19.12.2022, 11:30
Оқылды: 57

Парламент регламентіне өзгерістер мен толықтырулар қабылданды

Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Парламенттің регламентіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

IMG-20221219-WA0020

Атап айтқанда, қабылданған қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

«Парламент регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау бойынша бірлескен комиссия тиісті жұмыс жүргізді. Бірлескен комиссияға Парламент палаталары депутаттары мен комитеттерінің 50-ден астам ұсынысы келіп түсті. Парламент регламентіне ұсынылатын түзетулер елімізде жүргізілген конституциялық реформаның ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов.

Бұл тұрғыда ол осы маңызды өзгерістер мен толықтырулар туралы толығырақ баяндап берді.

«Конституциялық заңдарды тек қана Парламент палаталарының бірлескен отырысында қарау туралы түзетудің Конституцияға енгізілуіне байланысты осы тәртіпті Парламент регламентінде бекіту ұсынылады. Атап айтқанда, регламентті «Конституциялық заңдарды қабылдау» деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылды. Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті болады. Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жіберіледі. Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады. Конституциялық заң жобасының бастамашысы негізгі баяндама жасайды, одан кейін әр палатаның қосымша баяндамашылары сөз сөйлейді. Сондай-ақ Парламент депутаттарына кезекпен сөз ұсынылады», - деп түсіндірді А.Қожахметов.

Оның сөзіне қарағанда, қажет болған жағдайда Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін. Оның құрамы жобаны бірінші оқылымда қарау кезінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі. Сондай-ақ, осы отырыста бірлескен комиссияның төрағасы сайланады және бұл комиссияның жұмыс мерзімі анықталады.

«Екінші оқылымға дейін бірлескен комиссия қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, конституциялық заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарау бойынша жұмыс жүргізеді. Бірлескен комиссия құрылған жағдайда, конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде бірлескен комиссияның төрағасы сөз сөйлейді. Екінші оқылымда Парламент палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды», - деді депутат.

Сонымен қатар, түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес, Парламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты.

Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған.

«Мұндай «төтенше» жобаларды қарау бойынша мынадай тәртіп ұсынылады. Заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Мәжіліс төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады. Бірлескен отырыста Үкіметтің өкілі баяндама жасайды, содан кейін депутаттарға баяндамашыға сұрақтар қою және жарыссөзде сөйлеу үшін сөз ұсынылады. Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, бұл депутаттарға заң жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізуге мүмкіндік береді. Талқалау қорытындысы бойынша заң жобасы Парламенттің әрбір палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Егер дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны алынбаса, заң жобасы қабылданбады деп есептеледі», - деді ол.

Мұнымен қоса, жеке тарауда Парламенттің Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау рәсімін көрсету ұсынылады. Конституцияның 67-бабының 4)-тармақшасына сәйкес, Премьер-Министр Парламентке Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндайды. Бұл баяндаманы Парламент палаталарының бірлескен отырысында тыңдау ұсынылады. Бұл ретте депутаттар Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау кезінде сұрақтар қоюға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқылы.

«Конституцияның 53-бабына сәйкес келтіру мақсатында конституциялық заңдар бойынша Президенттің ұсыныстарын Парламенттің қарау тәртібі туралы регламентке жаңа 4-3 тарау енгізіледі. Бұдан басқа, Парламент регламентінің бүкіл мәтіні бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді», - деді Арман Қожахметов.

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале