15.02.2024, 16:15
Оқылды: 31

«Өзіңді тірі көргеніме қуаныштымын!»

Нәсіпқали ағай телефон соқты. Қарияларға тән ыждағаттылықпен аман-саулығымызды мұқият мошқап алып, әрі қарай алдағы сенбі, жексенбіге уақытымның бар-жоғын сұрады. Әбден біліп алғаннан кейін «Інім, 12-13 жасымызда бір-бірімізден көз жазып қалған Қуанышқали есімді бала күнгі досымның мына дүниеде бар екенін осы жақында ғана естіп, бір қуанып едім... Енді сол досым біздің Оралға келгелі жатқанын естіп, екі қуанып отырмын. Туыс-бауырының тойына келмекші. Бірер сағатқа кездесуге уәде байластық. Қасыма Айтақаңды (ақын-жазушы, халықаралық «Алаш» әдебиеті сыйлығының иегері, ағамыздың бала күнінен бірге келе жатқан досы Айтқали Нәріков) және сені ертіп, сол кездесуге барсам деймін...» - деді. Дауыс мәнерінде толқу мен қуаныш қоса қабаттасып тұр. Мен де қуанып кеттім: «Аға, бұл сонда 70 жылдан кейінгі кездесу болғалы тұр ғой? Газетке жазуға тұрарлық оқиға барамын» – дедім.

Нәсіпқали аға2

Айтпақшы, «Нәсіпқали ағай деген кім екен?» – деп дағдарып отырған оқырманға таныстыра кетейік. Нәсіпқали Қайырқомовты бүгінде Ақжайық ауданы бір кісідей жақсы біледі. Ал облыстың алдыңғы толқын ағаларына да ол кісінің есімі жақсы таныс. Жасы 90-ға қарай кетіп бара жатқан Нәкеңді облысымыздағы  еңбектен қол үзбеген шаруалардың ең үлкені, ақсақалы десек қателеспеспіз. Өйткені, осы күнде төрт түлік өсіріп жатқан ол кісінің алдына жас жағынан келгенде түсетін ешкім бола қоймас. Шаруасын дөңгелетіп отырған Нәкең – Ақжайық ауданының құрметті азаматы атағының иесі. Жиырма жасында қол ұстасқан қосағы Қоңырша апамызбен бүгінде 64 жыл бірге, сау-саламат ғұмыр кешіп, ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің қызығын көруде. Жасаған иенің бергені ғой, Нәкең қария жасына мықтап енсе де әлі тың. «Бір күн бос отырып қалсам, тұла бойым құрысып, үйге сыймай кетемін» – дейді.

насипкали ага отбасы (4)

Айтылған күні, келісілген уақытта Нәкеңнің үйіне жеттім. Күйеу баласы жеңіл көлігін сайлап әзір тұр. Нәкең қуанышты, біз келгенше еңселі коттеджінің алдына әлденеше рет шыққан. «Бала күнгі досыңыздан қалай көз жазып қалдыңыз дейсің ғой» – деді Нәкең көкейіміздегі сұрақты оқып қойғандай көлікке отырып, Айтқали ағамызға қарай жүргенде. «Біз бәріміз де сонау сұм соғыстың алдында дүниеге келген, әкеміз майданға аттанғанда есімізді білмейтін сәбиміз. Екеуміздің де әкеміз соғыстан оралмады. Аналарымыздың арқасында барлық қиындықтан өттік. Бірақ тағдыр біздің маңдайымызға теперішті жазудай жазған екен. 1952 жылы Кеңес үкіметі отырған жерімізден зорлап көшіріп, талай жанұя ақтабан шұбырындыға тап болды. Жаңақаланың Бекетай ауылдық кеңесіне қарасты №24 ауылда үшінші класты бітіріп жатқанымызда, біз тұрған жақты сынақ полигонына алуға байланысты көшірді. Сол кездегі Чапаев (қазір Ақжайық) ауданы Алғабас ауылының Қарағай бөлімшесіне көшіп келдік қой... Ағамыз осылай деп сәл үнсіз қалды. Иә, осыдан 72 жыл бұрын Нәкең қазір кездескелі отырған бала күнгі досы екеуі сол қалың көштің ішінде көздері жаутаңдап кетіп бара жатыпты. Ал арада тағы екі жыл өткенде, Қарағай ауылында бесінші сыныпты бітірген жылы Қуанышқалиды  ағасы Жалпақтал ауылына көшіріп әкетеді. Ол 1954 жыл болса керек. Міне, содан бері бірін-бірі көрмеген. Енді арада 70 жыл уақыт өткенде сол досымен кездеспекші. Ағай қатты толқып келеді, біздің де тұла бойымызды әлдебір ширыққан сезім кезіп жүр. Салынғанына көп уақыт бола қоймаған бес қабатты үйдің алдына келіп тоқтадық. Күтіп тұрмыз. Нәкең: «Апырмай, Қуаныш қандай болды екен, ақсары келген кішкентай бала еді... Мені таныр ма екен? Қайдан танысын, 70 жыл өтті ғой...» – деп бұрынғысынан да қолды аяққа тұрмай кетті. Бір мезет Айтқали досына: «Сен менің қасымнан қалма, Қуаныш екеуміздің бірімізді таңдайды ғой» – деді.

 Мені, сірә, жасыма қарай  бірден есептен шығарып тастаған болып тұр.  Көп күткен жоқпыз, орта бойлы, былғары тон киген, ақсары қария бізге қарай асықпай басып келе жатты. Екі көзін қос ағамыздан алмайды. Айтқали ағай бәсең дауыспен: «Мынауың жәй қазақ емес, жүрісіне қарағанда оқыған-тоқыған оқымысты адам сияқты» – деп бізге естірте сыбыр ете қалды. Ағамыз бізге таялып Айтақаң мен Нәкеңе кезек, барлай қарап тұр.

«Қайсысың  Нәсіпқалисың?» – деп сәл дағдарды да: «Сенсің ғой...» – деп Нәкеңді құшақтай кетті. Сонау заманда  бір-бірінен көз жазып қалған, сол кездегі он екілердегі  балалар, бүгінде жастары сексенді орталаған қос қарияның құшақтары айқасты. Көзіміздің алды буалдырланып бара жатты. Мұндай кездесуді көрген де арманда, көрмегенде арманда. 1952 жылы Бекетай құмынан Алғабастың Қарағай бөлімшесіне көшіп келіп, көп ұзамай бір-бірінен көз жазып қалып, арада 70 жыл өткеннен кейінгі кездесу еді  бұл. Қос ағамыз сонау, өткен ғасырда Гитлер ашқан қан-қасаптың алдында дүниеге келген сәбилер. Әкелерінің ең болмаса, еліптері естерінде қалмапты.

Көп ұзамай, төртеуміз оңаша дастарқан басында отырдық. Қос қария әлсін-әлсін құшақтасып, бір-біріне қарай береді. Сағыныштарын баса алмай жатқан оларды әңгімеге тарттық. Қуанышқали ағамыз сөйлеп кетті: «Сол жылдарда жас баламыз ғой, бірақ есімізде мықтап қалыпты. Анау Ресей жақтан ракета атылады. Олар ауылдың маңайына түсіп жарылады. Әлгінің сынықтары жан-жаққа ұшып, адамдардың зәре-құтын алады. Үшінші сыныпты біті-ріп жатқанымызда, Бекетай
ауылдық кеңесіне қарайтын біздер тұратын №24 ауылды көшірді. Әрі қарай біз тұрған аймақ сынақ полигонына айналмақшы екен. Әрине, халық көшкісі келген жоқ қой, бірақ әскерилерді салып, күштеп көшірді. Әлі есімде, американдық Студобекер машинасының он шақтысы ауылға азынатып кіріп келді. Әлгілердің әрқайсысына 3-4 жанұяның заттарын тиеп, қариялар мен кішкентай балаларды отырғызып жатқаны әлі күнге көз алдымда. Ал қалған адамдар малды жаяу айдап шықты. Алғабастың Қарағай бөлімшесіне көшіп келдік. Мына Нәсіпқалимен сол бала күнімізде дос болдық, бірге ойнадық. Алайда  біз Қарағайда көп тұра алмадық. Әкем Есенғали соғысқа алынғанда жасы ұлғайған адам болса керек, жұмысшылар батальонына (рабочий батальон) түседі. Менің әкем де  Нәсіпқалидың әкесі сияқты соғыстан оралмады. Үш ұлы, бір қызы, яғни төртеуміз қалдық. Мен бесінші сыныпты бітірген 1954 жылы борышын өтеп, әскерден келген үлкен ағамыз Дүйсенғали (Дүйсеш аға дейтінбіз) бізді Жалпақтал (ол кезде Фурманов) ауданына көшіріп әкетті. Елдің жағдайы ауыр кезең ғой. Үй жетіспейді, жерден қазып алған жер қыстауда тұрдық. Ағам арасында  Ақкөл деген жерден қамыс шауып, оны сатады. Сөйтіп, күн көрдік. Соңынан Фурмановта ет комбинаты ашылды, мал сойылады. Ағырыс деген апам сол жерде жұмыс істеді. Арасында сойылған малдың ішек-қарындарын алып келеді. Тап бір ашыға қойған жоқпыз. Ағам ауданда екі-үш жыл әр жерде, әр түрлі жұмыс істеді, тұрақты жұмыстың реті бола қоймады. Ақыры, жұмыс табылмағасын, Жаңақаланың Пятимар деген жерінен қой бағатын жұмыс табылып, тағы көштік. Оған дейін Фурмановта жүргенде ағам Софья деген татар қызына үйленіп, шаңырақ көтерген еді. Пятимарға келіп, бір отар қой алды. Мұнда қойшылардың балалары орталықта, интернатта жатып оқиды екен, бізді интернатқа жатқызды. Бара-бара Дүйсенғали ағамыз Пятимардың мақтаулы шопанына айналды. Тұрмысымыз шүкірге бұрылып, алдымызға мал бітті қарнымыз аш болған жоқ. Мен сол Пятимарда оқып, 1960 жылы онжылдық мектепті жақсы бітірдім. Сол жылдары Хрущевтің пәрменімен екі жыл жұмыс істеп келгендер жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылданатын. Ол кезде орта мектепте тракторшы мамандығына да оқытатын еді ғой. Мектепті бітіргенде тракторшы мамандығын қоса алып шыққанмын. Сол бойда шаруашылыққа тракторшы болып жұмысқа тұрдым. Кейін шопыр болдым. Сөйтіп, екі жыл өтіл қалтамда жатты. Тап сол тұста Алматыда оқитын ауылдың жігітіне ілесіп, астанаға бірге кеттім. Мектепте жақсы оқыдым дедім ғой, Алматының малдәрігерлік институтына емтиханнан қиналмай түстім. Бі-рінші курсты бітірген бойда әскерге алып кетті. Үш жылды Қиыр Шығысқа беріп, қайтып келіп, оқуды әрі қарай жалғастырдым. Дүйсеш ағам қатты көмектесіп тұрды. Мақтанғаным емес, институтта жақсы оқып, жақсы бітірдім. Бірге оқығандардың бәрін облыстарға жолдамамен жұмысқа жіберіп жатты. Ал мені Алматының қасындағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институына жолдады. Әуелі кіші ғылыми қызметкер болып бастап, бара-бара аспирантураға оқуға түстім. Оны да жақсы бітіріп, көп ұзамай, кандидаттық диссертация қорғадым. Айтпақшы, болашақ зайыбым Айманмен Оралда таныстым. Жәнібектің қызы, Оралдың медучилищесінде оқып жүр екен. Жеті жыл  жүріп барып үйлендік. Одан әрі қарай қысқарта айтсам, ғылыми-зерттеу институтының Ақтөбеде филиалы болатын. Бір күні ғылыми-зерттеу институтының директоры мені шақырып алды. «Мұнда жаман жұмыс істеген жоқсың, тәжірибе жинадың. Филиалдың директорлығына жұмысқа жолдағалы отырмыз... Өзің батыстың жігіті екенсің, еліңе жақындасаң қайтеді?» – деді. Ойлана келе келістім. Біраз жыл сол филиалды басқардым. Сол жерден мені құрметтеп зейнет демалысына шығарып салды. Ағайын-тумалар Жаңақалада, Пятимарда, Жалпақталда тұрады. Чапаевта қайтыс болған апам тұрды. Оралға келіп-кетіп жүремін, ылғи сұрастырамын. Сонау 50-жылдары Бекетай құмынан көшірілген тұстастарымнан кім бар екен деп... Әсіресе, мектепте дос болған мына Нәсіпқалиды көбірек сұрастыратынмын. Біздің қатарымыз сиреді ғой. «Ойбай, Нәкең бар, шауып жүр... Мықты шаруа...» – деген сөздерді алғаш естігенде марқайып қалдым. Сен өзің кішкентай күніңнен пысық, шаруаға мығым болдың ғой. Өзіңді көргеніме қуаныштымын. Жұбайым 2005 жылы қайтыс болды. Қазір бала-келінімнің қолындамын. Екі қызым тұрмыста. Ал кезек сенікі, айтшы әңгімеңді досым...

Қуанышы қойнына сыймай отырған Нәкең бөгелмеді. «Қуаныш, үш класты Бекетайдан бітірдік қой. Класымыздың еденіне шөп төселеді, соның үстіне шөкелеп отырып оқимыз. Есік жоқ, оның үңірейген орнын мұғалім буылған шөппен бітеп қояды,  өзі  жерге малдас құрып отырып (үстел жоқ) сабағын өткізеді. Дәптер жоқ, қолға түскен кітаптың беттеріне сия қарындашпен жазамыз. Тақта деген өзінен өзі жоқ.  Қарағайда бірінші рет партаны, тақтаны  көріп, таңғалғанымыз есімде (Қуанышқали ағамыз «дұрыс айтасың, рас» – деп мақұлдап жатыр). Мына Айтқали екеуміз кейін бірге өстік. Бұл мектепті бітіргеннен кейін оқуға түсіп кетті. Біздер әкемізден анамыз, апамыз үшеуміз қалдық қой. Анамыз жиі ауыратын, жақсы оқысам да  бұрылатын шама жоқ, оқуға бара алмадым. Үйде әкемнің анасы болды, жалғыз баласының соғыстан оралмағаны ол кісіге оңай тимеді. Қолымызға қарап қалды. Мектептен кейін бірден жұмысқа шығып кеттім мал бағуға. Бірақ мына Айтқали құсаған студент достарымнан қол үзген жоқпын. Каникулда бұлар маған қыдырып келсе, алақаныма салып көтеріп аламын. Сөйтіп, армансыз сырласамыз, мал қайырып, қырға шығамыз. Студенттер деген қызық болады екен, шеттерінен білмейтіндері жоқ. Сәл нәрсеге айтысады, қызу пікірталас жасайды. Мен бұларды аузымды ашып тыңдаймын. Бара-бара өзімді студент сияқты сезінетін болдым. Бұлар сияқты көп оқитын болдым. Әдебиетті бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Күндердің күнінде мен де оқығым келді. Ауыл шаруашылығы  және су шаруашылығы техникумдарын сырттай бітіріп алдым. Содан бері бір-бірімізден ажырамай келе жатырмыз. Енді, міне, қатарымызға сен қосылып жатсың, қош келдің! Өзіңді тірі көргеніме қуаныштымын... 1960 жылы 31 желтоқсан күні үйлендім. Колхоз бастығы берген шанамен Қоңыршаны ызғытып алып келе жатқаным әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Бақыттан айналған басымның қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Анам мен апам да қатты қуанды. Қоңырша екеуміздің соңымыздан жеті перзент ілесті. Бүгінде олардың бәрі үйлі-баранды, жұмыстарында. Балаларымның алды 63-ке келді. Немере-шөбере сүйіп, Аллаға шүкіршілігіміз бен ризашылығымызды сан мәрте қайталап отырған қариямыз. Жетпіс жылға жуық мал төңірегіндегі  тынымсыз еңбегіміздің арқасында бір адамнан артық болмаса, кем емес дәулетіміз бар. Ғабдолла, Төреш, Мұхамбетқали сынды колхоз, совхоз басшылары болған ағаларымды мен өмірде ұмытпай келемін. Комсомол күнімнен тәрбиелеген олар жұмысымды, еңбегімді бағалап, үлкен жиындарда төрге отырғызып қоюшы еді мені, жарықтықтар. Озат малшы ретінде облыстағы жиналыстарға алып барып, мінберден сөйлетіп, ортаға, көпшілікке тәрбиеледі. Үлкен ортада жүріп-тұру, сөйлеу, өзіңді ұстау үлкен мектеп. Сонау өткен кеңес заманында атым біраз жерге жетті, кейін де жерде қалған жоқпын, озат еңбеккер ретінде қатардан қалмай келемін. Өзің бала күніңде көре қалған Алғабастың Тоған деген жерінде түліктің төрт түрін өсіріп жатырмын. Қазір осыдан қырға барғанымда атым ерттеулі тұрады, жасым 80-ді орталап жүрсе де, мінемін де малыма кетемін. Алпыс төрт жыл отасқан Қоңыршам соңғы екі-үш жылда қатты ауырды, бір мықты дәрігерге көрсетіп, емдетіп, қазір шүкір, тәубе! Өткенде сенің мынау дүниеде бар екеніңді  Қоңыршаға айтып едім, еміс-еміс есіне түсіргендей болды. Ол кезде кішкентай қыз ғой... Сәл ересектеу болғанда сені ұмытпауы мүмкін еді. Тіпті, Құдай біледі оқыған жігіт деп кейін саған тиіп кетер ме еді... (осы арада қос қарияның мәз болып күлгенін көрсеңіз!). Келесіде асықпай келгеніңде, міндетті түрде қонағым боласың, Қоңыршамен таныстырамын. Адам өмірге қонақ, Құдай амандыққа, кездесуге жазсын! Әңгімені қысқаша қайырғанда осы» – деп барып Нәкең тізгін тартты. Әрі қарай Айтқали ағамыз төгілте сөйлеп келіп, Нәсіпқали ағамыздың ғұмырынан сыр шертетін өзінің кітабын Қуақаңа сыйға тартты. Жетпіс жылдан кейін кездескен қариялардың қуанышында шек жоқ еді сол сәтте…

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале