1.07.2024, 21:00
Оқылды: 47

Полиция қызметкері «Толағай» алыптар сайысында жеңімпаз атанды

Орал қаласындағы «Nur-Еr» туристік ат спорты кешенінде «Толағай» алыптар сайысынан облыс чемпионаты өтті. Ұлы Даланың батырларын насихаттау, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай Орал қаласы мен өңір аудандарынан жиылған 15 алып қатысты. Бұл туралы БҚО ПД-ның баспасөз қызметі жазды.

IMG-20240701-WA0076

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа келген жігіттер 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келі қапты 1 минут ішінде екі қолмен иыққа салу, 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді бес сайыс түрінен сынға түсті.

Ірісі 140, уағы 86 келі тартатын жігіттер барлық сыннан мүдірмей өтуге тырысты. Әсіресе центнер тартатын қапты иыққа салу жарысы қиынға соқты. Жалпы жарыстағы қай-қай сын да жігіттерге оңай соқпады.

Көпшілікке қара күш пен ерік-жігердің нағыз үлгісін көрсеткен сайыс қорытындысы бойынша «Облыс Толағайы» атағын БҚО Полиция департаментінің қызметкері полиция майоры Александр Сомов жеңіп алды.

IMG-20240701-WA0077

Жеңімпаз атанған спортшы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале