2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждердің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі педагогтерінің жалақысы тағы 25 пайызға өсті.
-Біз мұғалімдердің жалақысын көтерудің оң әсерін көріп отырмыз. Педагог кәсібіне қазіргі таңда үздіктер келеді. Педагогикалық мамандыққа түсетіндердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсті. «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есеге көбейді. Мұғалімдердің еңбекақысын арттыру – ел болашағына салынған үлкен инвестиция.
Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Президент Қ.К.Тоқаев тапсырғандай, барлық педагогтер жоғары жалақы алатын болады. Сонымен қатар жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-нан 50%-на дейін), магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін төленетін үстемеақылар, – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Жалпы, педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің, жұмыс өтілінің, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша ақыларға байланысты есептеледі.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша 2021 жылы магистрлік дәреже үшін үстемақы алушылар шеңбері кеңейтілген. Атап айтқанда, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне магистр дәрежесі үшін қосымша ақы белгіленді. Сондай-ақ дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс уақытта қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін төлемдер қарастырылған.
Сонымен қатар биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кітапханашылар, бухгалтерлер, зертханашылар және білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің жалақысы өсті. 2022 жылдың қаңтар айында олардың жалақысы орта есеппен алғанда 20%-ға артып, жыл сайын Президент Жолдауы аясында өсіп отыратын болады.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
zhaikpress.kz