4 мен 11 қараша аралығында Орал қаласы білім беру бөлімі «Жас мамандар» апталығын өткізіп, апталық аясында «Zhastar time», «Жас мамандар мектебі» семинарлары және дебат турнирі, волейбол ойыны ұйымдастырылды.
Ал бүгін жас педагогтер Орал қаласы білім беру бөлімінің кубогі үшін көңілді тапқырлар ойынында өнер көрсетті.
«Бірлік. Қолдау. Самғау» атты ойынға мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарынан біріккен жалпы 7 команда қатысты.
Оның бесеуі «Интеллектум», «Ізденіс», «Күнделік», «Тірі тастар» және «Күнделік.kz» – мектептердің желілік қауымдастықтары бойынша біріккен командалар, біреуі «Креатив» – Мектепке дейінгі ұйым атынан және бір команда «Қосымша» – қосымша білім беру ұйымдары атынан шықты.
Командалар «Сәлемдесу», «Сабақтар арасындағы терезе мен есіктер» тақырыбындағы үй тапсырмасы сайысы, «Бір әуен аясында», «Ширату» кезеңдері бойынша сынға түсті. Әр сайыс бойынша командаларға қойылған басты талап –әзілді білім саласымен ұштастыру. Талапқа сай жас мамандар балабақша, мектеп, қосымша білім ұйымының күнделікті тынысы, ағымдағы мәселелер, оның шешу жолдарын ұшқыр қиял арқылы әзілмен өрнектеп, көрерменге әдемі көңіл-күй сыйлады.
Ойынға білім беру бөлімі әдістемелік кабинет меңгерушісі Индира Амертаева, сектор меңгерушісі Мейрамгүл Оразғалиева, әдіскер Мұханбет Тапишев, БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Орал қалалық филиалы маманы Айнұр Таутенова және КТА-ның белсенді ойыншылары Самат Қабдиев, Дәурен Ахонов, Әскербек Баянғалиев қазылық етті.
Ойын қорытындысында «Көрермендер көзайымы» номинациясы «Ізденіс» командасына («Ізденіс» желілік қауымдастығы) берілді, ІІІ жүлделі орынды «Тірі тастар» («ЭкоӘлем» қауымдастығы) командасы, ІІ орынды Мектепке дейінгі ұйымдар атынан қатысқан «Креатив» құрама командасы алды. Бірінші жүлделі орын және Орал қаласы блім беру бөлімінің кубогы «Күнделік.kz» («Жаңа толқын» қауымдастығы) командасына табыс етілді.
Жүлдегерлер мен қатысушы командалардың барлық ойыншыларына БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Орал қалалық филиалы атынан сыйлықтар ұсынылды.
Айта кетейік, бүгінде Орал қаласы білім беру жүйесінде 300-ден астам жас маман бар. Жас мамандардың кәсіби біліктіліктерін көтеру, әдістемелік шеберліктерін, шығармашалық қабілеттерін шыңдау, ынтымақтастық қарым-қатынастарын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жолға қойылған.
Орал қалалық білім
бөлімінің баспасөз қызметі