Бұл сұрақты облыс әкімі Ғали Есқалиевке Подстепное ауылының тұрғыны Серік Ертайұлы қойды. «Ауылымыз қаланың іргесінде болғасын халық саны жыл сайын өсуде. Сәйкесінше бала саны да артып келеді. Қазір Подстепное ауылындағы қазақ орта мектебінде оқушылар үш ауысымда оқиды. Ауылымызға жаңа мектеп салына ма?» деді ауыл тұрғыны.
- Подстепное ауылында шамамен он мыңнан астам тұрғын бар. Аталған ауылдың дәл жанындағыТоқпай ауылында 240 пәтерлік шағын ауыл бой көтеруде. Ауыл тұрғындарының саны тағы кем дегенде мың адамға өседі. Подстепное мектебінің үш ауысымда оқитынын білеміз. Аудан басшылығы тиісті жобалық құжаттарын жасап жатыр. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтсе құрылысты бастап кетеміз. 600 орындық болғанымен құны 2 млрд.200 млн. теңге болып тұр. Аудан әкімдеріне жобалаушылар оның ішіне не кіргізіп жатқанын мұқият тексеруді тапсырып келемін. Жобалардың құрамына, сапасына қатты көңіл бөліңіздер. Бұл шұғыл жоба болып тұр, қолдаймыз. Алайда қымбат болып тұр. Былтыр қалада 900 орындық мектепті 1 млрд.800 млн.теңгеге салдық. Жылдық инфляцияны есептегенде де биыл 900 орындық мектеп 2 млрд.теңгеге жуық болады. Подстепное қаланың дәл іргесінде, сондықтан 600 орындық мектеп арзандау болуы тиіс. Ескі жоба болғасын қосуға мәжбүрміз,бірақ қала мен ауданда құрылыс бөлімдері бар, мұқият қарауы тиіс. Мамандармен бірлесе отырып, мектептің жобасына артық нәрселерді салмай жоспарлау керек. Сонда ғана мемлекеттің бюджетін тиімді пайдаланамыз. Подстепное ауылында мектеп болады, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
zhaikpress.kz