Кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің билік өкілі екенін ескермей, олардың заң аясында талап еткендеріне бағынбай, елемеушілік танытады.
Билік өкілдеріне бағынбағандар ҚР Қылмыстық Кодекстің 379-бабына сай аса үлкен көлемдегі айыппұл төлеуден бастап, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Бұл туралыБҚО ПД баспасөз қызметкері Асылай Талғатқызы айтып берді.
«БҚО ПД Тергеу басқармасының бөлім басшысы полиция подполковнигі Алиев Ерлан Төлепқалиұлының сөзіне сүйенсек, жыл басынан Қылмыстық Кодекстің 380-бабына қатысты билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету фактісімен 14 факті тіркелді, оның ішінде, қылмыс құрамының болмауына байланысты 2 іс қысқартылып, 7-еуі сотқа жолданды. Ал, 378-бабы бойынша 23 іс тіркелді, оның 7-еуі сотқа жолданды, 3 іс өндіріспен қысқартылды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 378-бабы бойынша билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау – сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланса, аталмыш кодекстің 380-бабына сәйкес билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты не қызметтік міндеттерді орындағаны үшін одан кек алу мақсатында оған немесе оның жақындарына қатысты өлтірумен, денсаулыққа зиян келтірумен, мүлкін бүлдірумен немесе жоюмен қорқыту – екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.
Заң жүзінде тәртіпке бағынбаған тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген фактілердің кейбіріне тоқталар болсақ, сот шешімі шыққан материалдың бірі ағымдағы жылы наурыздың 4 күні сағат түнгі 04:00 шамасында орын алды. Орал қаласындағы Брусиловский көшесінде сол аумақта қызметтік міндеттерін атқарып жүрген тәртіп сақшылары Орал қ. ПБ Шаған Пб Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты және оның қасындағы УПИ көмекшісі көшеде қолына ішімдік ұстап шайқалып бара жатқан адамды көріп, тоқтатып, заң тәртібін түсіндіре бастайды.
Алайда тәртіп сақшыларына елемеушілік танытып, балағаттап, сұрақ-жауап алу кезінде полиция қызметкерінің ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтқан. Кейін аталған іс-әрекеті үшін 1987 жылы туған Зашаған кентінің тұрғыны ҚР ҚК-нің 378-бабының 1-бөлігі (Билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау), 380-бабының 3-бөлігіне сәйкес (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) заң алдында жауапталды, - дейді ол.
Сондай-ақ, Орал қ.ПБ қызметкері полиция кіші сержанты қаланың орталық базарында жаяу патрульдеу кезінде белгісіз біреудің өз автокөлігін көлік тұрағындағы арнайы мүгедек белгісі көрсетілген тыйым салынған жерге қойғанын айтып Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 597-бабы 4-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылғанын мәлімдеп, көлік құжаттарын сұрағанда, келіспей тәртіп сақшысына наразылық білдірген.
Одан әрі полиция сержанты қарсылық танытқан азаматты тәртіпке шақыруға тырысады. Алайда ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 4-бөлігі бойынша толтырылған хаттамаға наразылық білдірген ол полиция қызметкерінің талаптарына бағынбай, балағат сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Тіпті, қызметтік міндетін атқару барысында жүрген тәртіп сақшысына қарсы күш қолданып, дене жарақатын келтірген. Нәтижесінде полиция қызметкеріне қарсы күш қолданғаны үшін айыпты деп танылып, қажетті әрі мақсатты материалдар мен анықтамалар жинақталып, іс сотқа жолданған.
«Тағы да осыған ұқсас жағдай, тамыз айының 4 күні кезекші бөлімге Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері патрульдеу кезінде қаладағы Жамбыл көшесінің бойындағы үйлердің бірінің ауласында бірнеше адамдар ішімдік ішіп, жанжалдасып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері құқық бұзушыларға заң талаптарын түсіндіре отырып, түнгі уақытта ішімдік ішіп, бұзақылыққа барғандарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440 және 437-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтыратындарын айтады.
Алайда, бұл жағдайға келіспеген құқық бұзушылар тәртіп сақшыларын балағаттап, оларға қарсы шығып, оларға дене жарақатын келтірген. Жоғарыда көрсетілген кодекстің 378-бабына қатысты, яғни билік өкілін қорлау фактісімен, 379-бапқа қатысты, билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбай, 380-бабы билік өкіліне қатысты күш қолдану фактісімен Б. есімді азамат жауапқа тартылды», - деді Асылай Талғатқызы.
Құқықтық тәртіпті сақтау әр адамның жеке басының жауапкершілігіне, құқықтық сауаттылығына байланысты.
Тәртіп сақшыларына қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттерге жол берген азамат әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескергендері жөн.