3.10.2022, 11:16
Оқылды: 48

Пара абыройдан айырады

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 24 баптың үшінші бөлігі, 366 баптың төртінші бөлігі, яғни «аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу» және «аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу, көмектесу» баптары бойынша қылмыстық іс қаралды. 

9

Сот судьясы Асыланбек Дүйсенғалиевтің мәліметіне сүйенсек, Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Арман Өксікбаев (суретте) сыбайласы Александр Нағметов арқылы 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың 11 қазаны аралығында «Шалқар» ЖШС-ның директоры Ә. Нұрғалиевтен 170 млн теңге пара сұраған. Бұл арада айту керек, аталған ЖШС директоры 2020 жылы Орал қаласы Зашаған кентіндегі 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз болған. 2020 жылғы қазан, қараша айларында ЖШС директоры Ә. Нұрғалиев аталған мемлекеттік мекеме басшысы А. Өксікбаевтың сұраған 134 миллион теңгені оның сыбайласы А.Нағметов арқылы берген.

– А. Өксікбаев ЖШС директорынан қалған 40 миллион теңгеге өзіне жаңадан трактор сатып алып беруді немесе ақшалай қолына ұстатуды сұраған. Өксікбаевтың сыбайласы А. Нағметов 2021 жылы Ә. Нұрғалиевке қайта-қайта телефон соғып, бірде өтініп, бірде қорқытып, келісімді орындауды талап етеді. Бопсаға шыдамаған Ә.Нұрғалиев сотқа дейінгі қудалау құрылымдарына жүгінеді. 2021 жылғы қазан айының 6-сы күні ол А. Нағметов арқылы Өксікбаевқа 2 млн, 11-і күні тағы 2 млн теңге береді. Сол айдың 11-і күні А.Нағметов пен А.Өксікбаев ұсталады. А.Өксікбаевтың үйін тінту барысында оған берілген қаражаттың 3 млн 500 мың теңгесі табылады. Өксікбаев «Бұл – Нұрғалиев кезінде жолдасынан жалға трактор алғанда берген ақша» деп түсіндіреді. Іс материалдарында, сот отырысында анықталғандай, ақша, трактор жөнінде араларында мүлдем әңгіме болмайды. Бірқатар іс бойынша сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде А.Өксікбаев пен А.Нағметовтың айыпты екендігі дәлелденді. Іс материалдарын қорытындылай келе, сот екеуінің кінәсі дәлелденді деген шешімге келді. Нақтырақ айтқанда, А.Өксікбаевты 11 жыл, А.Нағметовты 8 жыл бас бостандығынан айыруға үкім тағайындады.

Екеуі де лауазымды мемлекеттік қызметті өмір бойы атқара алмайды, – деді судья А.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, сотталушыларға қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеу жазасы белгіленген. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Келіспеген жағдайда 15 тәуліктің ішінде іске асырушылар апелляциялық шағым немесе апелляциялық өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале