7.12.2022, 18:00
Оқылды: 50

Президент Қазақстанда бизнес жүргізудің бұлжымас шарттарын атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстанда бизнес жүргізудің бұлжымас шарттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2

«Кәсіпкерлерді қорғауда Бас прокуратураға, «Атамекен палатасына» және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге айрықша рөл беріліп отыр. Өз кезегінде бизнес те парасатты жұмыс істеп, заңнаманы мүлтіксіз сақтауы керек. Бұл өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бизнестің парасаты мынандай ұғымдармен тығыз байланысты.

«Нарықтық бәсекелестік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, салық адалдығы біздің елде бизнес жүргізудің ажырамас шартына айналуы керек», - деді Президент.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале