Елімізде атом электр станциясының (АЭС) құрылысын бастау мәселесіне қатысты референдум өтуде. Бұл маңызды шараға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да белсенді қатысуы қоғам назарында.
Батыс Қазақстан облысында облыстық мүгедектер қоғамы тағдырлы жандардың таңдау жасауына барынша жағдай жасады. Қоғам инватакси қызметін іске қосты. Бұрыннан біржолға қойылған аталмыш қызмет жұмысы сайлау күні тіптен қызды. Инватакси жүргізушісі былай күндері күніне екі-үш рейс жасайтынын айтса, сайлау учаскелері ашылған бірнеше сағаттың ішінде рейс саны күрт өскен.
Биылғы референдумның мақсаты – тұрғындардың АЭС салуға қатысты пікірлерін білу және олардың қауіпсіздік, экологиялық және экономикалық аспектілер туралы көзқарастарын ескеру. Бұл маңызды шарада облыстың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс беру барысы ерекше назарға алынды. Арнайы ұйымдар мен волонтерлер олардың алаңсыз дауыс беруіне барынша жағдай жасады. Дауыс беру күні мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз құқықтарын қорғап, өз пікірлерін білдіру үшін дауыс беру учаскелеріне бара алды. Солардың бірі – Қайрат Нұғманов.
– Осы уақытқа дейін ешқандай саяси науқаннан тыс қалған емеспін. Бұл шараның нәтижесі тек атом энергиясына ғана емес, жалпы қоғамдағы инклюзивтілікті арттыруға да оң әсер етеді. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай белсенді қатысу - әрбір азаматтың басты борышы деп санаймын. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт, - дейді Қайрат Нұғманов.
Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша бүгінгі айтулы күнге орай сайлаушыларды өз учаскелеріне арбамен тасымалдау ұйымдастырылды. Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін инватаксидің 4 түрі, олар – көру қабілеті нашар адамдарды, кресло-арбамен қозғалатын, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек адамдарды, онкологиялық аурулары бар мүгедек адамдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген психоневрологиялық және хромосомалық бұзылулары бар балаларды тасымалдау бойынша қызмет көрсетілді.
Бүгінгі шарада барлығы 50 автокөлік, оның ішінде кресло-арбаға арналған гидравликалық жетегі бар 10 мамандандырылған машина жұмылдырылып, барлығы762 адам жүгінді, оның 417-і ересек және 345-і мүгедек бала. Референдум өткізу кезінде мүгедек адамдарды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін 14 автокөлік жұмылдырылды.