2.10.2023, 16:15
Оқылды: 39

«Призма»: Оралда тағы алты камера орнатылды

Бұл камералар 4-інші қазаннан бастап іске қосылады. Бұдан бөлек енді Оралда «Мына жерде камера бар» деген ақпараттық белгілерді алып тастауы мүмкін. Бұл туралы бүгін БҚО Полиция департаментінде өткен брифингте айтты.

ca1754b0-f6d7-45c7-a667-e418358c4d25

Журналистер алдына БҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Олжас Ибрайымов келді.
- Орал қаласы аумағында жылдамдық өлшейтін алты жүйені іске қосқалы жатырмыз. Олар Орал-Саратов тас жолы, Мөңкеұлы, 91/3 үйге қарсы жолдың бетінде, Гагарин көшесі, 151-і үйге қарсы жолдың беті, Назарбаев даңғылы, 155 үйдің маңы, Төле би көшесі, 51-і үйге қарсы жерге, Тәуелсіздік көшесі, 11/1 үй маңайына орнатылды. Бұл камералар көлік қозғалысы көп, қауіпті жолдарға қойылып отыр. Біздің мақсатымыз көшедегі көлік қозғалысын қауіпсіз ету, адам өмірін сақтау. Сол үшін қала көшелеріндегі жылдамдық өлшегіш камераларды көбейтіп жатырмыз, - деді БҚО Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Олжас Ибрайымов.
Бұл камералар 4-інші қазан, түнгі 00:00-де іске қосылады.
Қазіргі уақытта қала көшелерінде жылдамдық өлшейтін 55 камера бар. Енді оған тағы алты камера қосылады.
Қалаға қазір қойылып жатқан камералар «Призма» деп аталады. Бұған дейін қалаға шілде айында 15 камера қойылған болатын.
Жыл басынан бері облыста 72 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Соның ішінде шілде айында орнатылған «Призма» камерасы арқылы 19 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактісі тіркелген.
- Бүгінде жол ережесін бұзғандарға жыл басынан бері 882 миллион айыппұл салынды. Бүгінде 771 миллионнан астам айыппұл өндірілді. Біздің айыппұлды өндірудегі мақсатымыз халықты қанау емес. Керісінше азаматтар жауапкершілік жүгін түсінсе екен дейміз. Жолда жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұлды бір төлейді, екі төлейді. Әр азамат содан кейін ойлануы керек. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлей бергенше жолда ережені сақтап, заңға бағынып жүрудің тиімді екендігін ұғынса дейміз, - дейді Олжас Ибрайымов.

Полиция департаменті қазіргі уақытта жол жиектеріндегі «Мына тұста бейнекамера бар» деген белгіні алып тастау мәселесін қарастырып жатыр.

- Себебі біздің азаматтарымыз сол белгіге қарап, камерасы бар жерде жылдамдықты төмендетіп, кейін қайтадан жылдамдықты асырып жүре береді. Бұл өз кезегінде жүргізушінің де, көшедегі басқа адамдардың да өміріне қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Қалада қанша жылдамдық белгіленсе сол жылдамдықпен жүруі керек. Камера бар ма, жоқ па оған қарамағандары дұрыс, - деп аяқтады сөзін полиция майоры Олжас Әзімбекұлы.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале