Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 25 қазан – Республика күні елордада қандай мерекелік шаралар өтетінін айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Республика күніне орай, елордада 200-ден аса мәдени, білім, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандарға экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер, әлеуметтік осал топ өкілдеріне азық-түлік себеттерін тарату, пәтер кілттерін табыстау және басқалары бар. Отшашу болмайды», - деп жазылған әкімдіктің ресми жауабында.
Іс-шаралар орталық алаңдар және ірі нысандар маңайында, сонымен қатар тұрғын алаптары мен білім беру ұйымдарының аумақтарында өтеді.
Бұл күндері қаланың бес ауданының тұрғын алаптарында сағат 12.00-де мерекелік концерттер басталады:
Сарыарқа ауданы – Көктал-2 тұрғын алабы (Қорғалжын алаңы);
Байқоңыр ауданы – Өндіріс тұрғын алабы;
Алматы ауданы – Интернациональный тұрғын алабы (Мереке көшесі, 2/1);
Есіл ауданы – Пригородный тұрғын алабы;
Нұра ауданы – Сығанақ-Айтматов қиылысындағы саябақ.
Айта кетейік, Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда тұрғындары «Менің елім – менің туым!» челленджін бастады. Астананың бес ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-нан астам ту ілінген.