Бүгін ДСК Приоритет компаниясы салып жатқан «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автожолының 108-144 шақырымында экперименталды участоктың салынуына Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысып, жол құрылысында ғылыми әдісті қолдану тәсілдерін көрсетті.
Сонымен қатар, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Мейрамгүл Қабдығалиева автомобиль жолдарын салуда, оларды күтіп ұстауда және жол құрылысындағы сапаны арттыруда ғылыми әдістің қалай қолданылатыны туралы айтып берді.
- Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мамандарының батыс аймағына келген ең бірінші себебі - жергілікті әкімшіліктің ұсынысы. Шынымен де бәрімізге белгілі аймақтың жолына қатысты сын-пікір өте көп. Мақсатымыз өңірдегі жол құрылысы саласына ғылыми жағынан көмек көрсету. Кеше ғана облыс әкімшілігі мен ғылыми-зерттеу институтының арасында меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында Батыс Қазақстан облысындағы жол саласында үлкен зерттеулер жүргіземіз. Сонымен қатар, жалпы жолды жобалау кезеңінен бастап жергілікті материалдар және климат ерекшелігіне дейін есептейміз. Өйткені көп жағдайда бұл мәселелер алдын ала есептелмейді. Жолдардың сапасы төмен болуының себебі де осы есептердің дер кезінде жасалмауы. Біз институт тарапынан жылдар бойы жинаған зерттеулер нәтижесі мен тәжірибемізді осы жұмыс барысында пайдаланғымыз келеді, - деді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Мейрамгүл Қабдығалиева.
Ал Институттың құзыреттілікті дамыту орталығының директоры Гүлжамал Омарова жол құрылысы саласындағы мамандарды даярлау, олардың біліктілігі мен құзыреттілігін дамыту, саладағы біліктілікті арттыру курстары мен оқыту тренингтері жайында, осыған қоса жол құрылысы мамандарына арналған жолшылардың бірыңғай біліктілік базасы «Jolshy» платформасының мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
- Қазіргі күні кадрлар мәселесі өте өзекті мәселе, білікті кадрлар тапшы. Біз жасаған жолшылардың бірыңғай біліктілік базасы «Jolshy» платформасының мүмкіндіктері өте жақсы. Бұл базада жол құрылысы саласының шеберлері, инженерлерінен бастап, басқа да сала мамандары енгізілген. Бір жағынан жол комитеттері мен министрліктер өңірлерде қандай және қанша мамандар жұмыс жасайтынын платформадан көріп отырады. Екінші жағынан «Jolshy» платформасында жұмыс берушілер кадрларды жеңіл таба алады, ал жұмыс іздеген мамандар өз түйіндемелерін орналастыра алады. Тіпті жол саласындағы оқу орындарының студенттерін де осы базадан таба аласыз. Осылайша жол құрылысы саласына болашақ мамандарды да тәрбиелеп алуға болады. Біз біліктілік арттыру курстарын 2006 жылдан бері өткіземіз. Бұрын тек зертханалық сынақтар бойынша 7 курс өткізсек, 2023 жылдан бері біліктілік арттыру курстарының санын түрлі сала бойынша кеңейтіп, қазіргі таңда 30-дан астам біліктілік арттыру курстарын өткізіп жүрміз. Бұл – өндірістік-техникалық бөлімнің инженерлері, шеберлер, участок басшылары, техникалық бақылау, жобалау мамандары сияқты жол құрылысы саласына аса қажет мамандар. Тағы бір ерекшелігіміз туралы айта кетейін, біз курстарды тапсырыс берушінің ыңғайына қарай бейімдейміз және кешенді түрде оқытамыз. Біз өңірлерге шығып көшпелі курстар өткіземіз, жолдың бойында, тікелей участоктың басында да курстар өткізіп жүрміз. Жол құрылысы мен оның сапасына қатысты сын көп, бірақ бұл кешенді түрде шешілетін мәселе. Біздің мақсатымыз қоғамның барлық мүшелерін қатыстыра отырып, жол сапасын арттыру. Осы бағытта біз біліктілік курстарын өткіземіз, мамандар даярлаймыз, жол құрылысы саласында зерттеулер жүргіземіз, бәріміз бірігіп жұмыс жасап, бір бірімізге көмектесіп, Қазақстан жолдарын сапалы жасайық, жолшы мамандардың еңбегін бағалайық, - деді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ құзыреттілікті дамыту орталығының директоры Гүлжамал Омарова.
ДСК Приоритет компаниясы құрылысын жүргізіп жатқан «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автожолының 108-144 шақырымында экперименталды участогы ғалымдардың қатысуымен салынды. Бұл туралы «ДСК Приоритет» ЖШС басшысы Жанна Кенжина, - Бүгін біз ғалымдармен бірге сынақ участогын салып жатырмыз. Сынақ участогы асфальттың жаңа құрамымен ерекшеленеді. Бұл қоспа құрамы су өткізу, температураға төзімділік, калийге және жарықтарға төзімділік қасиеттері жағынан оң нәтиже көрсеткен. Қоспа Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жолдарында сынақ участогында пайдаланылған. Біз қоспаны Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының деректер базасында «жасыл» статусқа ие болғандықтан қолдануға алдық. Себебі ол сынақтан өткен, жақсы сапа көрсеткіштері мен нәтижелер көрсеткен асфальтбетон қоспасының модификаторы. Біздің мақсатымыз сапалы жаңа технологияларды пайдалана отырып ұзақ, әрі сапалы жол салу, - деді.
Анықтама ретінде:
Қайта жаңғыртумен 72 км., яғни 2 жоба қамтылған. Жобалардың жалпы құны 38,5 млрд. теңге.
2023 жылы 8 млрд. теңге сомаға 34,6 км жолға асфальтбетон жабынын төсеу жоспарланса, 2023 жылы 39,6 км асфальтбетон жабыны төселді.
2024 жылы автожолдың қалған 24,7 шақырымына 15,6 млрд. теңге бөлініп, жобаларды пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі таңда жолдың 1,9 км төменгі қабаты төселген.
Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6176 км, оның ішінде республикалық маңызы бар 1421 км жол болса, жергілікті маңызы бар жолдар 4762 км.
2024 жылғы 1 қаңтарға республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі – 73%, жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі – 52% құрады.
2024 жылы облыстағы барлық жолдарда жалпы сомасы 116,0 млрд. теңгеге 576 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz,
Фото: zhaikpress.kz