4.04.2023, 13:00
Оқылды: 48

Райса Еркеғалиева: «Ауылдарда атқаратын іс әлі көп»

 

Мемлекеттің  идеясы мен саясатын жүзеге асырып,  елді  өркениеттің  өріне  сүйрейтін  жандар мемлекеттік қызметшілер екені белгілі. Осындай  жауапты  қызметте жүрген жанның бірі – Райса Еркеғалиева. Ол облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы өңірлік даму бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

раиса Жумахметкызы еркегалиева1

Райса Жұмахметқызының мемлекеттік қызметте еңбек еткеніне биыл 27 жыл толып отыр. Ол 1965 жылы қазіргі Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында дүниеге келіп, туған жерінде мектеп бітіреді. Бойжеткен Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, үздік оқиды. Ленин атындағы стипендия иегері атанады. Білімді жас маман Қаратөбе ауданына қарасты Аққозы ауылының азаматы Төлеген Ескендірұлымен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Осы ауылда тұрған жиырма жылдай уақыттың 10 жылында Райса Жұмахметқызы ауыл әкімі болып еңбек етті. Жауапкершілігі зор қызметте жүрсе де, ата-ененің бабын тауып, жұбайы мен қос ұлының жағдайын жасауды ұмытпады. Бүгінде жұбайы екеуі – немерелерінің аяулы ата-әжесі. Ұлдары – Қыдыр мен Талғат әке жолын қуып, құқық қорғау саласында қызмет  етіп  жүр.

– Орал қаласына қоныс аударғаннан кейін қазір қызмет етіп жүрген басқармаға (ол кезде департамент) орналасқан едім. Бүгінде өңірлік даму бөлімінің мамандары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдап, мониторинг жүргізеді. Аудан-ауылды көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын үйлестіреді.  Мәселен,  2009 жылы елімізде «Дипломмен ауылға» жобасы іске қосылды. Күні бүгінге дейін  облыста осы бағдарлама бойынша 8500-ге жуық маман мемлекеттік қолдау алды.  Қолдау шаралары дегеніміз – баспана алу немесе салу үшін берілетін несие, біржолғы көтерме жәрдемақы. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің өзгеруіне байланысты біржолғы көтерме жәрдем-ақының да көлемі ұлғайып келеді. Қазір жас маман 1500 АЕК мөлшерінде несие ала алады. Ал бір жолғы әлеуметтік көмек – 100 АЕК.  2024 жылдан бастап аудан орталықтарына жұмысқа баратын мамандарға берілетін жәрдемақының көлемі 2500 АЕК-ге дейін өсуі мүмкін. Әрине, бұл да жастар үшін көмек, кең қолдау деп білемін, – деді Райса Жұмахметқызы. Аталмыш бағдарлама  елді мекендердегі білікті кадр тапшылығын шешуімен маңызды. Бүгінде қолында күректей дипломы бар әлеуметтік сала қызметкерлері, ветеринарлар, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, мемлекеттік қызметшілер ауылдарға барып қызмет ете алады. Бір айта кететін жайт, «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберіндегі әлеуметтік қолдау шараларын алған мамандар міндетті түрде сол ауылда 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Егер бұл келісімшартты өз ынтасымен бұзатын болса, бюджет қаражатын толық қайтаруы қажет.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы қолдау шараларын алатындардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ бір айта кететін жайт, мамандарға неғұрлым көп несие берілсе, соғұрлым жергілікті бюджетке  салмақ түседі. Себебі жергілікті бюджет есебінен алынған кредиттің игерілген сомасының 2,5 пайызы сенім білдірілген өкілге төленіп отырады. Шыны керек, өткен жылдары шалғай ауылдарға баратын мамандарға берілетін үйлердің құнын жоғары бағалап, мемлекеттің қаражатын тиімсіз жұмсаған деректер кездесті. Кейін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын бақылап, талдап отырған мамандардың айтуымен заңға өзгерістер енгізілді. Қалай десек те, алыс ауылдардағы маман тапшылығын әлі жоя алмай отырмыз. Жастарды баспана да, көтермеақы да қызықтырмай тұр. Мемлекет тарапынан елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік, инфрақұрылымдық қуатын жақсартатын жағдайлар жасалуда. Бірақ бәрібір жылдан-жылға ауыл тұрғындарының саны азайып келеді. Аудан әкімдерінің мәліметтеріне сүйенсек, былтыр ауылдық жерлерде 314 968 адам тұрған. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауылдарда 312 774 тұрғын бар. Олардың қалаға үдере көшуін тоқтату үшін тиімді шараларды қарастыруымыз керек, – деді Райса Еркеғалиева.

Мемлекеттік қызметші айтып өткендей, биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асады. Ауыл тұрғындарына жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.  Сол үшін біздің өңірге 6,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Биыл осы қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалану басты мақсат боп тұр. Себебі бұрында да осыған ұқсас бағдарламалар болды. Бірақ нәтижесі көрінбеді, бәлкім, қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Райса Жұмахметқызы: «Енді қателіктен сабақ алып, кемшілікке жол бермеуіміз қажет. Қаражат «жұмыс істеймін, ауылдың жағдайын түзеймін, ауыл шаруашылығы өнімін өндіремін немесе өңдеймін» дейтін, қолынан нақты іс келетін адамның қолына тисе екен деп тілейміз», – деді.

Бұл тілектің орындалуына жергілікті жердегі әкімдер мен жеңілдетілген несиені алушылар да мүдделі болуы керек. Мысалы, «Осындай гектар жерге картоп егемін», «Төрт сиыр сатып алып, сүт өндіремін» деп жоспар жасап, несиеге сұраныс беріп жатқандар бар екен. Бірақ олар ақша қолдарына тиген соң, сол кәсіпті қолға ала ма? Міне, осындай мақсат-міндеттердің орындалу-орындалмауы қадағалануы керек. Бөлім басшысы айтқандай, қазір қымбатшылық қысып тұр. Облысқа сүт пен сүт өнімдері алыс-жақын шетелден әкелінеді. Сондықтан импорттап отырған өнімдерді облыста өндіріп, тұрғындарға тиімді бағада сатуды қолға алатын кез келді. Күні кеше Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту – маңызды міндеттің бірі деп атады. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек екенін айтты. Сол үшін де «Ауыл аманаты» жобасы  қолға  алынуда.

– Президенттің өзі ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендетуге аса маңыз беріп отыр. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асырып келеміз. Жоба ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Бағдарлама бойынша берілетін мемлекеттік қаражатты болашағы бар елді мекендердің игілігіне жұмсау көзделуде. Ал перспективасы бар елді мекен болуы үшін халықты бір жерге шоғырландыруымыз керек. Мысалы,  облыста 416 елді мекен бар. Олардың  50-інде тұрғындардың саны 50 адамға жетпейді. Сәйкесінше, мұндай ауылдарда су, жол, газ жоқ. Ауыл тұрғындарының мектеп пен жол салып, ауыз су жеткізуді сұрайтындары жасырын емес. Алайда мемлекет үшін ол жерлерге қаражат жұмсау тиімсіз. Себебі бірнеше млн теңгеге ауыз су жеткізгенмен, оны тек 15 адам тұтынуы мүмкін. Ал су құбырының барлық шығынын кім өтейді? Сол сияқты бес-он адам тұратын ауылдардағы мектептерде бала саны жетіспейді. Мектепті ұстап тұру үшін қыруар қаражат керек. Мектеп жабылса, ауыл да қаңырап, бос қалады деген сөз. Яғни бұл мәселенің «қасқыр да тоқ, қой да аман»  дейтіндей тиімді шешімін таба алмай келеміз. Ауылдардың географиялық ерекшеліктерін ескеріп, теңгерімді сақтап, халықты оңтайлы орналастыру маңызды. Себебі бұл мәселенің де екінші жағы бар. Біздің облыстың жер аумағы үлкен. Бір ауданның шеткі ауылындағы халықты өзге жерге көшіріп әкетсек, ауыл қаңырап қалуы мүмкін. Облыстағы жеті аудан шекара маңында орналасқан. Соның ішінде Бөкей ордасы, Жәнібек, Шыңғырлау аудандары тұрғындарының саны азайып келеді. Сондықтан болашағы бар ауылдарды дамытамыз деп жатқанда, шекара маңындағы ауылдар иесіз қалайын деп тұр. Шекара маңындағы елді мекендерді бос қалдырмас үшін мемлекет тарапынан тиімді шаралар қарастырылуы керек. Мәселен, тұрғындарды тұрақтандыру үшін жаңа жұмыс орындарын құру, зейнетақы мөлшерін ұлғайту, зейнетке шығу жасын  өзгерту немесе еңбекақыға қосымша ақы қосу. Әйтпесе, бос жатқан жерге «көз алартып», қызығатындардың болуы кәдік. Мысалы, Бөкей ордасы ауданын алатын болсақ, оның арғы жағындағы көрші елдің Басқұншақ, Палласовка деген елді мекендерінде өзіміздің қара көздеріміз тұрады. Бәлкім, ел Үкіметі сол қандастарымызды бері көшіру жағын ойластыратын шығар.

Қандастарды елге қайтаратын уақыт келген сияқты, – деді Райса Жұмахметқызы. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде елді мекендерді жаңғыртуға бағытталған индикаторлар белгіленген. 2027 жылға дейін облыстағы болашағы бар 223 ауыл жаңғыртылуы керек. Ол үшін  халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, табысын арттыру  міндеті  тұр.

Райса Жұмахметқызының айтуынша, алдағы уақытта елімізде «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң қабылданады. 2021 жылы «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қолданысқа енді. Соған сәйкес ауылды тұрғындардың өздері «басқаруы» керек. Яғни тұрғындар ауыл әкімдігіне қанша қаражат бөлінеді, ол қандай мақсатта жұмсалады, неше шақырым жол салынады немесе жөнделеді, қандай әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтетіні секілді басқа да атқарылатын жұмыстарды біліп, олардың орындалуын қатаң бақылауы керек.

Осылайша қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермейді. Мемлекеттің ұстанып отырған саясатын, елді дамытуды көздейтін басым бағыттарды, ұлттық жобалардың мақсат-міндетін тұрғындарға жеткізіп, түсіндіру – сол жердегі ауыл әкімі аппаратының міндеті. Себебі халық барлық жаңалықпен дер кезінде құлақтанып отыруы керек.

– Ауылдарда атқаратын іс әлі көп. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруді, өңдеуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Жоғарыда айтқанымыздай, мамандар тапшы. Ауылдарда ағылшын, химия, физика, математика пәндерінің мұғалімдері, дәрігерлер жетіспейді. Ауылдардың бәрінде бірдей таза ауыз су, көгілдір отын жоқ. Жолдардың сапасы сын көтермейді. Интернет қосылмаған ауылдар бар. Аудан-ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға білікті жас мамандарды тартудың маңызы зор. Мына бір жағдай есіме түсіп отыр. Бір аудандағы дәрігер жас маманның ауылға қарағанда,  қалада еңбекақыны екі есе көп таба алатынын айтқанын естідім. Ол шаһарда екі-үш жерде қызмет етуге болатынын, қалада түнгі мезгілде ешкімнің жұмысқа шақырып, мазаламайтынын әңгімеледі. Бұл жап-жас жігіттің жанының тыныштығын ойлап отырғаны ма? Жалғыз ол емес, қалада тұрғысы келетін жастар көп. Сонда ауылдағыларға кім қызмет көрсетеді? Бұл жерде денсаулық сақтау басқармасы тиімді кадрлық саясат жүргізуі керек деп ойлаймын. Қай салада болса да, мамандардың ауылдарда тұрақтап қалуына сеп болатын шараларды қолға алуымыз керек, – деді мемлекеттік қызметші.

Бөлім басшысы Райса Жұмахметқызының әр сөзінен қызметінің қыр-сырын терең меңгергенін аңғардық. Ауылды көркейту, мемлекетті дамыту жолындағы өзекті мәселелерді де ашып айтты. Тәжірибелі маманның кәсіби білікті мемлекеттік қызметші екеніне тәнті болдық. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының экс-басшысы Медет Айдынғалиев те әріптесі жөнінде жылы пікір айтқан еді. «Мен басқа қызметте жүрген кезімде-ақ Райса Жұмахметқызының жастарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсететініне куә болған едім. Ол – ауылдық жерде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған, атқарып отырған лауазымына лайық маман. Ұжымдағы әріптестер арасында сыйлы, беделді қызметкер», – деді.

 

Ясипа Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале