11.04.2023, 10:01
Оқылды: 68

Президент атынан ауызашар берілді

Өткен сенбінің сәруар кешінде Орал шаһарындағы «Ақ  сарай» мейрамханасының іші Алла  разылығы үшін ораза ұстаған жамағатқа лық толды. Мұнда ел Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың атынан  ақ  дастарқан  жайылып,  Ақ  Жайық өңіріндегі бір қауым елге ауызашар  берілді.

9ce876b0-005c-4fa2-9cbd-fbc59d603aae

Ауызашарға облыс орталығы мен аудандарынан қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, еңбек ардагерлері мен дін қызметкерлері, мешіт жамағаты мен жастар қатысты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиналған жұртшылықты Рамазан айымен құттықтап, іс-шараның басты мақсаты – халқымызды жақсылыққа, береке-бірлікке, ізгілікті іс жасауға шақыру екендігін атап өтті.

– Баршаңызды әр мұсылман баласы үшін мың айдан қайырлы саналатын Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Осынау күндері жасалған ізгі амалдар, ғибадат-құлшылықтар мен дұға-тілектер қабыл болады дейді. Бүгін, міне, Президентіміз барша қазақстандық үшін, әр облыста, ауызашар дастарқанын ұсынып отыр.

Ондағы мақсат – иманымызды  күшейтіп, бауырмал халқымызды жақсылыққа, береке-бірлікке шақыру. Жалпы, Рамазан айы – мұсылмандар үшін қасиетті де ерекше ай. Осынау сәтте өңіріміздің дамуы үшін атсалысып, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, ел үшін елеулі еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шексіз алғысымды  білдіремін.

Соңғы екі-үш жылда біздің ел қиын кездерді бастан өткерді. Пандемия, одан кейін қасіретті «Қаңтар оқиғасы» болды.  Мұның бәрі халқымызға оңай тиген жоқ.

Соған қарамастан ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында осындай сындарлы сәттерді еңсере білдік. Оның барлығы елдегі тұрақтылық пен береке-бірліктің арқасы деп білемін. Мемлекет басшысы отандастарымызды елін құрметтеуге, ұлтын сүюге, халқын қастерлеуге үнемі үндеп келеді. Біздің ортамызда да елінің жанашыры атанған азаматтар жетерлік. Олар көмекті қажет ететін тұрғындарға әртүрлі деңгейде қолұшын созудан шегінген емес. «Бақара» сүресінде: «Жақсылық жасауға асығыңдар» деп айтқандай, қашанда бір-бірімізге көмектесіп, жақсылық жасауға, сауап алуға асығайық. Сөз соңында айтарым, елімізде мығым бірлік болғай! Бірлік болса, қоғамда тыныштық та, ынтымақ та болады. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік, – деп ізгі тілегін жеткізді облыс басшысы Нариман  Төреғалиұлы.

Сауабы мол берекелі басқосуда облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Ғұмар Құрақов ұлық айдың қадір-қасиеті туралы айтып, мейірім мен ізгілік, қанағат пен сабыр салтанат құратын қасиетті уақытта жасаған дұға-тілектердің қабыл болуын тіледі. Одан әрі жастар атынан сөз алған «Сырым елі» газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлы  сауаптар еселенетін қасиетті айда жиналған қауымды қайырымды болуға, аз қамтылған отбасыларға көмектесуге шақырды. Сонымен қатар Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешітінің наиб имамы Саят Қанатқалиұлы қасиетті Құран аяттарын оқыса, Орал орталық мешітінің бас имамы Самат Әлібаев дұға етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі. Ауызашарды облыстық қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов жүргізді. Өңірімізге танымал дәстүрлі әнші, термеші Фархат Оразов пен Дастан Есентеміров  терме  орындады.

 

Алтынбек Ермекқалиев,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале