5.03.2022, 11:40
Оқылды: 53

Подполковник құрметті демалыста

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығында ел тыныштығын қорғап жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Солардың бірі – әскери полиция бөлімшесінің аға офицері, подполковник Шынар Жұмамбетова. Жақында ол  құрметті әскери зейнеткерлік демалысқа шықты.

58A5C458-B769-4881-92F9-2440221DA5B5

Шынар Жұмағалиқызы 1973 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмағали - ет комбинатының бастығы, анасы Нағима үй шаруасында болған. Тоғыз баланы тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосқан абзал жандар.

Шынар Жұмамбетова мектепте биология, анатомия, тарих сияқты гуманитарлық пәндерге бейім болады. Мектеп бітірген соң, арман қуып, Ақтөбеге аттанады. Бастапқыда Ақтөбе облыстық сотына курьер болып жұмысқа тұрады. Шымкент заң колледжінің сырттай бөлімінде оқиды. Кейін Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімінде тергеушінің көмекшісі болып  қызметке  орналасады. Алғашқы офицерлік кіші лейтенант шенін алған соң, осы бөлімнің тергеушісі лауазымына жоғарылайды. Ал 2000 жылы  Ішкі әскерлерге, Ақтөбе қаласының 6655-әскери бөлімінің әскери полиция бөліміне қызмет бабымен ауысады. Үлгілі әскери тәртібі, жоғары кәсібилігі үшін 2018 жылы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына әскери полицияның аға анықтаушысы лауазымына тағайындалды. Сол жерде  подполковник  шенін  алғанша  қызмет етті.

– Әскерде ер адамға да, әйел адамға да жауапкершілік бірдей. Оның үстіне, әскери қызметшілерге жинақылық, дене шынықтыру дайындығы, атыс қаруын қолдана білу, қоян-қолтық ұрысты меңгеру талап етіледі. Сондықтан қылмысқа қарсы күресте, қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын күзетуде ер-азаматтармен қатар жүріп, қызметті абыроймен атқарып келеміз. Әйел болғандықтан, отанасы екенімізді де ұмытпаймыз. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатынымызға қарамастан, үй шаруасына да үлгереміз. Туыс, жора-жолдастарға да көңіл бөлуге уақыт табамыз. Әйел адам ер адамға қарағанда ісіне өте жауапты, тиянақты, ұқыпты қарайды. Ұжымды ер адамнан кем басқармайды. Әйел заты сонысымен де қадірлі, – дейді  кейіпкеріміз. Шынар Жұмағалиқызының жауапты қызметіне қызы Карина да қолдау көрсетуде. Әскери қызмет еткен 20 жылдан астам уақыт ішінде  ол «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысынан, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысынан, Ішкі істер министрінен көптеген марапат алды.

Ұландықтар Шынар Жұмағалиқызын әскери зейнеткерлік демалысқа салтанатты түрде шығарып салды. Іс-шара барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник  Павел Ситников сөз алды. Ол өзінің ізін басқан әріптестеріне үлгі болған Шынар Жұмағалиқызына ұзақ жылдар бойы мінсіз атқарған еңбегі үшін  алғыс айтты. Өзге әріптестері де құрметті демалысқа шыққан офицердің қызметтік жолына шолу жасап, естелік әңгімелерімен бөлісті.

Ерболат Сұлтанов, подполковник

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале