км құрайтын 3 магистраль каналды қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бүгінде ұзындығы 43 км Азынабай – Тайпақ каналын жөндеу жұмыстары жүргізілуде және ұзындығы 76 км құрайтын Жайық – Шалқар каналының жобалық құжаттамалары әзірленуде. Су арналарын жаңғырту арқылы Жайықтың сол жақ жағалауындағы 350 мың гектар жайылымды айналымға қосамыз. Сонда шағын, орта бизнесті дамытамыз. Пиязды, бақша өнімдерін су болмаса, қалай өсіреміз? Суды жеткізіп, халыққа жағдай жасауымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Ең бастысы, жұмыс істеймін дейтін адамға жергілікті атқарушы және мемлекеттік құрылымдар тарапынан нақты қолдау керек. Бірнеше жақсы инвест жобаларымыз бар. Оларды іске қосқан соң айтамыз», – деді Н. Төреғалиев.
Облыста 73 тұрғын үй салынуда (Орал қ. – 12; Ақсай қаласы – 3 және ауылдық елді мекендерде – 58). 2024 жылға 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды. Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңгеге 178 пәтер сатып алу жоспарлануда. 2024 жылға республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңгеге 298 пәтер сатып алынады. Облыстың 47 ауылдық елді мекенін (халық саны 33 мың) ауыз сумен қамтуға 6,3 млрд теңге бөлініп, 44 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда 12 ауылға ауыз су құбыры тартылды. Қалған 32 ауылды жыл соңына дейін қамту жоспарланған. Жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 95%-ды құрамақ. Алдағы жылы 46 ауылды сапалы ауыз сумен қамту жоспарланды. Қазіргі таңда облыс халқының табиғи газбен қамтылуы – 99,6%. Биыл7 елді мекенді табиғи газбен қамтуға облыстық бюджеттен 229 млн теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, 17 елді мекендегі 49 әлеуметтік нысанды газдандыруға 727 млн теңге бөлініп, жұмыстар аяқталуда. 2024-2025 жылдары облыстың 7 ауылын газдандыру жұмыстары жүргізіледі.
– Биыл 81,5 млрд теңгеге 617 км жол жөнделуде. Қазір 500 км-ге жуық жол құрылысы аяқталды. Халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолдың 125 шақырымы 4 жыл бойы салынды. Биыл 120 шақырым жолдың 104 шақырымын аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтаймыз. Екі ауданды облыс орталығымен қосатын күн алыс емес. Құрылыс материалдары жетіспеді, цементті Маңғыстау облысынан алдық, битумды квота арқылы Үкіметке шығып, Ресейден алатын болып мәселе шешілді. Жыл қорытындысымен талапқа сай жергілікті жолдардың үлесін 52%-ға жеткізіледі, – деді Н. Төреғалиев.
2023 жылы облыс бойынша білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Мектептерді жаңғырту жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 1,5 млрд теңге, соның ішінде 64 пәндік кабинет сатып алуға 633 млн теңге және жиһаз сатып алуға 920 млн теңге бөлінді. Биыл облыс бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және басқа қаражат көздері есебінен 26 мектеп құрылысы басталды. Бүгінде 2 мектеп пайдалануға берілген және жыл соңына дейін 14 мектеп құрылысы аяқталады. Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 медициналық нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін қалған 8 нысанның құрылысын пайдалануға беріледі. Баяндамашы одан әрі мәдениет, спорт, цифрландыру саласындағы атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салудың алғышарттары басталды. 2024 жылы құрылыс басталса, 2028 жылы 4 млрд текше метр газды өңдейтін жаңа зауыт бой көтереді. Қазіргі кезде кеніште 19 млрд текше метр газ өндіріледі. Оның 11 млрд текше метрі кері жер астына (закачка) жіберіледі. Қалған 8 млрд текше метр газды Орынбор газ өңдеу кешеніне жіберіп, одан тазаланған дайын газды алып, халыққа береміз. Облыстың газға қажеттілігі – 1,3 млрд текше метр. Бүгінде өзімізге газды тұтыну шамасын 1,5 млрд текше метрге дейін көбейтуіміз керек. Себебі шағын және орта бизнесті дамытатын болсақ, олардың барлығына газ қажет. Мысалға, спорт кешені салынды ма, оны да жылытуға газ керек. Өңірге қажетті газды алып, қалғанын Қостанайға, Қызылордаға, Ақтөбе облыстарына жіберіп отырмыз. Ертең 4 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттан шыққан газбен басқа өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз болады. Зауыт іске қосылса, көптеген жұмыс орны ашылады. Осының бәрі тек облыстың емес, күллі еліміздің экономикасына серпін береді, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін халық қалаулылары шағын, орта бизнесті дамыту, спорт, елді мекендерге бастайтын кірме жолдар құрылысы, «ҚПО б. в.» компаниясының инвестициясын бөлу, киіктерді ату мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойды. Депутат Нұртай Жұмашев киіктерді ату ісіне жұмылдырылған ет комбинаттарының жұмысы жайында сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың жауап бергеніндей, 5 ет комбинатымен «Сәулетов» ЖК, «Кубеев» ЖК, «Жалпақтал» АШӨК, «Асыл-Агро» ШҚ, «Жәрдем» ШҚ киік етін қабылдауда. Ақжайық ауданындағы «Батыс-Нық» ЖШС ет комбинатымен келіссөздер жүргізілуде. «Бүгінгі таңда 2735 бас киік ұсталды, оның ішінде 937 бас коралмен ұсталды, 1798 бас атылды. Олардың барлығы кейіннен өткізу үшін жоғарыда аталған ет комбинаттарына тапсырылды. Киік мүйіздері «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлері қадағалауымен кесіледі, нұсқаулыққа сәйкес таңбаланады, нөмірленеді және тәулік бойы күзетпен сақтауға жіберіледі. Қазіргі уақытта мүйіз саны – 2514 дана. Сонымен қатар бүгінгі таңда киік санын реттеу бағытында қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Инвесторлар Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетімен бірлесіп, Ұлытау облысында киіктерді жартылай еркін ұстау әдісімен 500 басқа панажай (питомник) жобасын жүзеге асырған. Ендігі кезекте біздің облысымыз аумағында 200 мың киікке панажай және киік дериваттарын терең өңдеу жобасын ұсынып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін жер учаскесі қарастырылуда», – деді Қалияр Шадиярұлы.
Депутат Борис Лаврентьев мәслихат пен облыс әкімдігінің бірлескен жұмысының арқасында «Ақжайық» футбол клубын мемлекет меншігіне қайтару рәсімі басталып, мұз сарайын ақпан айында кері мемлекетке тапсыру жоспарланғанын айтты. Ол табысты көрсеткіштері бар олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға назар аударып, спорт мектептерін қаржыландыруға және олардың материалдық-техникалық базасын жабдықтауға ауқымды талдау жүргізуді ұсынды.
– Қазір тиісті министрлік «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін заң жобасын әзірлеуде. Мемлекет басшысы мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдаланып, кәсіби спортты дамытуда түбегейлі реформалар жүргізу қажеттігін атап өтті. Ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру үшін жол картасы жасалып, олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға, тиісінше қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінбек. Өңірде спорттың 85 түрінен спортшылар даярланып, әр спорт түрінен қол жеткізген нәтижеге қарай тиісті қаржы бөлінеді, – деп жауап берді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин.
Халық қалаулысы Ержан Хасанов облыс мектептерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету, өңірдегі электр желілерінің тозу жағдайларын азайту, «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялар есебінен су арналарын жаңғыртуды ұсынды. Сессияда депутат Асқар Мерғалиев кәсіпкерлікке бөлшек сауда салығын енгізу мәселесін тағы да көтерді. «Кәсіпкерлер мәслихаттар өздеріне рұқсат етілгендей ставкаларды 50 пайызға төмендете ме деген сұраққа алаңдаулы. Өйткені заңға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енуі үшін бұл мәселе ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін шешілуі тиіс. Бұл мәселені облыстық мәслихаттың сессияларында әлденеше рет көтердік, бірақ әзірге нәтижесіз. Астана, Қарағанды және Қызылорда қалаларының әкімдіктері бөлшек сауда салығының пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, биыл кәсіпкерлер бұл құқықты пайдалануда. Біздің облыста тек жүзге жуық жеке кәсіпкер мен ЖШС-лар бөлшек салыққа көшсе, қалғандары бұрынғысынша оңайлатылған салық режімінің 3 пайыздық мөлшерлемесі бойынша жұмыс істейді. Бөлшек сауда салығы мөлшерлемесі төмендесе, көптеген кәсіпорын ашылады, кәсіпкерлер қалыпты жұмысқа көшеді. Қазір қаншама кәсіпорындар бөлшектеніп, кәсіпкерлер ҚҚС шегінен асқанды қаламай, кірістерін жасырып жүр. Осы мәселе шешілсе, заңды түрде жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерге жақсы болар еді», – деді А. Мерғалиев.
Сессия барысында 2023 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралды. Бөлудің жалпы шамасы 5,4 млрд теңгені құрады. Өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет 421,2 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік салаға 3,1 млрд теңге бағытталды, оның ішінде білім беруге – 2,8 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 155,9 млн теңге, дін және ақпараттық кеңістікке – 141,9 млн теңге.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің баяндауына сүйенсек, шығыстардың негізгі бөлігі мынадай іс-шараларға бағытталған: мектептердегі педагогтердің апталық жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеуіне байланысты орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне еңбекақысын төлеуге – 2,5 млрд, Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында мектептің құрылысын аяқтауға – 158,6 млн, азаматтарды елді мекеннен тыс жерлерде емделу үшін тегін және жеңілдетілген жол жүрумен қамтамасыз етуге – 100 млн, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға – 55,5 млн, мерзімді баспасөз басылымдарында көрсетілетін қызметтерге 140 млн теңге бөлінді.
Қоршаған ортаны қорғауға 162,4 млн теңге бөлу жоспарлануда, оның ішінде Сырым, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарының 3 кен орнындағы жерасты суы қорларын бағалау мақсатында қайта барлауға – 60 млн, Казталов ауданы Кіші Өзен өзенінен Қараоба ауылын техникалық сумен жабдықтауға (аяқтау) 102,4 млн теңге бөлінеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 1,3 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Оның негізгі бөлігі: Орал қаласы Зашаған кентінде көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға – 251,5 млн, Теректі ауданының (Абай және Барбастау ауылдары) 2 су құбыры құрылысын аяқтауға – 236,8 млн, Орал қаласы Ақжайық шағын ауданындағы су бұру желілері мен кәріз сорғы стансасы құрылысын бастау және алаңішілік инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын жалғастыру және абаттандыруға – 225 млн, Орал қаласының жастарына тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беруге 600 млн теңге бағыттау көзделген.
Сессияда облыстың әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару сызбасын бекіту, әкімдік құрамын бекіту, Бәйтерек ауданының Трекин ауылдық округі мен Трекино ауылына Байқоныс атауын беру туралы және басқа да мәселелер қаралып, мақұлданды.
Сессия жұмысының соңында облыс әкімі Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиевті мерейлі 60 жасымен құттықтады.
Е. Қалиевке Құрмет грамотасы, гүл шоғы табыс етілді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»