Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен салалық жұмыс топтарының отырысы өтті. Басқосуда кәсіпкерлер құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы өңірлік және республика деңгейінде шешімін күткен түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдарының жай-жапсары талқылады.
Жұмысшы топтарының отырысын ашқан облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында ғана Мәжілісте сөйлеген сөзінде кәсіпкерліктің барлық мәселесін, соның ішінде қаржылық- олигархиялық топтармен байланыс, мемлекеттік құрылымдардың тарапынан болатын кедергілер, жосықсыз бәсеке, жекелеген компаниялар мен топтардың мүдделерін көздеу секілді түйткілдердің түйінін шешу бағытында жұмыстанатынын ашып айтқанына тоқталды.
«Бұл салаларда көптеген шешімін күткен мәселе бар, олар бизнестің дамуына салқынын тигізіп қана қоймайды. Олар әлеуметтік сипатқа ие», – деді Ғали Есқалиев.
– Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 3-тармағы 655-бабына сәйкес, егер мердігердің өзіне байланысты емес себептермен жұмыс құны жобалық-сметалық құжаттамадағы бағадан кемінде 10%-ға асып кетсе, онда мердігер сметаны қайта қарауды талап етуге құқылы. Бірақ қазір олай емес. Мысалы, екі миллиардтық жоба бар делік. Ондағы табатын пайда 8%-ға дейін. Сондықтан біздің ұсынысымыз көрсеткішті 10 пайыздан 2-3 пайызға дейін төмендету керек. Сондай-ақ байқау жарияланған тендерлер сапалы жобалық-сметалық құжаттамасымен бірге болуы керек. Құжаттамаға жобалаушылар, сараптамашылар да жауапты болуы керек деп есептейміз. ABC бағдарламасындағы материалдардың құнын ғана емес, сонымен қатар жалақы мөлшерлемелерін де қайта қарау қажет. Қазір олар біздің қызметкерлерге төлейтін жалақыдан 2-3 есе аз. Сондай-ақ өткен жылдардағы заман талабына сай келмейтін барлық жобалық-сметалық құжатты түзету қажет. Құрылыс саласының бас «ауруы» – жұмысшылардың тапшылығы. Дуальды оқыту жүйесі енгізілгенімен, құрылыс колледждері өз беттерімен жұмыс істеуде. Колледж түлектері құрылыс алаңына бармайды. Сондықтан кеңестік кәсіптік білім беру жүйесін қайтаруды ұсынамын. Егер студент бюджет есебінен оқыса, мемлекет оны тамақпен, киім-кешекпен, жатын орынмен қамтамасыз етсе, екі-үш жыл бойына салынған қаражатты өтеп, міндетті түрде құрылыста жұмыс істеуі керек. Бәлкім, бұл түлектің өндіріске «бауыр басуына», алған мамандығы бойынша жұмыс істеуіне септігін тигізер. Кезінде 500-ге жуық адамды құрайтын біздің кәсіпорын ұжымының 80 %-ы колледж түлектерінен құралды. Тағы бір сұрақ – неге шетелдік компаниялармен жұмыс істейтін мердігердің тәжірибесі депозитарийде есепке алынбайды? Әрине, олар мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Бірақ бұл бәрібір өндірістік тәжірибе. Бізде осындай 6-7 мердігер бар. Қазақстандық үлес туралы көп жылдан бері айтып келеміз. Бізге құрылыс индустриясын дамыту керек. Осы уақытқа дейін елімізде санитарлық-техникалық бұйымдар, шыны, ПВХ профильдері және басқаларының өндірісі жолға қойылмаған, – деді «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно.
Басқосуда құрылысшы компаниялардың өкілдері темір-бетон бұйымдары өндірісінің Ресейдің металл прокатына тікелей тәуелді екендігін алға тартты.
– Меніңше, күллі республика деңгейінде «АрселорМиттал» базасында металл прокаттау зауыттарын ашу, арматура шығару мәселесін көтеріп, шешуіміз керек. Әйтпесе, кез келген сәтте өндірістер жұмыссыз тұрып қалуы кәдік. Егер Ресей металл өнімдерін жеткізу жолдарын жауып тастасатоқ, біз не істейміз? Керамзиттік кірпіштер мен іргетас блоктарын жасай алмаймыз, өйткені оларға темір ілмектер қажет. Қазір Қазақстанда өндірілген мұндай өнімдерді іс жүзінде қолданбаймыз. Бұл мәселе бірнеше рет қаралды. Бірде отандық өндірушілердің металл бұйымдары бар вагон келді, бірақ оны ақау деп кері қайтардық. Тағы бір мәселе – өндіріске қажетті газдың жоқтығы. Бұл мәселені құрылыс саласының өкілдері көтеріп үлгерді, – деп «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев өз ойын білдірді.
«СВ плюс» ЖШС-ның басшысы Сәбит Өтебалиевтің айтуынша, 2021 жылы темір-бетон бұйымдарына сұраныс жоғары болған. Қазіргі уақытта компания темірбетон бұйымдарын өндіруді үш есеге арттыруға қауқарлы. «Келісімшарттар бар, аяқталмаған цех 2014 жылдан бері тұр. Бірақ екінші деңгейлі банктер құрылыс саласына несие бергісі келмейді. «Даму» қорынан 6 %-бен жеңілдетілген несие алу мүмкін емес», – деді С. Өтебалиев.
- Баға мемлекеттік сараптама белгілейтін баға болуы керек. Сонда құрылыста сапа болады. Тендерді ұтып аламыз деп, шығынды азайтамыз, сосын бюджетке сиғыза алмай бас қатырамыз. Тендерді жеке техникасы жоқ компания ұтып алатын мысалдар баршылық. Көлік министрлігі тендер өткізген 2000 жылдарының өзінде техниканың, базаның, мамандардың болуына қатаң талаптар қойылатын. Қазір оның бірі жоқ, – деді жиынға онлайн тәртібімен қатысқан «Uniserv center» ЖШС-ның басшысы Нұрғазы Сәтбаев. Өзге де құрылысшы компаниялардың өкілдері мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін көтерді. Ондай мәселе бұдан бұрынғы басқосуларда да талай мәрте айтылған.
– Ұсыныстарыңызды күтеміз, бәсекелестік туралы заң бұзылмас үшін оларды заңды түрде сауатты тұжырымдаңыздар, – деді ұсыныстарды тыңдаған облыс әкімі.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Бибігүл Қонысбаева тұрғын үй қатынастары туралы заңды қайта қарау қажет деген ой-пікірімен бөлісті.
«Тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетіндер «Отбасы банкіне» жүгінеді. Бірақ олардың құжаттарының барлығы банк шарттарына сай болмайды. Сондықтан салы суға кеткен қайсыбірі баспаналы болудың басқа жолын таба алмай, амал жоқтықтан тұтыну кооперативтеріне ақша салады. Осылайша олар ақ адал ақшасынан айырылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда аз қамтылған азаматтардың да мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына жағдай жасау керек», – деді Б.Қонысбаева.
Облыс басшысы мәслихат хатшысының ұсынысына қатысты былай деді:
«Бүгінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Енді бұрынғыдай жалға берілетін баспана салынбайды. Кейде алаяқтық орын алады, жалға берілетін пәтерге қолы жеткендер онда өздері тұрмайды, жалға береді. Бұған жол бермеу үшін жалдау ақысын субсидиялау туралы шешім қабылданды. Бұл болашақта өз баспанасын сатып алатындардың санын арттыруы керек», – деп облыс басшысы мәслихат хатшысының ұсынысына орай жауап берді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өзге де мәселелер мен ұсыныстарға қатысты өз пікірін білдірді.
Жұмысшы мамандарын даярлау мәселесіне келсек, колледждерді 20-30 жылға сенімгерлік басқаруға алыңыздар. Бұл сатып алғанмен бірдей. Өзіңізге қажетті мамандықтарды ескере отырып, өзгертулер енгізіңіз, мықты оқытушыларды тартыңыз, студенттерге гранттар беруге болады. Бұған қомақты қаражат қажет емес. Колледжге жыл сайын 400- 700 миллион теңгеге дейін бөлінеді. Тек мемлекет қаржысын дұрыс пайдалану керек. Колледжді басқаруды жеке компания немесе қауымдастық, консорциум болып алуға болады. Содан кейін басқарушы компаниялар түлектерді жұмыс істеуге міндеттеу мәселесін шешеді. Сонымен қатар маман даярлау, жастарды жұмыспен қамту мәселелері шешіледі, – деді Ғали Есқалиев. Облыс басшысы кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету мәселесі қазірдің өзінде қолға алынғанын, тиісті құжаттардың Президент пен Премьер-Министрге жолданғанын айтты.
«Біз газға бай өлке болғандықтан, өзімізді газбен қамтамасыз ете алмауымыз дұрыс емес», - деп қорытты жиынды облыс әкімі.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz