3.07.2024, 18:30
Оқылды: 181

Ақжайықта 40 жыл өмірін білім саласына арнаған маман зейнетке шықты

40 жылға жуық өмірін білім саласына арнап, мамандығына адалдық танытқан ауданға белгілі азамат Максим Үмбеталиев зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шықты. Осыған орай аудан әкімі Мұрат Сердалин азаматты арнайы қабылдады.

352E775B-F983-4800-A221-FCA405110B61

– Ауданның білім саласында сіз атқарған іс орасан. Талай шәкірт тәрбиелеп, ізбасарларыңызға анық бағыт-бағдар көрсеттіңіз. Әсіресе балалар туризмін дамытудағы үлесіңіз ерек. Тынымсыз еңбектің нәтижесі – тауы жоқ жазықта өскен балаларымыз талай биік шыңды бағындырып, жеңімпаз атанды. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді ол.

Осыдан кейін аудан басшысы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, облыстық білім басқармасының басшысы және өзінің құттықтау хаты мен естелік сыйлық табыс етті.

Сондай-ақ еңбек ардагерлері Дәулетжан Жақсыбаев, Бақтығали Қоспаев, Мәншүк Мәмбешова әріптестеріне ізгі тілектерін білдірсе, Шәмшия Имаққызы аудандық білім беру бөлімі басшысының құттықтау хатын ұсынды.

Өз кезегіңге мерейгер өзіне көрсетілген құрметке алғысын арнады.

– Менің жанымда әрдайым жақсы адамдар, еңбекқор жандар көп болды. Солармен бірлесіп, жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Менің еңбегімді бағалап, ілтипат көрсеткендеріңізге дән ризамын. Ауданымыз көркейіп, өсе берсін, - деді ол өз сөзінде.

Максим Жаншаұлы еңбек жолын №2 Чапаев қазақ орта мектебінен (қазіргі М.Әуезов атындағы ЖОББМ) бастаған. №3 Чапаев негізгі мектебінің директоры болды. 1994 жылдан бастап жаңадан ашылған Абай атындағы мектеп-гимназияның директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейіннен директоры, 2002-2005 жылдары Ақжайық ауданы білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 2005 жылы жаңадан құрылған аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығын күні бүгінге дейін басқарды.

Ол білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ғана емес, аудандық қоғамдық кеңесінің, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағаларыда болды. Білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде Максим Жаншаұлының қатардағы ұстаздардың еңбек қатынастарындағы заңды құқықтарын қорғауда еңбегі орасан.

Білім саласындағы ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін М.Үмбеталиев «ҚР туризмінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен, «Ерең еңбегі үшін» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале