20.01.2026, 15:00
Оқылды: 58

Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды

5438141578947005738

«Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады.
Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда.
Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ. Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді.
Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім.
Қазір мен Ұлттық Құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді».«Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам.

5438141578947005752
Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін.
Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын.
Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым.
Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Ал, депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды.
Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді.
Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру.
Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс.
Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!
Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді.
Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек».

Дереккөз: akorda.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале