6.10.2024, 12:25
Оқылды: 45

Референдум күні: Оралда студенттер белсенділік танытып жатыр

6 қазан күні сағат 7.00 шамасында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде орналасқан №268 учаскеде дауыс беру салтанатты түрде ашылып, ҚР Әнұраны шырқалды. Содан соң қызу жұмыс басталып, тұрғындар кезекпен тіркеле бастады.

IMG-20241006-WA0175

– Бұл учаскеге 1421 дауыс беруші тіркелген. Оның 300-ден астамы студент. Референдумға тұрғындар, жастар белсенді түрде қатысуда. Біз оларға сыйлықтар дайындап қойдық. Кейбір тұрғындар учаскеге отбасымен бірге келеді. Оларға да сый-құрмет көрсетеміз. Ертемен ең бірінші келген тұрғынға да сый ұсындық. 7 байқаушы осы жердегі жұмысты жіті бақылап отыр. Кешкі сағат 20.00-ге әлі біраз тұрғын дауыс береді деп ойлаймыз. Үйден дауыс беруге өтініш білдіргендер де бар, – деді Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры, №268 учаскенің төрайымы Алтынгүл Қайырлиева.

IMG-20241006-WA0174

Алтынгүл Жақсығұлқызы дәл осы күні 18 жасқа толған Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 1-курс студенті Ақнұр Досқалиға сыйлық тарту етті.

– Тәуелсіз Қазақстанның азаматшасы ретінде алғаш рет дауыс бердім. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Осы елдің әр азаматы мемлекеттің дамуына, гүлденуіне үлес қосуы тиіс. Өз басым елімізде орын алып жатқан оқиғаларға, өзгерістерге бейжай қарай алмаймын. Әрбір азаматтың дауысы маңызды, – деді Ақнұр Елубайқызы.

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 3-курс студенті Жаннұр Салимова да ойын айтып, АЭС-тің салынуын қолдайтынын жеткізді.

IMG-20241006-WA0176

– Әрбір азамат дауыс беруге құқылы. Меніңше, АЭС-тің пайдасы өте көп. Осындай маңызды шешімдер еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденіп, инновациялық жобалар көбейеді, – деді Жаннұр Боранқызы.

 

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале