Жымпитыда сайлау процесіне қатысушылармен тиімді байланыс мәселелері қозғалды БҚО және Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен Жымпиты ауылында «Сайлау процесіне қатысушылармен тиімді байланыс» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Шарада 2025 жылдың 22 маусым және 13 шілдеде өткен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы барысы туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының есебі тыңдалды.

Семинарды ашқан БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов 2025 жылдың 1-ші жартыжылдығында өткізілген 37 ауылдық округ әкімдері сайлауының талдау материалдарымен таныстырды. Есепті кезеңде 34 округтегі сайлау әкімдердің өкілеттілік мерзімі аяқталуына, ал 3 округте өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты ұйымдастырылды. Бұл науқандарды өткізуге 12 аудандық аумақтық және 81 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. Бүгінде сайлау үрдістеріне азаматтық қоғамның талабы артып, сайлауға қатысушы тараптардың ықыласы да нақтылана бастады. Сондықтан семинар тақырыбы мен өткен сайлаулардың қорытындылары өзектес.
Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларының есептерінде электоралдық науқандардың осы өзекті мәселелері айтылды.

«Сайлау заңнамасының жүзеге асырылуы үнемі сараланады. ҚР Орталық сайлау комиссиясы біз арқылы тұрғындар мен белсенді азаматтардан түскен ұсыныстардың негізінде әзірленіп жатырған новеллалардың мазмұнына үлкен мән беруде» деген БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева бірінші жартыжылдықтағы сот талаптарына шолу жасады. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» КЗ, ӘРПК аясындағы өтініштерді қарау мәселелерін тарқатып айтып берді.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Губашев БАҚ, азаматтық қоғам, саяси партиялар және байқаушылармен өзара іс-әрекеттің маңызды аспектілерін сөз етті. Бұл бағыттағы жұмыс жаңа форматты талап етеді. Сондықтан комиссиялардың әлеуметтік парақшаларын әкімшілендіру аса маңызды. Ал, ақпараттық сүйемелдеу, сайлау алдындағы үгіт пен сайлауды байқау бағыты үлкен жұмыс күтіп тұрғанын көрсетіп отыр. «Заң барлық тараптарға да бірдей. Демек, үгіт жұмыстарының БАҚ пен әлеуметтік желілерде, лезде хабар алмасу сервистерінде тек заң аясында өтуі сайлау мәдениетін көтеруге негіз болады» деді спикер. Сондай-ақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясы өткізетін «Саналы түрде таңдаңыз» байқауына өңірден ұсынылатын жобалар таныстырылды. Өңірдегі ынталы топтар мен бірлестіктердің байқауға ұсынатын қоғамдық бастамалары болса республикалық байқау аясында жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Семинарға қатысушылар өңірдегі белгілі мобилограф Джангирхан Сансызбайдың әлеуметтік желілерге контент жасау әдістеріне арналған «Rakurs 1.0» авторлық дәрісін тыңдап, практикалық машық алды. Әділ Жоламанов комиссия мүшелерінің ақпараттық сүйемелдеу дағдыларын қалыптастыруда мұндай креативті тренингтер жалғасатынын айтып, өз кезегінде Джангирхан Қанатұлына алғысын білдірді.

Облыста сайлауды әзірлеу мен өткізудің, ақпараттық-түсіндірудің озық тәжірибелері аз емес. Оны дамыту арқылы азаматтардың сайлау процесінен хабардар болуы және сайлаушылардың белсенділігін арттыру маңызды мәселе. Облыстық комиссия қолға алған жаңа байқау жобасы осы мақсаттан туындап отыр. БҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев облыс көлемінде аудандық және сайлау өткізген учаскелік комиссиялар арасындағы байқаудың ережесімен таныстырды. Байқаудың нәтижесі жылжабар шарада белгілі болады. Семинарда Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нариман Мустиевтің «Комиссия мүшелеріне құқықтық сүйемелдеудегі әдістемелік көмек» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Мейірбек Хасанов пен комиссия хатшысы Гүлнұр Қадырованың мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеудегі электоралдық оқыту кейстерінің материалдары ұсынылды.

Шара соңында аудандық комиссия өкілдері дәстүрлі тестілеуден өткізілді. Семинарға қатысқан әріптестер оқыту тренингті жоғары деңгейде ұйымдастырып, аудандық музейде болып, өлкенің тарихымен танысуға да уақыт тауып берген сырымдық әріптестеріне алғыстарын білдіреді.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі