ҚР Бас прокуратурасының хабарлауынша, Алматы облысында 20 жеке сот орындаушысының букмекерлік кеңселерде тұрақты түрде ойын шоттарын толықтырып, құмар ойындарға жүйелі түрде қатысқаны анықталды. Олардың бәс тігуге аударған қаражатының жалпы көлемі 180 млн теңгеге жуықтаған.

Тексеру барысында шоттарды толықтырудың сорақы фактілері белгілі болды: сот орындаушыларының бірі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге салса, екіншісі 26 млн теңге аударған. Жария-маңызды функцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың бұндай ірі көлемдегі қаражатпен құмар ойындарға қатысуы кәсіби әдеп қағидаттарына қайшы келеді және қоғамның жеке сот орындаушылары институтына деген сеніміне кері әсер етеді.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілері Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданып, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдау мәселесі қойылды.