Оралдағы Салтанат сарайында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен XVII республикалық дінтанушылар олимпиадасы өтті. Іс-шараның мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу тұрғысында қарым-қабілетін арттыру, өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және өңірге білікті мамандар тарту.

Олимпиадаға республикада дінтану, исламтану және теология мамандарын даярлайтын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, Қ. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеттерінің студенттерінен құралған 6 жоғары оқу орнының командалары қатысты. Әр командадағы 3 студентті ғылыми жетекші бастап келді. Қазылардың құрамында дінтану, философия, теология салаларының тәжірибелі мамандары мен жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Темур Аманқұл, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, дінтану ғылымдарының магистрі, дінтанушы-теолог Досым Байбосынов және басқалар болды. Республикалық дінтану және теология пән олимпиадасының қазылар алқасының төрағасы, ф.ғ.д., профессор Досай Кенжетай облыстық дін істері басқармасының бастамасына ризашылығын білдірді. Діннің құбылысы, оны негіздеу мәселесі осы саладағы маманның білім-білігімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Дін саласы күннен-күнге қарқынды дамып келеді. Бұл болашақта осы саладағы білікті маманға деген қажеттілікті тудырады. Ал бұл жайт мамандар даярлайтын университеттерге артылған жауапкершілік және жүк болып есептеледі. Сондықтан біз мәселеге бейжай қарамай, өз деңгейімізде қолдау көрсетуді жөн көрдік, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Азат Қаратай. Ол өңірге білім бәйгесі үшін алыстан ат арытып келген студенттер мен олардың жетекшілеріне алғыс білдіріп, сәттілік тіледі. Азат Айболатұлының айтуынша, дінтанушылардың санын арттыруға емес, білікті кадрлар даярлауға күш салынуда. Облыста мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарда, дін мәселелерін зерттеу орталығында 30-дан астам маман қызмет етеді. «Өңірдегі діни ахуал тұрақты. Осы тұрақтылықты сақтау – біздің мүддеміз. Әрине, бұл мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Мысалы, кадрлардың тапшылығына байланысты түйткілдер бар. Аудан әкімдіктерінің жанында қызмет ететін теологтардың, мешіттердегі мамандардың көзқарасы, ой-өрісі дұрыс, бағыты бір болуы керек. Жүйелі жұмыс жоспары бар. Десе де, шалғай жатқан аудан орталықтарында мамандар жетіспейді. Өңірдегі мешіттерде имамдар тапшы. Әсіресе, әйел теологтар қажет. Айта кету керек, кез келген аудан әкімдігінің қолдауымен мамандарға жағдай жасалады. Қызметтік пәтер беру, 300 мың теңгеден кем емес жалақы тағайындау қарастырылған. Осы олимпиадаға қатысқан студенттер, болашақ дінтанушылар алдағы уақытта біздің өңірге қызметке келеді деген үміттеміз», – деді басқарма басшысы Азат Қаратай.
Үш кезеңнен тұрған білім додасында студенттер алдымен «Дін мен ұлттық идентификация: діннің ұлттық және мәдени идентификацияны қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында ой өрбітті. Командалар үй тапсырмасы ретінде алдын ала әзірлеген жобаны қорғады. Жобаның өзектілігі, ғылымилығы, идеялық ерекшелігі, презентацияның көркемдігі, студенттің сөйлеу мәнері бағаланды. «Үздік білімгер» деп аталған 2-кезеңде командадағы әр студенттің жеке білім деңгейі анықталды. Олар «Ahaslides.com» платформасы арқылы дінтануға қатысты тест сұрақтарына жауап берді. Ал 3-кезеңде студенттер ұсынылған ұяшықтардың бірін таңдап, жасырылған тақырыпты талдады. Әр қатысушының белсенділігі, ойды дәл және дәйекті жеткізе білуі ескерілді. Университтер үкілеп жіберген командалардың үздіктері анықталды. 1-орынды Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, 2-орынды Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ал 3-орынды «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің командасы иеленді. Студенттерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаты табысталды.
– Үйге берілген тапсырма бойынша ұлттық бірегейлік тақырыбында жан-жақты зерттеу жүргіздік. Ұлттық бірегейлік дегеніміз – әр ұлттың діні, салты, тарихымен ерекшеленіп тұратын ұлттық коды. Болашақта осы салада қызмет етіп, замандастарымның діни сауатын арттыруға үлес қосқым келеді. Мұндай іс-шаралар студенттерге өте пайдалы, – деді Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 3-курс студенті Ақерке Төлеуғалы (суретте).

– Қазақстанда дінтану саласында, яғни дін және теология мамандығы бойынша студенттер арасында республикалық олимпиада жыл сайын жоғары оқу орындарының базасында ұйымдастырылып жүр. Биыл бірінші рет Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының мұрындық болуымен Орал өңірінде өтуде. Бұл – үлкен трансформация. Бұл, біріншіден, жұмыс беруші мен білім алушының немесе кадр даярлаушы мекеменің арасында байланыстың орнағанын көрсетеді. Екіншіден, жоғары оқу орындары үлкен қалаларда орналасқандықтан, ол жерде оқып жатқан студенттер көбіне аймақтағы ахуалға мән бермеуі мүмкін. Сондықтан өңірлерде кадр тапшылығы бар. Өйткені жас мамандар қалада жұмысқа қалып қоюға тырысады. Ал жарыстар аймақтарда ұйымдастырылса, олар жергілікті жердің тыныс-тіршілігімен танысады. Бұл жерде бейтараптылық деген де мәселе бар. ЖОО-ларда олимпиадалар көп өтетіндіктен, белгілі бір тәртіп қалыптасқан. Ал бейтарап мекеме ұйымдастырса, жаңашылдықтар көріне бастайды. Қалыптасқан шаблоннан шығуға болады. Олимпиаданы елімізде бірінші болып Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы ұйымдастырып отыр. Бұл өте маңызды және студенттер, ұстаздар, жоғары оқу орындары мен дін істері басқармалары үшін де жаңашылдық деуге болады. Мүмкін өзге аймақтағы басқармалар да Оралдан үлгі алатын шығар. Себебі қазіргі қоғамдағы сұраныс мамандарды тек теориялық тұрғыдан даярлау емес. Нарыққа сай, жұмыс берушінің талабына сай кадр даярлау. Жұмыс берушілер мен университеттердің арасындағы қоян-қолтық байланыс білім бағдарламаларының сапасын да арттырады. Осы жерде студенттердің әлеуеті байқалады, әлсіз тұстары көрінеді. Соған сай білім бағдарламаларына ұсыныстар енгізілуі мүмкін, – деді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының доценті, дінтанушы Кеңшілік Тышқан (суретте).

Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»